Казталов ауданы, Жанажол ауылы
Музыка жетекшісі Капезова Гулдана Нурболатовна
Құт береке мейрамы, Наурыз жасасын!
Мақсаты: Наурыз өте көнеден келе жатқан мейрам. Халқымыз аса үлкен дайындықпен қарсы алатын Ұлыстың ұлы күнінің ерекшелігін балаларға айтып түсіндіру. Қазақтың салт - дәстүрін, ұлттық дүниетанымын, ұлттық ойынын, ұлттық киімін насихаттап көрсету. Балаларды асыл қазынасын бағалап, ұлттық салт - дәстүрлерін сақтауға үйрету. Сондай - ақ Ұлыстың ұлы күнін зор мақтанышпен тойлау.
Балалар көңілді әуенмен залға кіріп отырады.
Жүргізуші: Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр гүл көктем.
Жарығымен, шуағымен Күн - Ана
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Құрметті ата - аналар, қонақтар сіздерді келіп жеткен 22 наурыз Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймыз. Көктем тойы сіздерге жақсылығымен шуағын әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – дей келе құттықтау сөз кезегін бөбекжай меңгерушісі Балия Темірханқызына береміз.
Назерке: Наурыз тойы жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр нұр көктем,
Құтты болсын ұлыс күні жұмылдырған
Бәрімізде ынтымақ пен бірлікке
Гүлназ: Наурыз көктем тойымыз,
Өсер біздің бойымыз.
Күн ұзарар жылынып
Қош келдің бізге наурыз.
Жанеля: Өзгерсе де мынау заман құбылып,
Ата салтын өсейік біз ұғынып
Қазағымның салт - дәстүрін білейік
Қазақ болу неткен ғажап ұлылық.
Жүргізуші: 22 наурыз күн мен түн теңеледі. Жер шуаққа кенеледі. Балалар айтыңдаршы, наурыз мейрамында кім бізде ел аралап жүреді.
Балалар: Қыдыр ата
Жүргізуші: Қыдыр ата не әкеледі?
Балалар: Бақ дәулет, береке, мереке, молшылық, бақыт, қуаныш..................
Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар. Ендеше Қыдыр атаны қарсы алайық.
Әуенмен Қыдыр ата кіреді.
Қыдыр ата: Арайы бар даланың,
Армысың ба жаңа күн
Сәлем халқым тірегім
Сендермен бір жүрегім
Орындалды ойларың
Құтты болсын тойларың!
Жүргізуші: Қыдыр ата қош келдіңіз, төрімізге шығыңыз.
Қыдыр ата төрдегі дастарханға жайғасады.
Жүргізуші: Көктем келді, барлығы жасарады,
Көктем тойын жатыр ел жасағалы.
Көктем келді, жер жүзі құлпырады.
Күлімсіреп алыстан күн тұрады.
Қош келдің, нұр көктемім ардақты.
Халқым саған бар үмітін арнапты
Жылда осылай келе берсін жаңартып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
Әуен ойналып Көктем гүлдерімен шығады.
Көктем: Сәлем ата - аналар,
Айналайын балалар.
Мына әсем заманда
Шуақ шашып келдім мен
Бақыт тілеп адамға.
Қудым жерден суықты,
Қырдан салқын бу ықты,
Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді жыл басы.
Шуақ төкті жарық күн,
Мейрамында халықтың,
Жерден бүршік гүл атты!
Құрметті балалар мен сіздерге өзіммен бірге көкткм гүлдерін алып келдім.
Жүргізуші: Ару көктем қош келдіңіз. Ендеше біздің бөбектерімізге Көктем
гүлдеріңізбен би билеп беруіңізді сұраймыз.
Би: Гүлдер
Жүргізуші: Қош келдің Көктем елімізге, жерімізге, төрімізге. Сенімен бізге наурыз тойы да келіп жетті, ауылдарды аралап көктем шуағын таратайық, қыр даланы гүлге толтырайық.
Ару көктем біздің Достық ауылына қош келдіңіздер. Бүгінгі Наурыз тойымен бірге ауылымызда үлкен той Шілдехана тойы болып жатыр. Қәне, бірге тамашалайық.
Достық ауылы Шілдехана рәсімін көрсетеді.
Ән: Наурыз - біздің Жаңа жыл
Ойын:
Жүргізуші: Көктемжан біздің Бірлік ауылына да ат басын бұрыңыздар, біздің ауылдада ұлан асыр той болып жатыр. Жұмагелді атамызбен Гүлбаршын әжеміздің немересін бесікке салу тойын тойлап жатыр.
Бірлік ауылы Бесікке салу рәсімін көрсетеді.
Би: Қазақ биі
Ән: Наурыз келді
Ойын:
Жүргізуші: Көрікті көктем біздің осы жақын маңда Ынтымақ ауылы бар. Бұл
ауылда Жұмагүл әжеміздің тұсау кесер тойы болып жатыр. Тойға қош келдіңіз.
Ынтымақ ауылы Тұсау кесер рәсімін көрсетеді.
Ойын:
Жүргізуші: Екі ішектің бірін тарт та,
Бірін сәл - пәл кем бұра.
Нағыз қазақ, қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра – деп Қадыр ақын айтқандай, қазақты домбырасыз елестетуге болмайды. Ендеше Ертегі ортаңғы тобының Домбыра сазы әнін тамашалаңыздар.
Ән: Домбыра сазы
Жүргізуші: Батаменен ел көгерер,
Жаңбырменен жер көгерер демекші Қыдыр атамыздан Ұлыстың ұлы күніне жиналған қонақтарымызға бата сұраймыз.
Қыдыр ата: Армысың жамағат,
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын
Ұлыс береке берсін
Бәле - жала жерге енсін
Ұлы халқым тең болсын.
Қайғы - уайым жоқ болсын
Қуанышың көп болсын!
Әумин!!!
Жүргізуші: Рахмет Қыдыр баба айтқаныңыз келсін.
Кел, Наурызым құлпыртып елді мына,
Аналардың қона ғой жаулығына
Ырыс әкел, құт әкел, байлық әкел,
Тұғыр болған әлемнің саулығына.
Құрметті ата - аналар бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Келер Наурызға төрт көз түгел, уайым - қайғысыз тоқшылықпен жетейік ағайын.