Қасымның тағдырынан дүниесі қымбат

Скачать

Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезов Жетім әңгімесі
Сабақтың мақсаты:
1. Білімдік мақсаты: Әңгіменің негізгі идеясын ашқыза отырып, өз ойларын жинақтатып, қорытынды жасату.
2. Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларды ата – ана қадірін түсінуге, айналасындағы адамдардың тағдырына немқұрайлы қарамауға тәрбиелеу.
3. Дамытушылық мақсаты: Оқушылардың өз ойларын еркін жеткізу қабілеттерін
дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Талдауға берілетін мәтіндер.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: Интерактивті топпен жұмыс
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі Слайд көрсету арқылы, суреттегі баланың көңіл – күйін, кім екендігін айтқызу
Жетім деген сөзді естігенде ойларыңа не түседі?
Жетім: сөз, көл, ел, бала, қариялар.
Біз бүгін Мұхтар Әуезовтің Жетім әңгімесімен танысамыз.
Шығарма неге жетім деп аталды деп ойлайсыңдар.
Оқушылар өз ойларын айтқаннан кейін, тапсырмалар беріледі. (Сынып төрт топқа бөлінеді) Берілген мәтінді оқып болған соң топтан бір оқушы қысқаша ғана мазмұнын айту керек. Бұдан кейін мәтіндер бойынша берілген сұрақтарға жауап беру керек.
Ұлы таудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді.
Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлы таудың бөктерінде кештің салқын желі еседі. Күн батып бара жатты.
Алыстан күн күркіреп жатты. Анда – санда көкжиектің тұсынан күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті. Қара – барқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің даусы ұлы бір сабырды еске түсіргендей. Ән салған жігіттер табиғатпен жалғасатын тіл тапқандай боп, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кіріп келе жатты...
Тау сыртындағы елді бетке алып келе жатқан жігіттерге қарсы жалғыз жаяу бала келе жатты. Жол үстінде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар.
Табиғат балаға қатал, суық көрінеді. Жан – жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерімен сазарғандай. Әрі салқын, әрі қорқынышты күйді есіне түсіргендей болады. Жүрегін қорқыныш басып, жалғыздық жеп келе жатқан баланы не бастап келеді? Жеті түнде айдап шыққан айдаушы кім? Айдаушы сол баланың тағдыры еді.
1 - топ
1. Табиғаттың құлазып жүдеуінің, иесіздігінің білінуінің сыры неде деп ойлайсыңдар?
2. Бір табиғат астында келе жатқан екі жолаушының көңіл - күйін салыстыр. Өмірдегі мысалмен дәлелде?
Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын туған әке – шешесі өлген... Өз әке – шешесі өлгенде Қасымның сүйеніші болып қалған кәрі әжесі бар еді. Қасымның кішкентай басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан.
Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткен соң Қасым әжесінен айырылды. Әжесі демі үзілгенге дейін қарсы алдына Қасымды отырғызып қойып, содан көзін алмай жатып үзілген. Кәрі кеудесінен жаны шыққанша, Қасымға ендігі қайғының қаншалықты қиын болатынын біліп, сорлы болған пішінін көруге өзінің көзі шыдамай, есіркеп, барлық күшін жиып, езу тартып күлген сияқтанып еді. Құлынымның бұғанасы қатқанша, рақым ет. Сорлы қылып қақсатпа, зарлатпа, көрде мені күңірентпе! деп тілеп еді.
Қасым сол күнгі жылауынан бастап, үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті.
Күндер өтті. Қасым жетім болды. Күннен – күн өткен сайын әжесі келмейтін болып, алыстай бастады. Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінінде емін – еркін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.
Қасымның көмескі ниеті есіне түсті, ол ниеті – ел жайлаудан қайта оралып, қыстауға таман жақындаған соң, сол қыстау маңында зираты бар әке – шешелерінің басына бармақшы еді. Олардың басына мал сойып апарып, құран оқытамын дегенде, алдында Иса мен Қадиша ұрсып, қабыл алмай, малды сойғызбай қойған.
2 - топ
1. Әжесінің демі үзілгенге дейінгі алладан Қасымның тілеуін тілеуін өмірде немен байланыстыруға болады.
2. Қасымның ересектігі шығармада қалай көрінеді?
Әжесі өткен соң жақынымын деп, жаны ашыған ие болып шығып, Иса деген ағайыны Қасымды қолына алды. Қасымның әке – шешесінен отыз шақты қой, он шақты қара қалып еді.
Исаға қасымның малын берерде жұрт: Жетімнің малына қиянат қылма! Өзін адам ғыл, күт, асыра, жылатпа! деп тапсырған болып беріп еді.
Мені мұндай сорлы ғылғандай не жазып едім? … Неңді жеп едім?! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе? – деп, жерде жатқан үлкен тасты ала салып төніп келіп қалған Исаны тізесінен періп кеп жіберіп, далаға қарай қаша жөнеліп еді.
Иса аузына келгенін айтып боқтап, аяғы мертігіп бақ етіп отырып қалды. Қасым сол бетімен тас лақтырып қуған балаларына жеткізбей, үлкен тауға қарай жөнеліп кеткен.
Ауылға енді бара алмайтынын біліп, зарлап еңіреп, әжесі мен атасының атын атап шақырып келе жатты.
Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңіреген жетім бала Қасымды алып келе жатқан хал осы.
3 - топ
1. Иса кім.
2. Исаның балаларының қылығын есіңе түсіре отырып, тәрбие отбасынан басталатынын
өз пікіріңмен дәлелде.
Қасым жүгіре бастады. Қасымның қазіргі ойы: енді баратын қорған жоқ болғандықтан, тау бөктеріндегі әке – шешелерінің басына барып, қабырын құшақтап жылау еді. Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңіреген жетім бала Қасымды алып келе жатқан хал осы.
Қасым қатты қорқып келе жатыр, түнде кездесетін жын – шайтандар, қара түндей жалмауыздар … сау адамды қағып кететін перілер.
Әйтеуір енді алдында бұлдырлап, елестеп жүгіргендей болып, елбеңдеген бір нәрсе жолын бастап келе жатқан сияқты. Бір құйын соққандай болды, жасқанып көзін ашса алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі тұр екен. Даланың жыны осы ғой деп ойлай беріп еді, анау
- Артымнан еріп жүр, Аяғыңа кірген тікенге, жырған тасқа қарама! Өліп қалсаң да артымнан еріп отыр! – деп жүріп кетті.
Әлсіз жетім:
- Ағатай, жетіммін … - дей беріп еді, алакөз қайта жарқ еткенде, артынан жүгіріп кетті.
Ән салған үш жолаушы күн жарқылынан ағашқа сүйеніп, қатып тұрған баланы көрді. Аттан түсіп келіп қараса – жыртық киімді, өңі құп – қу болып, қаннан айырылып жүдеген он, он бір жасар бала екен. Ол - өлік.
4 - топ
1. Жетім бала пананы неден іздеді? Себебі неде? Дәлелде.
2. Қасым неге жын перінің артынан еріп кетті, кезінде қорқушы еді ғой?
Сұрақтарға жауап беріліп болған соң, әңгімеде кездескен түсініксіз сөздермен жұмыс жасау керек.
Шығарма құндылықтарын шығарту, қарама – қайшы элементтерді тапқызу, эссе жазғызу.
Қазақстан Республикасындағы балаларды қамқорлыққа алуға байланысты құрылған қандай ұйымдарды білесіңдер? (Қысқаша ой шолу, қашан құрылды, басқарушылары кімдер? т. б.)
Шығарманың құндылығы.
1. Әрбір бала өз ата – анасымен бақытты.
2. Ата - ананың қадірін бағалай білу.
3. Тәрбие - отбасынан басталады.
4. Қоғамның айналасындағы адамдарға немқұрайлықпен қарауы.
Қарама – қайшы элементтер:
Қасым - ойын баласы; Ащы өмірдің соққысына ерте ұшырап отыр.
Иса – туыс. Қамқор мейірімді болу керек. Қасымның тағдырынан дүниесі қымбат.
Қасым жас бала, қорқақ Тауды бетке алып, қашып кетті.
Иса - әке. Баласына жақсы, дұрыс жол көрсету керек. Қасымды қуғызып, таспен ұрғызды.
Эссе жазғызу.
Жазушы осы әңгіме арқылы қоғам арасындағы өмірге немқұрайлы қарап, айналасындағы адамдарға деген аяушылық жанашырлық қасиеттерін бөліп беруге көңіл бөлмейтін, менмендік, байлық құмарлықты көздегендерді сынайды.
Адам баласына түскен қиыншылықты жеңуіне қол ұшын беріп, жетім – жесірдің басынан сипап, құшағын ашып жатсынбай мейірімділік көрсете білсе қоғамда қатыгездік, қылмыс жасаушылық, ішімдікке салынушылық деген болмас еді деп ойлаймын.
Иса кім?
Иса – қоғамдағы байлық пен қатыгездікті місе тұтқан адамдардың жиынтық бейнесі іспеттес. Өмірден азап шегіп пана іздеген Қасымның басынан сипап, мейірім нұрын төгетін жанашыр туысы болуының орнына бетінен қағып, бала жүрегін жаралады, өмірдің ащы, кермек дәмін ерте татуына себепкер болды.
Сені жан - ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата – ананың көңілін қалдыратын құрттай іс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессің. Өйткені кімде – кім ата – ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды. Сен ата – анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Тағдыр тәлкегіне түскен жандарға қамқор болуды есіңнен шығарма. Ең болмағанда қасынан өткенде сәлем беруді ұмытпа. Ол да ата мен ана баласы, баланың әкесі мен анасы.
Балалар, бүгінгі сабақ барысында танысқан шығармамызға сүйенсек негізгі ойы не деп ойлайсыңдар?
Қай жерде жүрсеңдер де, қоғамнан өз өмірін таба алмай, өмірдің қиын тағдырына ұрынып, арақ сияқты жағымсыз қылықтарға әуестеніп кеткен адамдарға жек көрінішті кейіппен қараудан аулақ болыңдар, өйткені ондай адамдардың арамызда көп болуына қоғамдағы Иса сияқты адамдар, біздер кінәліміз. Әке – шешенің қамқорына зәр болған, Қасым секілді құрбы – құрдастарыңа оң көзбен қарап, жанашырлық танытсаңдар нұр үстіне, нұр болатынын, өз мәртебелерің артатынын естеріңнен шығармаңдар.


Скачать


zharar.kz