Тоқтамыс хан (шамамен 1350 – 1406) – Алтын Орда ханы) - Тұй Қожа оғланның баласы, Жошы ханның ұрпағы, Алтын Орда ханы (1380 - 1397 98 жж.). Ақ Орда билеушісі Орысханның нөкерлерінің бірі болған. Ол елінен қашып кетіп, Самарқанд билеушісінің қол астына кіреді. Әмір Темір оның жанына көп әскер беріп, Ақ Ордаға жорыққа аттандырады. 1380 жылғы шайқаста Орыс хан қаза табады. Оның екінші ұлы Темір мәлік Тоқтамысқа қарсы кескілескен соғыс ашады. Темір мәлік ұрыста мерт болып, 1379 жылы Ақ Орда тағына Тоқтамыс отырады. Өз билігін нығайтып алған ол енді Алтын Орданың Ұлы тағына көз салады. Сөйтіп, қалың әскермен Еділ дарияға қарай бет алады. Бұл кезде Алтын Орданың Ұлы тағын Мамай баһадүр жеке - дара иеленіп алғанды. Ол орыс шаһарларын ойрандап қайтуға қол жиып жатқан. Дәл осы кезде Тоқтамыс оған ту сыртынан шабуыл жасап, Алтын Орданы иеленеді. Осыдан кейін талай шаһар Тоқтамыс сарбаздары мінген тұлпарлар тұяғының астында тапталады. Енді Мәскеуді күл - талқан етіп, өзіне күні кеше ғана қамқор болған Әмір Темірге көз алартқан ол Самарқандқа аттанады. Бірақ қанды шайқастарда әбден шыныққан ұлы әміршіге қарсы тұра алмай, жеңіліп, шағын жасағымен қашып құтылады (1391 ж.).
Еділ бойындағы жеңілістен кейін араға төрт жыл салып қалайда өш алмақ болған Тоқтамыс қалың әскерді бастап, Дербент шаһары арқылы Қап тауына сұғына енеді. Терек өзені бойындағы шайқас (1395 ж.) үш күнге созылып, Әмір Темірдің жеңісімен аяқталады. Тоқтамыс бұл жолы да қашып құтылады. Бірақ 1406 жылы Сібірде бас сауғалап жүрген оны қуғыншылар ұстап алып өлтіреді.