Жол туралы мақал - мәтелдер
Жолға шыққан жолдан табылар
***
Айналыс та болса жол жақсы,
Ақсақ та болса қыз жақсы.
***
Алыс жол атты сынайды,
Ауыр жол ерді сынайды.
***
Алыс жолға шығар болсаң, алдымен жолдасыңды сайла.
Жаудың алдын алар болсаң, алдымен қолбасыңды сайла.
***
Алыс жүрсең де жолмен жүр.
***
Алыс сапар алғашқы кадамнан басталады.
***
Арқан бойы соқпақтың тұсау бойы төтелігі бар.
***
Атар таңға жүрсең де батар күнге жүрме.
***
Ауыздың қайда екенін қол біледі,
Ауылдың қайда екенін жол біледі.
***
Ауыр жол атанды сынайды,
Ауыр іс адамды сынайды.
***
Ащы мен тұщыны татқан білер,
Алыс пенен жақынды жортқан білер.
***
Барар жер ұзақ болса,
Қайтар жол қысқа болар.
***
Беткейден өтсең бел қалар.
***
Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс.
Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын.
***
Екі елді жол қосады,
Екі адамды қол қосады.
***
Етік жолға бастайды,
Шалбар түзге бастайды.
***
Жақсы жолдың ұзыны жақсы,
Жаман жолдың қысқасы жақсы.
***
Жақсы жол елге жора.
***
Жақсы жол ұзақ та болса жақын,
Жаман жол жақын да болса алыс.
***
Жаман шопан қойдан көреді,
Жаман шофер жолдан көреді.
***
Желді қуған жоғалар,
Жолды қуған оңалар.
***
Жол азабы — көр азабы.
***
Жол анасы — із,
Ер анасы — түз.
***
Жолаушыға жолдан жолдас қосылар.
***
Жолаушыны жол асырайды,
Өнерпазды қол асырайды.
***
Жолаушыны жол сынайды.
***
Жолаушының азығы жолында.
***
Жолаушының ақысы жүрсе бітеді.
***
Жол болмайды асусыз,
Той болмайды шашусыз.
***
Жол білмеген адастырады,
Жөн білмеген шатастырады.
***
Жолға жомарт қонар немесе нәмарт қонар.
***
Жолға шыққан жолаушы жол амалын сұрайды.
Артта қалған ауылда ел аманын сұрайды.
***
Жолға шыққан жолдан табылар.
***
Жолға шықпақ болсаң:
жолдасыңды сайла,
бөктергі мен ат дорбаңды байла.
***
Жолға шықпас бұрын жолдасыңды сайла,
Үй салмас бұрын көршіңді сайла.
***
Жолға шықсаң жол азығың мол болсын.
***
Жолға шықсаң жолдасыңның жүгі болма, жұбы бол.
***
"Жолдағы құйрықтан қолдағы өкпем артық"
(Шәкәрім).
***
Жолда жатқан жантақты алып таста, жолаушыға кірмесін сенен басқа.
***
Жолдан адасу айып емес, жол жүрмеу айып.
***
Жолдасты жол айырады.
***
Жолдасты жол танытады.
***
Жолдастының жолы кең.
***
Жол жаман болса:
ат та сүрінеді, атаң да сүрінеді.
***
Жол жарасты көрінер ылдиымен, өрімен,
Қол жарасты көрінер қолбасшы, батыр ерімен.
***
Жол жолға жалғасады,
Ел елге жалғасады.
***
Жол жүрген жұртты жайға жеткізеді.
***
Жол жүрген май ішер,
Үйде қалған қан ішер.
***
Жол қадірін жүрген біледі.
***
Жол қуған қазынаға жолығады,
Сөз қуған пәлеге жолығады.
***
Жол мақсаты — жету,
Қыз мақсаты — кету.
***
Жолмен жүрсең жортып жүр, жортып жүрсең жол өнер.
***
Жол сұрамай жолға түспе.
***
Жолшыбай буынған белбеу жолда шешіліп қалады.
***
Жолы жаман жерге соқпақ түсер.
***
Жолыңа жуа бітсін,
Сөзіңе дуа бітсін.
***
Жолың алыс болса атыңды қинама.
***
Жөн сұраған кісі адаспайды,
Жол сұраған кісі жаңылыспайды.
***
Жүрместен бұрын жолыңды байқа,
Киместен бұрын тоныңды байқа.
***
Көп жүрген жер таниды,
Көп қыдырған ел таниды.
***
Көпті көрген біледі,
Алысты жүрген біледі.
***
Қисық болса да жол жақсы,
Долы болса да қыз жақсы.
***
Мезгілінде жүрмесең, мерзімді жерге жетпессің (Қайып ақын).
***
Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жерде — соқпақ,
***
Мың адам жүрген жерде — жол.
***
Өрісті жол елге жеткізер,
Өзен, су көлге жеткізер,
Соқпақ жолға жеткізер,
Жол молға жеткізер.
***
Тоңған тонын мақтайды,
Адасқан жолын мақтайды.
***
Ұлы жол үй табалдырығынан басталады.
***
Шөлде жүрген шөл таныр,
Жолда жүрген жол таныр.
***
Шөлмен жүрсең жолмен жүр:
жол бұлақты көлге апарады, көл қонысты елге апарады.