Сынып жетекшілер отырысында оқылған баяндама
Жанұя тәрбиесі
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дейді халық. Өйткені бала жаны өте сезімтал және тез еліктегіш келеді. Балалар көбіне көп уақыттарын үйде, ата – аналарымен бірге өткізеді. Жанұя олар үшін өмірдің ең алғашқы мектебі. Үлкен өмірге құлаш ұрып, ұшып шығатын ұясы іспеттес.
Әдетте балалар ата - аналарының бойындағы қасиеттерді бойына дарыта, соларға еліктейді.
Ата – аналары бірін – бірі сыйлай біле ме, көршілерімен тату ма, қалай киінеді, адамдармен қарым – қатынас кезінде өзін қалай ұстайды, тіпті қалай қуанады, қалай ашуланады, жұмыс орнында беделі қандай? Міне, бала осының бәрін көріп, біліп өседі.
Өкінішке орай, әрбір жанұя осы бір маңызды мәселе – балаларды тәрбиелеу ісіне көп көңіл бөле қоймайды. Балаларға жайлы өмір жасаймыз, олардың бетінен қақпаймыз, балаларым балалық шақтарын қызықты өткізсін деген мақсатпен көпшілік ата - аналар қателікке ұрынады. Осы қателіктің салдарынан опық жейді. Сондықтан осындай ата – аналардың Баланы жастан тәрбиеле деген аталы естеріне ұстағаны дұрыс.
Ата – аналардың осындай қамқорлығына сүйеніп, көптеген балалар түрлі келеңсіз оқиғаларға кезігеді. Ал, ата – аналар ше? Олар болса, өз балаларын қызғыштай қорып, кінәні басқа біреуге аударуға бейім тұрады. Бұл секілді орынсыз қорғаштаудың баланың мінез-құлқына кері әсер ететіні сөзсіз. Кейбір ата - аналар өз балаларына шамадан тыс еркіндік беріп қояды. Олардың бос уақыттарын қалай өткізіп жүргендіктеріне, араласып жүрген достары мен ортасының қандай екендігіне оншалық мән бермейді. Енді бір ата - аналар балаларды қатал ұстау, ұрып - соғу дұрыс деп түсінеді.
Бала тәрбиесі - бесіктен деген ұлағатты сөз бар халқымызда. Бала тәрбиелеуде ең алдымен олардың бойына адамгершілік қасиеттерді дарыта білуіміз қажет. Бұл әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге ата - ана жетекші роль атқарады.
Ата - ананың балаға үлгі боларлық беделі оның өмірінен, қызметінен, мінез-құлқынан көрінуі тиіс. Ата - ананың балаға қоятын талабы біріңғай болып, бірін - бірі құптап, қуаттап отырса жақсы. Тәрбие осыны талап етеді.
Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер - дегендей ата - аналар алдымен өздері үлгілі болып, баланы бетімен жібермей бесіктен белі шықпаған кезінен бастап жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирентіп, жанұяда қазақтың тәрбиелік мәні бар әңгімелерін, мақал – мәтелдерін, әдет – ғұрып, салт – дәстүрлерін бала бойына сіңіре беру керек. Қазіргі психология, педагогика ғылымдары адамның мінез – құлық белгілерінің көбісі жас кезінде жанұядағы үлгі - өнеге нәтижесінде қалыптасатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан баланы тәрбиелегенде өнегелі болу керек. Баланың талабы мен қабілетін ұштап, демеп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат етіп тәрбиелеу – ата - ананың өз ұрпағы алдындағы биік, ізгі борышы.
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Жанкелдин селосы, Ә. Жанкелдин атындағы орта мектеп
Бастауыш мұғалімі Әжібаева Гүлсім Айтжанқызы