Еліміздің айқын мақсатының бірі - бәсекеге қабілетті жас ұрпақты жан - жақты жетілген парасатты азамат етіп тәрбиелеу

Скачать

"Драма" сабағының баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы маңызы

Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінің жаңаруына жан - жақты жетілген, ұлттық сана - сезімі, ұлттық психологиялық нышандары қалыптасқан, рухани байлығы дамыған ертеңгі еліміздің болашағы, бүгінгі бүлдіршіндерімізді тәрбиелеу — мектепке дейінгі мекемелердің басты міндеті болып табылады. Еліміздің айқын мақсатының бірі - бәсекеге қабілетті жас ұрпақты жан - жақты жетілген парасатты азамат етіп тәрбиелеу. Ел боламын десең, бесігіңді түзе - деп ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай, тәрбие тал бесіктен басталуы тиіс. Тек отбасында ғана емес, балабақшада тіл үйреніп, халқымыздың салт - дәстүрін бойына сіңіріп, құнарлы бай әдебиетімізден нәр алып өскен баланың болашағы қашан да жарық болары сөзсіз.

Атақты педагог Ы. Алтынсарин Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады - деп атап айтқандай қай бала болмасын кішкентайынан анасының өзіне айтқан бесік жырынан бастап, өсе келе ертегіні тыңдап өсетінін өмір тәжірибесінен білеміз. Бала тәрбиесінің алтын кілті халық педагогикасында деуге толық негіз бар. Өйткені халқымыздың тәлім - тәрбиелік мұрасы адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандықты дәріптейді. Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген, ешқандай жоғары білімсіз - ақ дана халқымыз тәрбиенің бастауын ертегілерді айтып берумен бастағанын білеміз. Ертегілер, санамақтар, әңгімелер бүлдіршіндердің тіл байлығын дамытудың негізгі құралы болып табылады.

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі заман талабына сай үздіксіз дамып келеді. Сондықтанда мектепке дейінгі білім мекемелерінде Жаңартылған Стандарт бойынша Коммуникация саласына драма сабағы енгізілді. Драма сабағы арқылы балалардың көркем шығармаларға деген қызығушылықтарын арттыруға және шығарма желісін сахналау арқылы балалардың белсенділігін дамытуға болатынын көрсетті. Мектеп жасына дейінгі балалар ертегіні түсініп қана қоймай, оны рөлдерге бөлініп, ертегі қойылымдарын сахналауды үйреніп келеді. Балалар образға кіріп, оны сомдау кезінде өздерін сахнада тұрған кішкентай әртіс ретінде сезініп, бала көңілі шаттыққа толатынын байқап жүрмін. Драма сабағы әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлайды, әр баланың көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады. Қазақ өнер жұлдыздарының бірі театр майталманы Ш. Айманов Театр - адамдарды туыстық қарым - қатынасқа тәрбиелейтін орта, сахна өнері - тіл жетпес құдіретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес деп айтқандай балалар кішкентай кезінен сахнаны көріп, өздері түрлі ертегі кейіпкерлерін ойнау арқылы сахнаны танып біліп қана қоймай, образға кіріп ойнау арқылы сахна құдіретін сезінетінін бақыладым. Осы драма сабақтары арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың тілі дамып, сөздік қорлары толығады, байланыстырып сөйлеуге дағдыланады, дұрыс дыбыстау, мәнерлеп сөйлеу дағдылары қалыптасады, театр өнеріне деген қызығушылықтары артатынын күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінен байқаймыз.


Скачать


zharar.kz