Геометриялық пішіндерді ажырат

Скачать

Сиқырлы сандық
Білім беру саласы: Таным
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Тақырыбы: Сиқырлы сандық
Мақсаты: Балалардың геометриялық пішіндер туралы ұғымдарын тиянақтап, пішіндердің түсін түстеп, атауын атап және айырмашылығын ажырата білуге дағдыландыру. Балалардың тілін дамыту жұмыстарын жалғастыру, іс - әрекет дағдыларын меңгерту, Балаларды тапқырлыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: Сандық
Билингвальды сыңары: Түстер - цветы, сары - желтый, қызыл - красный, көк - синни
Заттық дамыту ортасы: сандықша, буратино кілті, қима суреттер, қыстырғыштар, слайд.

Мотивациялық - қозғаушылық:
Шаттық шеңбері
Қайырымды жандар айнала,
Шеңберге келсін жайлана.
Жалықпастан қайта біз,
Жылы сөзді айтамыз.
Сүйеміз барлық әлемді,
Әлемдегі бар елді.
Бақыттымыз осы біз,
Қасымызда досымыз.
- Балалар біздің бүгінгі оқу қызметімізге көптеген қонақтар келіпті, Қанекей бәріміз қонақтармен амандасып алайық Сәлеметсіздер ме!

Ұйымдастырушылық - ізденістік:
- Балалар қазір жылдың қай мезгілі? (Қазір жылдың көктем мезгілі).
- Көктем мезгілінде неше ай бар? (Көктем мезгілінде үш ай бар: наурыз, сәуір, мамыр).
- Көктемде ауа райында қандай өзгерістер болады? (Күн жылынады, қарлар ериді. Жылы жақтан құстар ұшып келеді, гүлдер гүлдейді, талдар бүршік жарады).
Көркем сөз
Қар еріді, су ақты,
Күндер туды шуақты.
Байтақ дала келбеті
Түкті кілем сияқты.
- Ой балалар, мұнда біреу сандықша тастап кетіпті. Кане сандықшаны ашып көрейікші. Сандықтың есігінде құлып тұр екен. Бізге оны ашу үшін не керек? (Құлыпты ашу үшін бізге кілт керек!)

Музыка әуенімен Буратино кіреді.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар!
- Балалар бұл сандықты ашуға мен көмектесейін. Менің сиқырлы кілтімнің ашпайтын құлпы жоқ. Бірақ сендер алдымен менің сендерге дайындаған тапсырмаларымды орындасаңдар ғана сандықшаның құлпын ашып беремін.
- Балалар, біз Буратиноның дайындаған тапсырмаларын орындауға дайынбыз ба? (Әрине, дайынбыз).
Буратино: - Олай болса іске сәт.
1 - тапсырма. Геометриялық пішіндерді ажырат.
- Балалар мынау қандай пішін? (Үшбұрыш).
- Бұл пішін неге ұқсайды? (- Пирамидаға, үйдің шатырына).
- Жарайсыңдар, мына пішінді қалай атаймыз? (Шеңбер).
- Бұл пішін неге ұқсайды? (Доп, шар ұқсайды).
- Жарайсыңдар, мына пішінді қалай атаймыз? (Шаршы).
- Бұл пішін неге ұқсайды? (- Кітап, терезе ұқсайды).
- Жарайсыңдар балалар, енді осы пішіндерге ұқсас суреттерді пішіндерге орналастырып беріңдерші. (Балалар суреттерді пішіндерге дұрыс орналастырады).

- Балалар біз Буратиноның бірінші тапсырмасын орындадық.
2 - тапсырма.
Дидактикалық ойын: Не жетіспейді?
Ойын барысы:
- Мына суретте не бейнеленген? (Бұл суретте күн бейнеленген).
- Оның несі жетіспейді? (Күннің шуақтары жетіспейді).
- Жетіспеген мүшесіне қыстырғыштар қыстырамыз. (балалар қыстырғыштарды жетіспеген жерлеріне қыстырады).

Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрамыз,
Қолды белге қоямыз.
Бұрыламыз оңға бір,
Бұрыламыз солға бір.
Біздер тату баламыз,
Гүлдей жайнап жанамыз.
Сергіту жаттығуын орындап бойларын сергітеді.
- Жарайсыңдар балалар, бойымызды сергітіп алсақ Буратиноның келесі тапсырмасын орындайық.

3 - тапсырма.
Ойын: Түстерін сәйкестендір
Шарты: суреттегі түрлі түсті үйлерге пішіндерді түстеріне қарай орналастыру.
- Бірінші үйдің түсі қандай? (Қызыл).
- Оған қандай пішінді орналастырдық? (Қызыл түсті шеңберді орналсатырдық).
- Екінші үйдің түсі қандай?(Сары түс).
- Оған қандай пішінді орналастырдық?(Сары түсті үшбұрышты орналастырдық).
- Үшінші үйдің түсі қандай? (Жасыл түс).
- Оған қандай пішінді орналастырдық? (Жасыл түсті шаршыны орналастырдық). Балалар пішіндерді түстерін ажырата отырып үйлерге орналастырады.

Буратино: - Жарайсыңдар балалар сендер менің дайындаған тапсырмаларымды дұрыс орындадыңдар. Енді мен өзінің сиқырлы кілтіммен сандықты ашып берейін.
Буратино сандықты ашады.
Тәрбиеші сандықтың ішінен шыққан сыйлықты балаларға таратып береді.
Буратино: - Балалар, сендер өте білімді, тәртіпті бала екенсіңдер, рахмет сендерге мен енді қайтайын, қош сау болыңдар!

Рефлексиялық - түзетушілік:
- Балалар бүгін бізге қонаққа кім келді?
- Біз қандай тапсырмалар орындадық?
- Бүгінгі оқу қызметі ұнады ма?
Балаларды оқу қызметі соңында мақтап, мадақтау.

Күтілетін нәтиже:
Біледі: өз ойларын білдіре алады;
Меңгереді: геометриялық пішіндерді ажыратуды меңгерді;
Жасай алады: түстерді сәйкестендіре алады.


Скачать


zharar.kz