Байқау бөлімдері

Скачать

Жырлайды жан жүрегім жақсылықты жас жазба ақындар байқауы

Мақсаты:
- Әдебиетті дамытуға ерекше үлес деп танылған әдеби жанрдың өркен жайып, дамуына ықпал ету;
- Ана тілінде еркін таза, әдеби тілде көркем сөйлеп, жылдам ойын қорытып көркем тілде жауап беруге дағдыландыру;
- Жас ақындарды анықтау, қолдау көрсету, ынталандыру;
- Жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар рухы мен ұлтжандылыққа тәрбиелеу;
- Жас таланттардың шығармашылығын кеңейту, шеберліктерін шыңдау, шығармаларын оқушылар арасында насихаттау.

Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар!
Бүгінгі жастар – халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, шығармашылығына шабыт беретін Жырлайды жан жүрегім жақсылықты байқауына қош келдіңіздер. Бүгінгі байқауға қатысушылар:
.....
Байқау бөлімдері:
1. Таныстыру . Қатысушы өлеңмен өзін таныстырады.
2. Жаныма жақын жырларым . Оқушы өз жырын мәнерлеп жатқа оқиды.
3. Таза ой мен көркем тіл . Бір заттың зияны мен пайдасы туралы көркем тілде салиқалы ой айтады.
4. Өрілген ұйқас, мәнді сөз . Берілген тіркеске сай 4 тармақты өлең құрастырады.
Ортамызда - жас жазба ақындар атты байқауымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі жас ақындарымызға төрелік етуші алқа мүшелерімен таныс болыңыздар:
-----------------------------------------
І жүргізуші:
Ассалаумағалейкум, барша халық,
Қартқа құрмет, сыйлайтын жасқа шабыт.
Салты солай халқымның әуел бастан,
Бауырларша келіңдер, бас қосалық.

ІІ жүргізуші:
Сәлемдесу - игі дәстүр киелі,
Сөзбен қарап, кейде шешер шиені.
Жақсы сөзге жан семірер қашанда,
Жолданады сайыскерлер сәлемі.
Қатысушылар рет - ретімен өздерін таныстырып өтеді.

ІІ жүргізуші:
Жазба ақындар жиналды, міне көрдің,
Бәрінің ойға алғаны жарқын сенім.
Жаныма жақын жырларым бөлімінде
Ал, көпшілік!
Қабылдаңыз жас ақын өлеңдерін.
Сайыскерлер өзінің жазған жырын мәнерлеп жатқа оқиды.

І жүргізуші:
Таза мінсіз асыл тас -
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз -
Ой түбінде жатады, – дегендей Ой мен тіл айқындылығы бөлімінде сіздер берілген парақта жазылған заттың зияны мен пайдасы туралы көркем тілде салиқалы ой айтуларыңыз керек.

ІІ жүргізуші сөз жазылған кеспе қағаздар таратады.
Берілген сөздер: тіл, компьютер, автомобиль, гүл, көп оқу, телефон, теледидар.

ІІ жүргізуші:
Өлең - сөздің патшасы, сөз – сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы -
Дегендей қазағымның бас ақыны,
Өрілген ұйқас, мәнді сөз бөлімі -
Айқындап берер сізге хас ақынды.
Бұл бөлімде жас ақындардың берілген тіркеске сай осы жерде 4 тармақты өлең құрастырғанына куә боласыздар.
Қатысушылар бір кеспе қағаздан алып, 4 жолды өлең құрайды.

І жүргізуші:
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да
Оған да үкі тұмар тағылса да.
Жас ақын өнерінің барын салды,
Кей жерде қара сөзден жаңылса да – дегендей, сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
І, ІІ жүргізуші:
Білімділік пен ізгілікті бойымызға дарыта берейік!


Скачать


zharar.kz