Сабақтың тақырыбы: М. Әуезов. Әбілмансұр
Сабақтың мақсаты:
1) білімділік: тақырыптың мәнін ашу, халықтық өткен өмірімен таныстыру, тарихи тұлғалармен таныстыру, оқушыларға Абылай хан туралы түсінік беру және білімдерін толықтыру.
2) дамытушылық: мәтіннің идеялық мазмұнын ашып, оқушылардың салыстыра, байланыстыра сөйлеу қабілеттерін дамыту. Сарамандық жұмысты шығармашылық деңгейде орындауға машықтандыру.
3) тәрбиелік: оқушыларды адалдыққа, адамгершілікке, ұлы адамдардың іс - әрекетін бағалауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Көрнекілігі: ұлы тұлғалардың портреттері, әңгіме желісіне байланысты алынған суреттер, Қазақстан картасы, деңгейлік тапсырмалар
ТСО: теледидар, DVD, эпипроектор
Сабақтың әдісі: сөздік, зерттеу, Инсерт , Галерея стратегиясы, сұрақ - жауап, деңгейлік тапсырма, кубизм
Пәнаралық байланыс: тарих, география
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылар дайындығын қарап шығып, бүгінгі өтілгелі тұрған сабақтың ерекшелігін айтып өту және сабаққа сәттілік тілеу.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
Алдын ала берілген Еңбек түбі - береке тақырыбына жазып келген шығармаларын оқыту.
ІІІ. Өткен сабақты пысықтау.
Кубизм әдісі бойынша куб қырларына жазылған сұрақтарға жауап алу. Сонымен, балалар, Еңбек түбі - береке деп не себепті айтылады екен? Өйткені білім де, өнер де, байлықта, бақытта еңбекпен келеді екен.
IV. Жаңа сабақ.
1. Тақтадағы суреттерге шолу жасау.
2. Суреттегі тұлғалар бойынша оқушылар пікірлерін тыңдау.
- Балалар, бұл ұлы адамдардың өмірімен таныса отырып неге үйренеміз?
- Балалар жауабы. (үлгі, өнеге, тәрбие, т. б.)
- Ал, өнеге деген сөзді сіздер қалай түсінесіздер?
1 - 2 оқушы пікірін тыңдау
- Бүгін біз Өнегелі өмір тарауын бастағалы тұрмыз. Ал, олай болса, Зерделі мен Талапбек бұл жөнінде не дейді екен?
(2 оқушыға оқыту)
- Қазір М. Әуезовтің Әбілмансұр әңгімесімен танысамыз. Дәптерімізді ашып тақырыпты жазайық.
3. Жаңа сабаққа кіріспе.
Автор балаларға бұрыннан таныс, сондықтан автор туралы оқушылардың білетіндерін айтқызу.
Абылай хан туралы бұрыннан да білесіңдер, мен толықтырып өтейін.
Абылайдың әкесі Уәли деген сұлтан, ал атасы Абылай Түркістан қаласының билеушісі болған. Абылай хан жас кезінде өзінің батырлығымен, ержүректілігімен көзге түсіп, халық оны хан көтереді. Абылайдың алдына қойған үш мақсаты болды. Ол:
1) Көшпелі елді отырықшы өмірге үйрету
2) Үш жүздің басын қосып біріктіру
3) Халқына тәуелсіздік алып беру. Ханның жанында үнемі ақылшы, кеңесшілері Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырлар болды.
- Енді оқулыққа қарап, мәтінмен танысамыз. Мұнда Абылайдың балалық шағы туралы айтылады. Мәтінді үш топтың балаларына бөліп іштей оқыту, түсініксіз сөздерді белгілеп отыру тапсырылады.
4. Сөздік жұмыс.
Қалмақ – ұлт
Қасқа атты – маңдайында дағы бар ат
5. Суретпен жұмыс.
Тақтаға әңгіме желісіне салынған суреттер ілінеді. Әр топтан бір оқушыдан шығарып, әңгіменің мазмұнын суреттерге қарап отырып мазмұндап айтқызу. Сурет бойынша әр бөлімге тақырып қояды.
6. Дәптермен жұмыс.
1. Бала Сабалақ
2. Сабалақтың соғысқа аттануы
3. Абылай батыр
7. Сергіту сәті.
Ердің күші – жүректе
Батырлық бар білекте
Ту ап қолға самғаймыз
Туған елді қорғаймыз.
Ер боламыз ағадай
Қиындыққа қарамай
Үлгі батыр бабамыз
Өжет, батыр боламыз.
8. Оқулықпен жұмыс.
Мәтінді тізбектей оқыту.
V. Жаңа сабақты бекіту.
1. Сұрақтармен жұмыс
1. Төле би Абылайдың ел билейтінін қайдан біледі?
2. Қалмақтар неліктен, неге қаша бастайды?
3. Сабалақ неліктен Абылай атанып кеткен?
4. Абылай кімдерден бата алды?
2. Деңгейлік тапсырмалар.
1 - деңгей (5 ұпай)
1. Елі үшін еңбек етіп, елінің атын шығарған ұлы адамдардың атын жаз.
________________
2 - деңгей (10 ұпай)
1. Сабалақ неліктен Абылай атанып кетті?
2. Батырдың бес қаруын атап жаз.
________________
3 - деңгей (15 ұпай)
Ер қанаты – ат ,
Ереуіл атқа ер сал деген мақалдардың мағынасын түсіндір.
_______________________
4 - деңгей (шығармашылық)
Абылай ханға мінездеме беріп көр.
________________________________
Көшпенділер фильмінен үзінді көрсету.
VI. сабақты қорытындылау.
1. Картамен жұмыс.
Мемлекетіміздің картасына қарайықшы. Мынау Каспийден Алтайға дейін Алатау, Қаратаудан Батыс Сібірге дейін созылып жатқан жер ата - бабаларымыздың жаудан қорғап бізге мұра етіп қалдырып кеткен жері. Осы ұлан байтақ жер үшін қазақ халқы қаншама қиын кезеңдерден өтті. Қазір үлкен қалалар салынып халық орнықты. Үш жүздің басы бірікті. Өз тәуелсіздігімізді алдық. Қазақстанның бас қаласы, ел ордамыз – Астана болды. Биыл жазда 15 жылдығын тойлағалы отырмыз. Өзіміздің туымыз, әнұранымыз, төл теңгеміз бар.
- Абылай ханның армандары орындалды ма?
Балалар жауабын тыңдау.
2. Тірек - сызбамен жұмыс.
VIІ. Бағалау. Оқушылар еңбегін, дайындығын, білімдерін мадақтай отырып бағалау.
VIІІ. Үйге тапсырма.
1. Мәтінді оқу.
2. №8 тапсырма бойынша дайындалу