Қазақ тарихындағы әйелдер
Қарашаш ана
Қарашаш ананың шын аты – Айша бибі. Ол шейх Мұсаның қызы, Қожа Ахмет Иассауидің анасы болған. Айша бибі өзінің қарапайымдылығымен, сыпайылығымен ерекше адам болған. Қарашаш ана Түрік халықтары арасында зор құрметке ие болған. Оны аналық қасиеттің белгісі ретінде құрмет тұтады.
ХІ ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты және көрегенді әйелдерінің бірі болды. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарына қол ұшын беруге тырысатын. Аңыздар бойынша Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдылыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік арманына айналды. Айша бибіге ХІІІ ғасырда арналып салынған кесене Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында орналасқан. Бұдан басқа Қараша ана – Айша хатун туралы деректер кездеспейді.
Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихы ескерткіші. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Иассауи шешесінің мазарында құрылған. Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылысының бұндай типі кейінгі ортағасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынды. Ол 27х 27х5 см мөлшерлі төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сондай-ақ құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылды. Кесене сапалы материалдардан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылды. Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің өлшемі 6,3 х 6,3 метр. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезді жапырақты ақ қаңылтырмен қаптады. Оңтүстік және оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктері бар.
Кесененің орталық бөлігінде мрамор тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.