Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы,
Қарауылкелді орта мектебінің
өзін - өзі тану пәні мұғалімі Әріпова Марал
Тақырыбы: Өмірді танып білуге құштарлық
Өзін - өзі тану 3 сынып
Мақсаты: Өмір ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін ашу.
Міндеттері:
- өмірді тану туралы түсініктерін кеңейту;
- өмірді танып білуге қызығушылықтарын арттыру;
- өмірді сүюге, жақсы өмір сүруге тәрбиелеу
Көрнекі құралдар: оқулық, дәптер, үнтаспа, сызба.
Әдіс - тәсілдері: түсіндіру, сұрақ - жауап, әңгімелеу
Ұйымдастырушылық: Оқушыларды сабаққа бағыттап, сабақтың тақырыбымен таныстыру.
5 т
Тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татуылық
Үй тапсырмасы: Адам болғым келеді
Жаңа сабақ:
Тыныштық сәті:
- Балалар, ыңғайланып, еркін отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Бізге күн жарқырап, сәулесін мол төгіп тұр. Ауа тап - таза. Көгілдір аспан. Құстар сайрап даланың сәнін келтіріп тұр. Осылардың бәрі өз жақсылығын барлық адамға, барлық тіршілік иелеріне бірдей көрсетіп тұр. Адамдар да сондай болса екен, шіркін.... Әрбір тірі жан иесі: кіп - кішкентай құмырсқалардан бастап құстар да, аңдар мен жануарлар да, адамдар да өзінің өмірі үшін құлшынып, ұрпағы үшін тіршілік етіп жүр. Бәрі де осы ашық аспан аясында, бейбіт елде өмірге келгеніне қуанышты, болашағына сеніммен қарайды. Осындай жақсы ниетпен бұрынғы қалпымызға келейік.
Әңгімелесу
Мұғалім оқушыларға өмір сүрудің мәнін ұғындыру және сол бойынша оларға да өз пікірлерін айттыру үшін әңгімелесу жүргізеді.
• Өмірді тану не үшін қажет?
• Өз қызығушылықтарың туралы әңгімелеп беріңдер.
Дәптермен жұмыс: алтын балықтан Өзін - өзі танудан не үйренгілерің келетінін сұраған тілектеріңді айтып беріңдер.
Балалардың жауаптары тыңдалып, мұғалім тарапынан түйінделеді:
- Дұрыс айтасыңдар. Адам ұзақ, жақсы, бақытты өмір сүру үшін өмірді сүю керек. Ал өмір өзінен, айналасындағы адамдардан, қоршаған табиғаттан құралады. Сол себепті де адам осы айтылғандардың барлығын сүюі, сыйлауы қажет. Адам өмірге қандай болып келсе, өзін сол табиғи күйінде қабылдауы тиіс, жасандылық адамға жат қасиет. Өмірде көп жетістіктерге жету мен жақсылыққа, сый - құрметке, қуаныш пен бақытқа кенелу адамның өмірді танып білуге, оның үйренуге деген құштарлығына байланысты. Көп біліп, білгенін орынды қолданған адамның жақсы өмір сүруі ақиқат. Өмірге адам болып келген соң өмірдің қуанышын, бақытын, жақсылығын сезіну керек. Өйткені өмірді жақсарту, бақытты өмір сүру өз қолымызда.
Тапсырма
Сабақта оқушыларға Өмірді танып білгім келеді тақырыбына әңгіме құрастыру тапсырылады.
Мәтінмен жұмыс
Мұғалім балалардың өмірге құштарлығын арттыру мақсатында Ата өсиеті әңгімесін кідіріспен айта отырып, сұрақ қою арқылы оқушыларды да әңгімеге қатыстырады.
Түйіндеме
Мұратқа жету жолын білуге арналған түйіндеме ұсынылады.
Дәйексөз
Әңгіме мазмұны бойынша туған ойлар дәйексөздің түсіндірілуімен түйінделеді.
Мұғалім тақтаға жазылған Өзіңді танығың келсе, адамдарға, олардың ісіне қара деген Фридрих Шиллердің сөзіне балалардың назарын аударады, оның мәніне тоқталады, түсіндіріледі.
Балалар дәйексөзді дәптерлеріне жазады.
Оқушыларға өмірдегі адамдар мен айналасының қажеттілігін ұғындыру мақсатында жаттығу - ойлану ұйымдастырылады.
Жаттығу - ойлану
Балалар үш топқа бөлініп, әр топ өз сұрақтары бойынша плакаттағы сұлбалар сызбасына жауаптарын жазып шығады.
1 - топ. Өмірде кімдердің көмегін, қамқорлығын сезіндіңдер? Олардың өмір сүруге қандай көмегі бар?
2 - топ. Өз бойыңнан адамның қандай жақсы қасиеттерін сезіне білдіңдер? Өмірде қандай жағдайда сол қасиеттеріңнің септігі тиді?
3 - топ. Өмірді сүю неге жетелейді? Адамға өмірді танып білу үшін не қажет?
Үйге тапсыма: 1 тапсырма. Дәптермен жұмыс
1 - тапсырма: Менің бақытты болуым үшін тақырыбына қысқаша әңгіме құрастырыңдар.
2 - тапсырма: Бақытты балалық шақ тақырыбына сурет салыңдар.
Қорытындылау
Мұғалім оқулықтағы қоржында берілген түйінді сөздерді пайдаланып, бүгінгі сабақты қорытындылайды.
Мұғалім сабақта айтылған ойларды қорытындылайды, оқушылар бүгінгі сабақтан алған түсініктерін Ә. Дүйсенбиевтің Біз өмірдің гүліміз өлеңі арқылы білдіреді.
- Бүгінгісабақтан оқып білгеніміздей өмірді сүю, оған құштар болу - бақытты, жақсы өмір сүруге көмектеседі. Осы өмір өздері сияқты балалардың қызықты әлемі. Өмірдің гүлі де, қуанышы да сендерсіңдер. Өздеріңді сүйіңдер.
Үнтаспадан Біз өмірдің гүліміз әнін тыңдайды. Бәрі бірге қосылып айтады.
Біз өмірдің гүліміз
Сөзін жазған Ә. Дүйсенбиев
Әнін жазған Б. Ғизатов
Зеңгір көктен, Бал достыққа,
Нұрын төккен, Жолдастыққа,
Ортақ біздің күніміз Шақырады әніміз.
Жайнап өскен, Тыныштықта,
Жайдары өскен Нұр құшақта,
Біз өмірдің гүліміз. Бақыттымыз бәріміз..