Бала - біздің бақытымыз.
Балаға білім беру үшін, ең алдымен оны тәрбиелеген жөн,
тәрбиесіз берілген білім, ол ертең бір апатқа әкеп соғады
Әбу Насыр Әл - Фараби.
Бала негізгі өнегені ең алдымен отбасында ата - анасынан алады. Әркім өзінің баласын жаман болсын демейді, оның тәрбиелі, білімді болғанын қалайды әрі еңбексүйгіш, жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасын тигізетіндей бір маман иесі, үлкен дәрежелі қызмет иесі болса екен деп те тілейді.
Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын – ата - ана. Бала тәрбиесі – бесіктен басталады. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дегендей оның өнегелі қасиеттерін отбасында қалыптастырған жөн.
Баламызды мектеп жанынан ашылған шағын орталық тобына жіберіп, тәрбие, білім береді деп бар ауыртпалықты тәрбиешіге салып қойғанымыз жеткіліксіз. Баланы шағын орталық тобына берген соң ата - ана тәрбиешімен тығыз байланыста болып, оның дұрыс тәрбие мен білім алуына бірлесе әрекет етуі тиіс. Еліміздің өркендеуі, дамуы, болашағы қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелі, жан - жақты білімді болуына көп байланысты.
Кейбір ата - аналар жұмыстан шаршап келгенін сылтаулатып, баласының тәрбиесіне 30 минут та көңіл бөлмейді, тәрбие ісімен айналысуға ерінеді. Осыдан үлкен қателік туады. Баланың күнделікті өмірінде бірде бір әрекетін ата - ана ескерусіз қалдырмағаны жөн. Жақсы нәрсесін мақтап, білмегенін айтып, түсіндіріп, үйретіп отыруы керек. Сонда ғана көп жетістіктерге қол жеткізеді.
Ата - аналар өзінің алдына төмендегідей мақсат қойып, оның жүзеге асуына мән беретін болса, ұрпағының тәрбиелі, өнегелі, білімді болып өсуіне жол ашады:
1. Баланың берген жауабына шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз.
2. Балаңыздың жеке бөлмесі не бір бұрышы болуына жағдай жасаңыз.
3. Балаңыздың шашылып жатқан үстеліне ұрыспаңыз, егер ол шығармашылық іс - әрекетпен айналысып отырса.
4. Шешім қабылдауда өзіндік жеке жоспар құруына көмек көрсетіңіз.
5. Балаңыздың кемістіктерін бетіне басып, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
6. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз.
7. Отбасымен шешетін мәселелерге балаңызды қатыстырып, оның жеке басының ой - пікірімен санасыңыз.
8. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз.
9. Баланың әрбір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
10. Жас мөлшері әр түрлі адамдармен дұрыс қарым - қатынас жасауға үйретіңіз.
11. Балаңызды жетістік пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көрсетуіңізді сездіртіңіз.
12. Балаңызбен бірге әңгімелер, ертегілер, фантастикалық оқиғалар құрастырып, баланың шығармашылық қабілетінің дамуына жағдай жасаңыз.
13. Балаңыздың сүйікті ісіне керек кітап, ойын т. б. құралдармен қамтамасыз етіңіз.
14. Балаңыздың алған негізгі ісіне ойдағыдай орындалуына, сеніміңіз болмаса да, сол істі аяқтауына жағдай жасаңыз.
15. Бала өз жұмысын көрсете алатын стенд жасап қойыңыз.
16. Істеген жұмысының нәтижесі болуына көмектесіңіз.
17. Баланың қойған талабына ерекше көңілмен қараңыз.
18. Балаңыздың өткір ойлылығына сеніп, әрдайым сенім артыңыз.