Тақырыбы: Тәуелсіз Қазақстан
Мақсаты:
1. 16 желтоқсан тәуелсіздік күні екені туралы түсінік беру.
2. Тәуелсіз, егемен деген сияқты сөздердің мағыналарын ұғындыру арқылы сөздік қорларын толтырып, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3. Балалардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Көрнекілігі: Отан, табиғат, Қазақстан Республикасының картасы, Тәуелсіздік ескерткіштерінің суреттері.
Мерекелік ертеңгілік өтетін залға балалар музыка әуенімен кіреді. Тәуелсіздік мерекесі еліміздің Әнұранымен басталады.
Тәрбиеші: - Қайырлы күн қымбатты қонақтар, балалар. 16 желтоқсан еліміздің ең үлкен, ең басты мерекесі. 1991 жылы қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Міне, биыл тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 22 жыл толды. Осы тәуелсіздік Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатайұлы, Ләззат Асанова сынды қазақтың батыр, қаһарман ұл - қыздарының арқасында келді. Олардың Тәуелсіздік жолындағы ерлігі, қайсарлығы біз үшін өнеге болмақ желтоқсан құрбандарына тағзым етіп 1 минут үнсіздікпен еске алайық.
Тәрбиеші: - Балалар, сендер Тәуелсіздік алдық дегенді қалай түсінесіңдер?
Балалар: - Тәуелсіздік алдық дегеніміз – өзіміздің жеріміз, еліміз, теңдігіміз, туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз теңгеміз бар.
Тәрбиеші: - Дұрыс айтасыңдар, балалар. Бүгінгі Тәуелсіздік мерекесіндегі қуанышымызды білдіретін қандай тақпақ білесіңдер?
Асия:
Мереке бүгін ұлы күн,
Бабалар рухы көксеген.
Азатты елдің ұлымын,
Теңескен төбем көкпенен.
Мереке бүгін бақ күні,
Егеменді елімнің.
Желбірейді көк туы,
Түсіндей боп көгімнің.