Балалық ұрлаған көңіл

Скачать

Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңі

Көңіл
Басында жас бала едің сен,
Ойың бұзылмаған, көңіл!
Періштеден таза едің сен,
Қиянат қылмаған, көңіл!
Ата - анаңа махаббатың,
Жоғары ғарыштан затың,
Анық шын бұл маған, көңіл!
Жігіттікке жетелеген
Секунд, минут, саған деген.
Жаралыс бұл солай деген;

Балалық ұрлаған көңіл!
Білем, болам, озамын деп,
Биікке қол сазамын деп,
Ақыр бір күн тозамын деп,
Асығыс зырлаған көңіл!
Атақ, мақтан, құмар, пайда,
Өзімшілдік, құлым, хайла
Жетесің, қу, - деді - әйда ,
Боялып, сырлаған көңіл!
Бұ болды қайта бір туыс,
Тысы толық, іші қуыс.
Әлемді қылды бір уыс,
Тереңге зымдаған көңіл!
Балалық - тазалық өлді,

Жүректің ақ нұры сөнді.
Амалсыз осыған көнді,
Дұрыс деп тыңдаған көңіл!
Түзелмес мін емес бұлар,
Әр әмір өз ісін қылар.
Сырарлық тағы мезгіл бар,
Ауыспай тұрмаған көңіл!
Қырық жылдан жас өткенде,
Қызудың көбі кеткенде,
Есептер кезі жеткенде,
Не болар бұрмаған көңіл!
Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қалам ба мола боп сайда? -
Деген ой тырнаған көңіл!
Жиырма жыл жүректі тесіп,
Бір олай, бір бұлай десіп,
Алынғанша анық шешіп,
Тынымдап тынбаған көңіл!
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көңіл сенді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай шырлаған көңіл!
Бүгін менің ұлыс күнім,
Бағымды ашқан қадір түнім.
Жетіліп түр қызыл гүлім,
Көзім көрді дегендей іс,

Табылды, кет, жоғал кейіс!
Өлімнің шын түбі бейіш –
Анық деп ымдаған көңіл!
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғарыштан өттім,
Осыны шыңдаған көңіл!
Терең ойсыз кей арам тер
Өлімнен соң өмір жоқ дер.
Өкініп, қайғымен өтер,
Мойыны сынбаған көңіл!
Келем десең, өлім, маған,
Досымсың, жау емен саған.
Есікті аш жолды байлаған,
Жөнелсін ұнаған көңіл!


Скачать


zharar.kz