Сабақтың тақырыбы: Экология ғылымының зерттеу объектілері
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Экология қазіргі уақыттағы күрделі мәселелердің бірі екендігін, ол біздің елімізде де әсіресе индустриялы дамыған орталықтарда да, оның ішінде ауыл шаруашылық аймақтарда да, өткір күйінде қалып отырғанын оқушыларға түсіндіріп, ауаның, судың және жердің ластануы нәтижесінде адам өміріне, өмір сүру ортасына қауіп төніп келе жатқанына назар аудару.
Дамытушылығы: Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, алған білімдерін кеңейту, ізденушілік қабілеттерін дамыту. Өзіндік ұғым қалыптастыра алатын азамат даярлау.
Тәрбиелігі: Оқушылардың жоғарғы экологиялық санасын қалыптастыру, өздерін қоршаған әлемді қорғауға ат салысуына ықпал ету, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, жерге деген мейірім мен ықыласын ояту, байлығы мен әсем табиғатын қорғай білуге үйрету.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Жаңа сабақ барысы:
Экологияның барлық салалары мен бағыттарының негізінде ағзалардың қоршаған табиғи ортамен қарым - қатынасына арналған іргелі биология идеялар жатыр. Мысалы, бірінен бірі соншалық алшақ көрінуі мүмкін, өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін жерсіндіру, егістікке берілетін минералдық тыңайтқыштардың мөлшерін белгілеу, дәрі - дәрмектердің емдік мөлшерін анықтау, атмосфераға шығарылатын немесе су қоймаларына төгілетін ластаушы заттардың шектік концентрацияларын есептеу сияқты шаралардың негізінде Экологиядағы шектеуші факторлар ережесі мен толеранттық заңы жатыр.
Экология – ағзалардың бір - бірімен және қоршаған табиғи ортамен әсерлесу заңдылықтарын зерттейтін іргелі табиғаттану ғылымы деп анықтама беруге болады. Жедел дамып келе жатқан және шекарасы көмескі Экология салаларының қатарында адамның қоршаған ортамен қарым қатынасын зерттейтін әлеуметтік экологияны атап өткен жөн:
• 1) ең жалпылама түрде – қоғамның география, әлеуметтік және мәдени ортамен, яғни адамды қоршаған ортамен ара салмағын зерттейтін ғылыми пән;
• 2) адамзат қоғамының табиғи ортамен әсерлесуін және өзара байланыстылығын зерттеу арқылы табиғатты ұтымды пайдаланудың ғылым негіздерін жасайтын, сол арқылы табиғатты сақтап, адамның тіршілік ету ортасын оңтайландыруды көздейтін ғылыми пән. Әлеуметтік экологияның негізгі міндеті – адамзат қоғамының және оның жекелеген аймақтық топтарының табиғатпен әсерлесу заңдылықтарын зерттеу негізінде жаңа табиғи - мәдениеттендірілген ортаны жобалау;
• 3) жекелеген әлеуметтік топтардың табиғатпен қарым - қатынасын қарастыратын адам экологиясының бір бөлігі;
• 4) адамдардың іс - әрекеттерін және сол іс әрекеттерді өзге адамдардың түсінуін, жеке тұлға немесе ұжым ретінде әлеуметтік - психология тұрғыдан баға беруін зерттеу.
Зерттеу нысаны ортақ болуына байланысты әлеуметтік экология адам экологиясымен ұштасады. Экологияның негізі биологияда жатқанымен, қазіргі кезде ол шын мәнінде биология шеңберінен шығып, көптеген салалары қолданбалы, экономика, қоғамдық ғылымдарға ұласады. Көпшілік қауымға Экологияның биология негізінен гөрі оның табиғатты қорғау, табиғат қорларын ұтымды пайдалану (табиғатты пайдалану) сияқты қолданбалы қырлары немесе өнеркәсіптік Экология, агроэкология, урбоэкология, адам Экологиясы сияқты салалық бөлімдері көбірек танымал. Экологияның барлық салаларының теориясы негізін құрайтын биология Экологияны немесе жалпы Экологияны айрықша қарастырған жөн. Биологиялық экология – негізінен биол. жүйелерге әсер етуші қоршаған орта факторларының үш тобын (абиотикалық фактор, биотикалық фактор, анторопогендік фактор) және жердегі тірі материяның ұйымдастырылуының төрт деңгейін (дара ағзалар деңгейі, популяциялар деңгейі, экожүйелер деңгейі, биосфера деңгейі) зерттейді. Тиісінше, дара ағзаның немесе белгілі бір түрге жататын ағзалар тобының қоршаған орта жағдайларымен, әсіресе физикалық ортамен қарым - қатынасын зерттейтін бөлімі аутэкология деп аталады; популяциялардың құрылымы мен сан динамикасы, популяция санының реттелу механизмдері, жойылып кету қауіпі төнген түрлерді сақтау, шаруашылық мәні бар түрлер мен олардың жекелеген популяцияларын сүйемелдеу немесе керісінше санын шектеу сияқты мәселелермен демэкология (популяциялық Экология) шұғылданады; өсімдіктерден, жануарлардан және микроағзалардан тұратын күрделі жүйелердің құрылымын, дамуын, орнықтылығы мен өнімділігін, аталған ағзалар топтарының арасындағы сан алуан әсерлесулерді, олардың бір - бірімен және физикалық ортамен зат және энергия алмасуын зерттеу синэкологияның үлесіне тиеді. Жер биосферасының тіршілік ортасы ретіндегі ерекшеліктерін, қалыптасу тарихын, құрылымы мен қызмет атқару заңдылықтарын, адамның шаруашылық және өзге де әрекеттеріне байланысты биосферада болып жатқан өзгерістерді, биосфераның келешегі мәселелерін глобалдық Экология (ғаламдық Экология) зерттейді. Глобалдық Экологияның теориясы негізін В. И. Вернадский тұжырымдаған биосфера туралы ілім құрайды.
Түрлері
• Теориялық экология — тірі ағзалардың әр түрлі құрылымдық деңгейлерінің жалпы зандылықтарын зерттейді.
• Іргелі экология — биосферадағы тірі ағзалар мен сыртқы орта жағдайларының адамның іс - әрекеттері арқылы бүлінуін, оларды болдырмау және табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану жолдарын зерттейді.
Қорытынды
Қазіргі жалпы экологияның негізгі зерттеу нысандары жоғары биологиялық жүйелер (популяциялар, биоценоздар, экожүйелер, биосфера) және олардың уақыт пен кеңістік аралығындағы өзгерістеріне байланысты түрлі міндеттерді қамтиды. Олар:
1) организмдердің әр түрлі топтарының (популяциялардың, түрлердің және т. б.) сыртқы орта факторларымен өзара қарым - қатынастарын және олардың тіршілік ортасына әсер ету заңдылықтарын зерттеу;
2) биоценоздардағы көптеген түрлер популяцияларының бір - бірімен байланыс заңдылықтарын зерттеп анықтау;
3) тіршілік ортасы мен популяциядағы дара сандарының бір - біріне тәуелділігін зерттеу;
4) популяциялардағы тіршілік үшін күрес заңдылықтары мен табиғи сұрыпталу бағыттарын зерттеу;
5) орта жағдайларының организмдерге және олардың популяциялық жеке топтарына әсерін зерттеу;
6) адамның табиғатты тиімді пайдалану жолдарын және орта жағдайларына антропогендік факторлардың әсер етуін алдын ала болжауға байланысты зерттеулер жүргізу;
7) ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу үшін биологиялық әдістердің тиімді тәсілдерін анықтап, қолданысқа енгізу;
8) өндіріс процестеріне жаңа қалдықсыз технология тәсілдерін кеңінен енгізуге арналған зерттеулер жүргізу.
Үйге тапсырма: тақырыпты оқып, түсінік айту