Анаша тапшы

Скачать

Мақсаты: Қазақстан - 2030 бағдарламасында көрсетілгендей өркениет елдің әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал - ахуалы жақсы болу үшін зиянды әдет ішімдік, нашақорлық, шылым шегушіліктен сақтандыру, олардың денсаулыққа, болашақ ұрпаққа жау екендігін түсіндіру.
Тәрбиелік мәні: зиянды заттардан аулақ болуға, денсаулықты сақтауға тәрбиелеу.

Қатысушылар:
1 - жүргізуші – Қайрат Оралған – 5 бөлімше
2 - жүргізуші – Күлияш Жанаргуль – 5 бөлімше
Есірткінің құрбанына айналған бала – Серікбаев Азамат
Баланың анасы – Қасымова Б. Т.
Есірткі сатушы – Қайіркенов Нүртөре

Сахнада 1 және 2 жүргізуші.
1 - жүргізуші: Біздің ата - бабаларымыз кең далада еркін өсті. Олар ойын да, бойын да таза ұстады. Ақыл - ойды улап, адамды есінен тандырып, мас қылатын арақ - шарап дегеннен аулақ болды. Ата бабаларымыздың ең сүйікті сусыны - дертке дауа, жанға шипа қымыз еді.

2 - жүргізуші: Кешегі кеңес заманында қазақтың дастарханына арақ келді. Талай азамат арақтың соңына
түсіп қор болды.
1 - жүргізуші: Арақтың кесірінен талай шаңырақ ортасына түсті. Қазақтың қуаныш тойы да, қонағы да арақсыз атқарылмайтын болды. Арақты үлкен де кіші де ішті. Еркек те, әйел де ішті. Әкесі мен баласы, шешесі мен қызы бірге отырып арақ ішуі ұятқа саналмайтын болды
2 - жүргізуші: Талай отбасына қайғы қасірет әкелген, талай жанды адамдық жолынан тайдырған әзәзіл арақтың ешкімге опа бермесін, халыққа жанашыр зиялы азаматтар айтудай - ақ айтты. Атаңнан қалған ас емес, арақтан аулақ болайық, ағайын! - деді олар.

1 - жүргізуші: Халқымыз арақтың қасіретінен арыла алмай жүрген шақта, Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. - деп, есірткі анаша деген бәле шықты

2 - жүргізуші: Есірткі, анаша - ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол – оңай алдырар жау емес екен. Есірткі бір басын кессең, екінші басы шыға келетін жеті басты жалмауыз сияқты.

1 - жүргізуші: Есірткі бар жерде, есірткіні таратушылар да бар. Олар кісінің көз жасынан, қайғы қасіретінен, алтын ақша сауып отырған қаныпезерлер.

2 - жүргізуші: Сол қаныпезердің ең алдымен айналдыратыны өсіп келе жатқан көк өрім жастар.

1 - жүргізуші: Көкнар деген шөп болады. Есірткінің біразын осы шөптен жасайды. Көкнардың көз жасын ішкен адам өмір бойы жылап өтеді - деген сөз бар халықта.

2 - жүргізуші: Иә, есірткіге бір берілген адам өмір бойы жылап өтеді. Тек өзі ғана емес, ата - анасын, бауырларын, жанашыр жақындарын бәрін де қоса жылатады.

1 - жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Қазақстан - 2030 бағдарламасында көрсетілгендей өркениет елдің әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал - ахуалы жақсы болу үшін зиянды әдет ішімдік, нашақорлық, шылым шегушіліктен сақтандыру, олардың денсаулыққа, болашақ ұрпаққа жау екендігін түсіндіру, зиянды заттардан аулақ болуға, тәрбиелеу мына ЖАСТАР Сіздер мен Біздердің қолымызда

2 - жүргізуші: Бүгін сіздердің алдарыңызда 1 - ші желтоқсан бүкіләлемдік СПИД - ке қарсы күрес күні, Сіздер мен Біздерге ой салар деген үмітпен, Ажалмен – ойнама, Айналайын атты театрландырылған қойылымымызды ұсынамыз. Қабыл алыңыздар!

Жүргізушілер сахнаның екі жағынан барып тұрады. Қайғылы, ауыр музыка ойнайды. Сахнаға ана мен бала шығады. Бала - нашақор. Қолында шприц. Азған. Жүдеген. Қиналған. Нашақорлық ауруынан жанын қоярға жер таба алмай тұр.

Бала: Апа, кешір мені. Кешір. Мен осындай күйге ұшырадым. Білесіз бе, мен нашақормын. Мен үшін бұл дүниенің қызығы жоқ! Атып келе жатқан таңға қарап қуана алмаймын, адамша сөйлеп адамша күле алмаймын апа - а!
...... Мен үшін өмірдің.. бар қызығы... анаша.... анаша, анаша - а - а - а!
Анаша тауып берші, апа! Анаша тапшы. Жанымды қоярға жер таба алмай өліп барам, өліп барам апа! Анаша, анаша... Мені аясаң, мен балам десең, анаша тауып берші, апа.... жылайды

Анасы: Құлыным - ай, құлыным... Қалай тап болдың бұл пәлеге. Анаша дегенің көрініп келген ажал еді ғой. Соны білі тұра ажалмен ойнағаның не болғаның. Өміріңнің бар қызығынан, қуанышынан айырып, сені қасіретін қара құрдымына батырған қаныпезер кім? Сені осыншама сорлатқан қай тасжүрек?

Осы кезде шатыр-шұтыр, құлақ тұндырар музыка естіледі. Сахнаға есірткі таратушы шығады. Үстінде қара киім. Бетінде адамның бас сүйегінің маскасы

Есірткі таратушы: Ол қаныпезер кім еді? - деймісің. Ол мен... мен. Мына менмін. Не істейсің маған байғұс.

Ана: Сен бе едің? Сен бе едің жүзіқара? Құлынымды адамдық жолдан тайдыратындай не істеп еді ол саған? Не жазығы бар еді?

Есірткі таратушы: Рас, балаңның маған еш жазығы жоқ. Сенің балаңда ұзында - өшім, қысқада кегім жоқ. Бірақ... Қазір дүниені ақша билеген заман... Оны өзің де жақсы білесің Ақша, ақша, ақша!... Егер сенің балаң сияқтылар болмаса, сол ақшаны мен қайдан алам. Кім береді маған оны.

Ана: Ақша, ақша дейсің. Ақшаңдап қалғыр... Қай заманда адамнан ақша қымбат болып еді. Ақшаның жолында құрбандыққа шалынардай не күнәсі бар еді құлынымның.

Есірткі таратушы: Күнәсі не деймісің? Күнәсі - әлсіздігі. Балаң ЖОҚ деген сөзді айта алмайды екен. Жоқ деген сөзді айтуды үйретпепсің балаңа. Маған да керегі сондай адамдар. Мен сенің балаңды дискотекада қармағыма ілдім. Қасында үріп ауызға салғандай әп - әдемі қыз бар екен. Мен оған экстази ұсындым. Ақша сұрағам жоқ, тегін бердім. Әуелі ол алғыс келмей, қашқақтап еді. Мен: Е, е сені жігіт пе десем, аузынан ана сүті кеппеген сарыауыз балапан екенсің ғой , деп едім, ол менің қолымды қайтара алмады. Жоқ, керек емес деп те айта алмады. Жоқ деген сөзді үзілді - кесілді айта алмауы, сенің балаңның түбіне жетті.

Ана: Экстази бердім деймісің... Ол немені тағыда.

Есірткі таратушы: Экстази деген есірткінің осындай жас балаларға арналған түрі. Оны қабылдаған бала шаршағанын, қарынының ашқанын, шөлдегенін білмейді. Таңды таңға ұрып, билей береді, билей, береді.

Осы кезде тағы да жалт - жұлт еткен түрлі - түсті сәулелер жалтылында батыс музыкасы естіледі.

Ана: Құлынымның мойнына алдымен тұзақты осылай салдым десеңші... Оңбаған!

Есірткі таратушы: Иә балаңның мойнына алғашқы тұзақ осылай салынды. Кейін сол тұзақтың ұшын тарата бердім, тарата бердім. Балаң осылайша менің құлақкесті құлыма айналды. Құлға айналғаны емей немене, есірткіге үйренгені соншалық, айналшақтап қасымнан шықпайтын болды. Мен енді одан ақша сұрадым. Ол есірткіден ақша аямайтын. Бірте – бірте есірткінің ең күштілеріне ауыз салды. Тамырына ине салып қана тыныштанатын болды. Ал, ол үшін көп ақша керек. Ақша! Балаң енді өз үйіне өзі ұры болып түсті. Үйіңдегі қымбат заттардың бәрін сатты. Міне, көрдің бе, балаңның түбіне өзінің көрсеқызарлығы, әуесқойлығы жетті. Жоқ! Болмайды! деген сөзді айта алмайтын табансыздығы жетті түбіне.

Ана: Жоғал! Жоғал! Қарабет! Жоғал, жүзіқара! Сен ажал әкелуші, ұрпаққа өлім себуші нағылетсің. Мен жалғызымды сенің қанды қолыңа бере алмаймын! Жоғал!

Ашынған ана есірткі сатушының жағасынан ала түседі. Ал, баласы болса, анаша тілеп, тұлабойы қалш-қалш етіп, жанын қоярға жер таба алмай дірілдеп тұр.

Есірткі таратушы: Ей, бейшара әйел! Сенікі құр далбаса! Көрдің бе ана балаңның хәлін, өлгелі тұр ғой? Оған қазір керегі ақша. Оған дәл қазір анасынан да анаша қымбат. Сен оған анаша бере алмайсың. Ал мен... берем. Тегін берем.

Бала: Тегін дейсің бе? Тегін бе?
Қалш-қалш етіп дірілдеп, есірткі таратушыға алақан жаяды.
Есірткі таратушы: Анаша керек пе саған?
Бала: Иә, керек... өліп барам, өлі - п. Өлтірмейін десең берші.
Есірткі таратушы: Егер анаша алғың келсе, тас кенедей жабысқан шешеңді әрі алып кет.
Бала жүгіріп келіп, шешесінің жағасына жармасады Сол қалпы жерге құлап түседі Анасы өліп қалған баласының басын құшақтап зар илейді.
Ана: Құлыным - ай! Құлыным! Не жазып едің?
Есірткі таратушы: Айтпадым ба саған. Оған қазір анасынан гөрі анаша қымбат деп.
Анасы қолын көкке жайып зар илейді. Есірткі таратушының мерейі үстем. Сахнаға екі жүргізу жақындайды, ендігі сөзді екі жүргізуші алады.

1 - жүргізуші: Республикамыздың 6 облысында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі мынаны көрсетіп отыр. Арнаулы мамандар 2000 оқушыға анкета сұрақтарына таратқан. Сонда анықталғаны: 2000 оқушының 12 проценті өмірінде бір рет болса да анаша шеккен, ал 7 проценті - тұрақты түрде анаша шегетіндер.

2 - жүргізуші: Арнаулы зерттеу нәтижесі мынаны айқындап отыр. Есірткі шегушілердің 59 проценті Бұл өзі қандай нәрсе екен дәмін көрейінші. деген қызығушылықпен бастаған. Жай әншейін ермек үшін шегіп, анашаның соңына түсіп кеткендердің үлес салмағы 10%.

1 - жүргізуші: Есірткіге әуес таныстарының ықпалымен, анаша дертіне шалдыққандар - 8, 4%.
2 - жүргізуші: Біреулердің азғыруына еріп, есірткіге бой ұрғандар 20, 6%.
1 - жүргізуші: Анаша шекпеймін деген сөзді айтуға ыңғайсызданып, көңілжықпастыққа салынып, айығуы қиын дертке шалдыққандардың үлесі - 10%.
2 - жүргізуші: Ал енді бір 10% ниеті жаман адамдар анаша шегуге зорлап көндірген.

1 - жүргізуші: Тұрмыстағы ауыртпалықтар мен сәтсіздіктерді көтере алмай, есірткі тарту арқылы өмірден жеңілдік іздегендер үлесі 2%.
1 - жүргізуші: Анаша шегушілер бара - бара өздерінің адамдық қасиетінен айрылады. Олар тек қана өзін ойлайды. Оқу, жұмыс жайына қалады.

2 - жүргізуші: Олар өтірік айтады, ұрлық істейді, адам тонайды. Ал кейде анаша алатын ақша табуы үшін кісі өлтіруден де қорықпайды.

1 - жүргізуші: Есірткіні шприц арқылы тамырынан жіберушілер бауыр, ауруына СПИД дертіне шалдығады.
2 - жүргізуші: Анаша шегушілер өзін өзі өлтірушілер
1 - жүргізуші: Нашақорлар арқасында қылмыс күннен күнге көбейіп барады. 2008 жылмен салыстырғанда есірткі шегіп, қылмыс істегендер саны үш есеге өскен.
2 - жүргізуші: Қазақстан біраз уақыттан бері есірткі тасымалдайтын транзиттік коридорға айналған ешкімге жасырын емес.

1 - жүргізуші: БҰҰ мәліметі бойынша Ауғанстан мен Тәжікстанда 4600 тонна апиын сақталып отыр.
2 - жүргізуші: Сол апиын легі біздің республикаға келмесіне кім кепілдік бере алады.
1 - жүргізуші: Олай болса сақ болайық ағайын!
2 - жүргізуші: Егер Ел боламыз десек Ұлт боламыз десек ата - анамызға қуаныш әкелгіміз келсе, болашағымыз нұрлы, еліміздің ертеңі көркем болсын десек.
Екеуі қосылып: Ел болып, халық болып, анашаны ауыздықтайық!
Ғасыр індетіне қарсы тізе қосып күресейік, Бауырлар!


Скачать


zharar.kz