Құстардың күзгі тіршілігі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушылар табиғат көркі құстар туралы, олардың түрлері мен күзгі тіршілігі жайлы, құстардың пайдасы туралы оқып біледі.
Дамытушылық: ойлау қабілетін дамыту, дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, өз пікірін дәлелдей алуға қалыптастыру.
Тәрбиелік: табиғатты бақылау, құстарды қорғау, оларға қамқорлық жасауға баулу.
Типі: жаңа білімді игерту
Түрі: кіріктірілген ойын сабақ
Әдісі: ой шабуылы, топпен жұмыс, Ұшты ұшты, жұлдызыңды жақ, артығын тап, балапандарға көмектес ойыны.
Пәнаралық байланыс: әліппе, бейнелеу
Сабақтың барысы:
I Ұйымдастыру
Сәлеметсіңдер ме балалар?
Көңіл күйлерін қалай?
ІІ Қызығушылықты ояту
- Оқушылар көзімізді жұмайық та, құлағымызбен тыңдайық.
Көз алдарыңа нелер елестеді?
Қандай көңіл - күйде отырсыңдар?
Олай болса көзімізді ашайық та ойларыңды әңгімелеп беріңдер.
III. Мағынаны тану.
Балалар, біз бүгінгі сабағымызда құстардың күзгі тіршілігімен танысамыз.
Қазақстанда құстардың 480 түрі бар. Құстар ауада еркін ұша алады. Олардың кеудесіндегі бұлшық еттері өте күшті болады. Ал сүйектері жіңішке әрі жеңіл. Бір қызығы құстардың қаны ыстық болады. Жұмбақ шешу арқылы құстардың кейбір түрлерімен танысамыз
Жұлдызыңды жақ ойынын ойнайық. Тапсырмасы жұмбақтар шешу. Кім жұмбақты шешсе, сол оқушы өзінің жұлдызын көтереді.
1. Құйқылжытып дала күйін,
Үй ішіне салады үйін. Жауабы: қарлығаш.
Қарлығаш - ол кеш келіп, ерте қайтып кетеді. Себебі, ол шыбын - шіркеймен қоректенеді. Оларды ұшып келе жатып қағып жейді. Ал шыбын - шіркей қар ерісімен шыға қоймайды. Адамға үйірсек, сүйкімді. Өзге құстарға ұқсамайтын құлаққа жағымды үні бар. Ол бір жазда 1 миллион құрт жейді екен
2. Өзге ұяға із тастап,
Өз атын өзі айтады.
Жауабы: көкек.
Көкек — өз атын өзі шақыратын, өте тамақсау құс. Өзі балапан басып шығармай, жұмыртқасын басқа бір құстың ұясына туып кетеді. Одан шыққан өгей балапан қалғандарын ұядан итеріп құлатып жібереді.
3. Сұлулықтың не екенін,
Оларға қарап анықтар.
Өзге құс оған жетпейді
Құс патшасы саналар, Жауабы: аққу
Аққу – мойны ұзын, қардан аппақ құс. Ол 30 - 40 жыл жасайды. Аққу 3 - 4 жасқа дейін сұр боп өседі, кейін түлеп нағыз аққуға айналады. Ол 3 - 4 жұмыртқа басады, 38 - 40 күнде өргізеді. Олар өте тату. Адамдар аққуды ешқашан атпаған. Бір ерекшелігі жұптарын өлгенше жазбайды. Мемлекеттік қорғауға алынған.
4. Биікке салған ағаш үй,
Сол ғой оның мекені.
Жаздай сайран салып ап,
Қыста алыс кетеді. Жауабы: қараторғай
Қараторғай — өте кішкентай, өте пайдалы құс. Орман қорғаушысы. Наурызбен бірге қараторғай келеді. Олар келісімен күн ашылып, жылынады. Жаз бойы 4 миллион құрт жейді.
5. Құс көрдім тырна сияқты,
Сидиған ұзын сирақты.
Шалшықтан бақа ұстауға,
Қимылы ерен ширақты. Жауабы: ләйлек
Ләйлек – ақ ләйлектің адамға қашаннан бері бауыр басқанын ешкім анық айта алмайды. Адамдар олардың келуін өздеріне жақсылық әкеледі деп есептейтін болған.
Алайда адамдарға жақын үйдің шатырына ұя салатын бұл құс қазіргі уақытта өте сиреп кеткен. Олар мемлекеттік қорғауға алынған.
Ал осы аталған құстардан басқа құстардың ішінде ең кішкентай құстарды білесіңдер ме? Әлемдегі ең кішкентай құс калибри деп аталады. Оның дене тұрқы бес сантиметр ғана, салмағы бір жарым грамм ғана екен.
Жұмбақтар шешуін тапқан сайын сол құстардың суреттерін ілінеді. Сол құстар жайлы мағлұмат беріп отырамын.
Күзде құстардың жемісі азаяды. Көптеген құстар жылы жаққа ұшып
кетеді. Ұшар алдында олар топталып, азық іздеп қоректеніп, күш жинайды. Оларды үркітіп, егістіктен қуалама. Олар ұзақ жолға шыдау үшін күш жинап жүр.
Жыл құстары – күн суыта бастағанда жылы жаққа ұшып кететін құстар.
Олардың жылы жаққа кетуінің себебі – жемінің азаюы. Күн салқындап, құрт - құмырсқа тығылып қалады. Сол кезде құстар топтала ұшып, лек - легімен жылы жаққа кете бастайды. Ал көктемде қайта келу себебі, ол жақ ыстық болғандықтан жұмыртқалары шіріп, ұрпақ өрбіте алмайды.
Қыстап қалатын құстар олар жылы жаққа ұшпайды. Ол құстар мыналар: торғайлар, ала қарғалар, шымшықтар, суық торғайлар, саңырау құрлар т. б.
Сергіту сәті.
Құстарға біз ұқсайық,
Қане, қанат жазайық.
Ұшып - ұшып алайық.
Орнымызға қонайық.
Балалар, сендер құстар туралы қандай өлеңдер, тақпақтар білесіңдер? Қай топтың оқушылары дайын екен?
Қарлығаш:
Жауатынын жаңбырдың,
Төмен ұшсаң білемін.
Суарса бұл ой қырды
Ойнап, күліп жүремін.
Торғай:
Алақаным сияқты,
Жылы ұясын қимапты.
Жылы жаққа ұшпайды,
Басқа құстар сияқты.
Бүркіт:
Биік шыңда тұрады,
Қалықтайды төбеңде.
Көз тастайды қырағы,
Қонбайды ол төменге.
Сауысқан:
Мен жайлы көп қилы ұғым,
Милау емес, милымын.
Қара ала қауырсын,
Сәл ұзындау құйрығым.
Аққу:
Қазақ елі аққуларды атпайды,
Көлді қорып, ұяларын сақтайды.
Балалар да сұлулыққа мәз болып,
Одан артық жазда қызық таппайды.
Ұшты - ұшты ойынын ұйымдастыру.
Ұшты - ұшты қарға ұшты,
Ұшты - ұшты балға ұшты.
Ұшты - ұшты көкек ұшты,
Ұшты - ұшты өтек ұшты.
Ұшты - ұшты тырна ұшты,
Ұшты - ұшты тырма ұшты.
Ұшты - ұшты жапалақ ұшты,
Ұшты - ұшты шапалақ ұшты
Дәптермен жұмыс жүргізу үшін Артығын тап ойынын ұйымдастыру.
Әртүрлі суреттер арқылы берілген тапсырма.
Екінші топтан құстар туралы білетін мақал мәтелдері мен жұмбақтарын сұрау
ІV. Бекіту Балапандарға көмектес ойыны
Қасиетті құс
Туымызда бейнеленген құс?
Өз атын өзі шақыратын құс
Үйге ұя салатын құс
V. Ой толғаныс
Жаңа сабақты пысықтау:
Бүгінгі сабақта не үйрендік?
Не білдік?
Қандай жыл құстарын білеміз?
Құстар немен қоректенеді?
Біздің ауылда осы құстар кездеседі ме?
Күзде құстар неге жылы жаққа ұшып кетеді деп ойлайсыңдар?
Көктемде жыл құстары қайтып оралады? Себебін айт.
Құстар табиғатқа қандай пайда келтіреді?
VI. Үйге тапсырма:
Өздеріңе ұнаған құстың суретін салып келу
VII. Бағалау
Оқушыларды екі топқа бөлгендіктен, смайликтер тарата отырып бағалау.