Тұманбай Молдағалиев өлеңі
Бәйшешек
Жер жылыды, сен де жылы дегендей,
Күннің ыстық шұғыласына бөленбей,
Қар астынан қылтияды бәйшешек,
Тұрмақшы боп ешбір көзге еленбей.
Өрге қарай өрмелейді шатқалдан,
Өз бойына әсем әуен, тәтті арман.
Сұлу күннің бір тамшысын иемдеп,
Көйлек киіп күлімдейді ақ қардан.
Көз тоқтатып қарар болса бір ксі,
Оның да бар жарасымды күлкісі,
Кеудесінен көктем иісі шығады,
Қардай аппақ болғанымен түр - түсі.
Арман іздеп алабұртқан ашық тән
Ақындарға көрінеді қашықтан.
Ақ көйлекті қызар еске түседі,
Қыстан озып көктеміне асыққан.
Тұманбай Молдағалиев басқа өлеңдері