Бәйтерек
Ертеде бір ауылда үлкен бір қария өмір сүріпті. Бір күні қария жолға шығады. Күн қатты ыстық екен. Ұзақ жүрген соң шаршап шалдығып келе жатырса, алыстан бір теректі көреді. Осы терекке бір жетіп алсам, демалып алар едім деп, жүре - жүре талға да жетеді. Оның көлеңкесіне отырып, тынығып алады. Бір уақытта талға тіл бітеді де:- Сен, кімсің?- деп сұрайды.
- Мен бір жолға шыққан қариямын.- деп жауап береді қария - кішкене тынығып алған соң, жолға шығамын.
Сонда тал:- Менің тамырларым шөлдеп, бұтақтарым сынғалы тұр. Жолыңда су болса, келеріңде құйып кетерсіз.
- Жарайды,- деп, қария жолға шығады.
Келе жатырса, аспанды қара бұлт торлап жауын келе жатыр екен. Қария теректің бір тілегін орындайын деп: - Бұлт, бұлт, жолыңдағы терекке нөсеріңді жауа кет,- деп айқай салады.
Біраз уақыт өткен соң, қария сапарының соңында ауылына қайтып келе жатырса, бұрынғы терегі үлкен бәйтерек болыпты. Қария қатты таң қалып, қуанады. Теректің саясында аңдар көлеңкелеп, төбесінде құстар ұя салып, әндетіп жүр екен.
Мұны көрген қария терекке келіп:- Енді, сен үлкен бәйтерек болдың. Жапырағың жайқалып, тамырың тереңдеп, көлеңкең кеңейіп өсе
түс,- деп тілек тілеген екен.