Байқаудың тақырыбы: Нағыз қазақ жігіті
Мақсаты:
Білімділік: ата салтын насихаттай отырып, оқушыларды нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерімен таныстыру;
Дамытушылық: әр баланың бойындағы қабілеттерін ойлау, әр түрлі жағдайлардан шыға білу, өнерін көрсету, тапқырлық, сахна мәдениетін қалыптастыру, дамыту;
Тәрбиелік: ата салтын ардақтайтын, өз елін сүйер нағыз қазақ жігітінің қасиеттерін бойына сіңіре білер ұрпақты тәрбиелеу;
Көрнекіліктері:
Нағыз қазақ жігіті - 2013 тақырыбы, мақал - мәтелдер, байқауға қажетті құрал - жабдықтар, музыкалық аппаратура, және т. б.
Байқауға қатысатындар:
2 - сынып ұлдары
Байқаудың қонақтары:
Ата - аналар, оқушылар, мұғалімдер, мектеп әкімшілігі.
Байқау барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. ұлттық музыка әуені ойналып тұрады, қонақтарды орналастыру
1 - жүргізуші:
Құрметті ата - аналар, ұстаздар, оқушылар! Қадірлі қонақтар! Бүгін бізде Нағыз қазақ жігіті атты бойында өршіл рухы бар, парасатты жігіттер сайысы өтпекші.
2 - жүргізуші:
Нағыз кәусәр жігітті,
Нағыз қайсар жігітті,
Нағыз бұлбұл жігітті,
Нағыз дүлдүл жігітті,
Анықтайтын кез келді!
1 - жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық!
Ата жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін қолдамақ,
Ел намысын қорғамақ,
Ұлдар шықсын ортаға,
Бүгін сұлтан атанбақ!- дей отырып, ортаға Нағыз қазақ жігіті байқауына қатысушы сайыпқырандарымызды шақырайық! Қарсы алыңыздар!
2 - жүргізуші:
№ 1 жігітіміз Нұртаза
1 - жүргізуші:
№ 2 жігітіміз Арсен
2 - жүргізуші:
№ 3 жігітіміз Еламан
1 - жүргізуші:
№ 4 жігітіміз Алишер
2 - жүргізуші:
Енді сіздердің араларыңыздан осы жігіттерді әділ бағалайтын әділқазылар алқасына 2 адам шығу керек. Келіңіздер!
Негізгі бөлім:
1 - жүргізуші:
Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат, - дей отырып, Нағыз қазақ жігіті байқауын ұлдарымыздың тақпақтарымен бастағалы отырмыз.
2 - жүргізуші:
Ақыл - көрік бойларында жетеді,
Әлі талай сынақтардан өтеді.
Мына отырған баршаңызды өзімен
Тез арада таныстырып өтеді, - деп, Тегімді менің сұрасаң... бөлімінің өзін - өзі таныстыру сайысын бастайық.
1 - жүргізуші:
Әй, жігіттер, жігіттер,
Сендерге артар міндет көп,
Көтер биік ата - салтын құрметтеп,
Ақтай білсең ата - баба үмітін,
Әрбір сөзі тәлімі бар бір мектеп.
Келесі сайысымыз 7 атамды сұрасаң... бөлімі, 7 атасын айтып шығу.
2 - жүргізуші:
Парасатты ер жігіт,
Ақылымен әр іс біледі.
Өнерің барда жігіттер,
Тоқталып сірә, іркілме.
Жұрт қарасын қызығып,
Бәрекелді деп шіркінге,- дей отырып, сайысымыздың Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес бөлімінде өнерлерін көрсетеді.
1 - жүргізуші:
Ей, ер жігіт, ер жігіт,
Ей, өр жігіт, өр жігіт,
Атыңа ерік, бер жігіт,
Күшіңді көрсет, ер жігіт! – дей отырып, сайысымыздың Ақылына күші сай деп аталатын бөлімін бастаймыз. Қол күрес.
2 - жүргізуші:
Мықты болсаң мақалдарды айтып бер,
Келді кезек тапқырлықты танытар,
Бұл сыннан да өтсең егер сүрінбей,
Жүлде сенде, қуана бер, күлімде,- деп Тығырыққа тірелгенде деген бөлімді бастаймыз. Мақал айтып жарысу.
1 - жүргізуші:
Осымен, Нағыз қазақ жігіті атты бойында өршіл рухы бар, парасатты жігіттер сайысы мәреге де жетті.
2 - жүргізуші:
Қазылар алқасы өз шешімін шығарғанша бір өнерпазды тыңдасақ. Аяулымның орындауында би.
1 - жүргізуші:
Арманым көп мынау фәни жалғаннан,
Пенде болсаң, құтылмайсың арманнан,
Дүниеге келіп - кету шарт емес,
Ердің ісі - өнер іздеп қамданған.
2 - жүргізуші:
Құрметті өнер сүйер қауым, қадірлі қонақтар, ата - аналар! Өздеріңізбен бірге қызықтап, өнерлерін тамашалаған сұлтандар сайысы да аяқталды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тірелер болсақ, Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда демекші, бүгінгі сайысымыздың жеңімпазын анықтау үшін сарапшылар алқасына сөз береміз.
1 - жүргізуші:
Бүгін сұлтандарымыздың, нағыз қазақ жігіттерінің бәрі де тамаша өнер көрсетті. Бұл олардың ертеңгі үлкен сынға қадам басқан бастауы ғана. Әрқашан сыналған шақта сүрінбей, қадамдарыңа нұр жаусын дейміз!
2 - жүргізуші:
Өркендерің өссін, мерейлерің үстем болсын! Келесі кездескенше күн нұрлы болсын!
Жеңімпаздарды марапаттау.
Байқаудың соңы.