Дәстүрден тыс сабақ өту әдісі

Скачать

Тарих пәні ұғалімі оқу процесіне басшылықты қалай жүргізеді? Тарихи құжаттармен жұмыс істеу әдісін іске асыра отырып, құжаттардың мазмұнын ашады, сұрақ қою арқылы білімді бекітіп отырады. Сонымен қоса үй тапсырмасын беру арқылы дамытушылық мақсатқа жетеді. Оқыту процесі буындардан тұрады.
1. Сабақтың мақсатын анықтау (сабақтың түрі);
2. Сабақтың мазмұнын ашу (тақырыбы);
3. Мұғалімнің оқу процесіндегі басшылық;
а) Оқушының оқу қызметі;
б) Үйтапсырмасын сұрау;
4. Оқушының білімін бағалау;
5. Үйтапсырмасын сұрау;
Ал енді біздің негізгі мәселеміз сабақтың мақсатын анықтаудағы сабақ түрі. Сабақтың дәстүрлі, аралас, аралас дәстүрлі, дәстүрлі емес түрлері бар. Осындағы дәстүрлі емес сабаққа тоқталайын....




Тақырыбы: «Қазақстанда жасақталған құрамалар және партизан соғысы»
Сабақты ұтымды өткізу үшін оқушылардың шығармашылық жұмыс істеуін бірнеше кезеңге бөлдім. Ал, оқушылардың отансүйгіштік сезімін ояту үшін 3 топқа бөліп, барлығы бірдей әскери форма киіп отырды. Бірінші кезеңде сабақты ұйымдастырып, әр топқа ой қозғау сұрақтарын қойдым.
1. Екінші дүниежүзілік соғыс қашан болды?
2. Германияның КСРО-ға қарсы соғыс жоспары қалай аталды?
3. 1941 жылғы соғыс неге Ұлы Отан соғысы деп аталды?
Мұндай сұрақтар әр топқа үштен қойылады. Оқушылар өз топтарына мынадай ат таңдап алды: Отан, Батыр, Жеңіс. Әр топ өзінің атын бірінші кезекте қорғайды. /1/
Мәселен, «Отан» сөзінің мән-мағынасы туралы өз ойларын ортаға салады. Келесі кезең бойынша әрбір топ өздеріне берілген тақырыптар бойынша сөйлеп шықты. Бірінші топ «Қазақстандықтардың майданға қосқан үлесі» тақырыбы бойынша мынадай деректер келтіріп жұмысын қорғады. Республикада 142 кәсіпорын тез арада салынып іске қосылды. Қазақстан мен Орта Азияда қорғаныстық маңызы зор 280 кәсіпорын салынды. Оның ішінде Ақтөбе ферроплав зауыты, Текелі тсті металдар, Ақшатау вольфрам-молибден өндіру, өңдеу комбинаттары іске қосылды. Көмір өндіруде 1940 жылға қарағанда 1944 жылы 68 пайыз асып түсті



және Қазақстан басқа салада да жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанның өнеркәсібінің көлемі 1940 жылғымен салыстырғанда 1945 жылы 140 пайыз өсті. Екінші топ « Ауыл шаруашылығының майданға қосқан үлесі» тақырыбы бойынша: Соғыс кезіндегі жұмысшы күшінің 75 пайызы әйелдер болды. Майданға 5мыңға жуық трактор, жүздеген автомашина жіберілді. 1942 жылы егіс көлемі 8 млн. гектарға жуық арттырылды. 1943 жылы мемлекетке 304 мың ірі қара, 1,6 млн. қой тапсырды, жауынгерлерге 110 мың мініс ат берді. 4 млрд. сомнан астам қаржы беріп, 2 млн. астам жылы киім, 1600 вагон сәлемдеме жіберілгендігі туралы баяндады. Ал, үшінші топ « Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар» тақырыбы бойынша: Қазақстанда 316-атқыштар және 314,310, 387, 391, 238 – дивизиялар жасақталынды. Волкаламск бағытын қорғауда дивизия жауынгерлері күші өзінен 4 есе артық жаумен кескілескен ұрыстар жүргізді. Дубосекова разъезіндегі болған шайқаста 28 Панфиловшының 23-і қаза табады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмайды. Олардың ерлік істері туралы айта келіп, оның ішінде Н. Есболатов, Ә. Қосаев, А. Қожабергенов, М. Сенгірбаев сияқты қазақ жауынгерлері бар екендігін және олар 316-атқыштар дивизиясынан екендігін әңгімелеп берді. Б. Момышұлы, М. Ғабдуллин, Н. Әбдіроа сияқты жауынгерлердің ерлік істеріне тоқталды.


Әрбір топ өзіндік жұмыстарын одан әрі қорғай отырып, мынадай сұрақтар бойынша ізденіс жұмыстарын жасады:
1. Соғыстың алғашқа күндерінде қандай әскери техникалар қолданылды?
2. Майдандағы әйелдер бейнесі.
3. Партизан соғысы, оның маңызы.
Бұл кезеңде оқушылар өздерінің тыңғылықты дайындықтарын байқатты. Мәселен, майдандағы әйелдер бейнесін мынадай материалдарды пайдалану арқылы ашып көрсетті. Соғыстың алғашқы күндерінде әйелдер тарапынан майданға сұранған өтініш Алматы қаласының Фрунзе ауданыан - 112, Қарағанды қаласынан -1941 жылы 10000 тарта өтініш берілді.
Жауынгер қыздың бірі Х. Доспанова әйелдер авиациясының құрамында соғысып, 300-ден астам рет әскери тапсырмамен аспанға көтерілген.
1942 жылы 34-ші әйелдер ротасы құрылды. Рота құрамына Алматы, Семей, Шымкент облыстарының қыздары кірді.
Батыс Қазақстанда туған Нұрғаным Байсейітова соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
Қызылорда облысынан Торғаш Жұмабаева 1-дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» медалына ие болды.

Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде майданның құрамында 600 мың әйел, оның 80 мыңы офицер болды. /2/ Бұлардың ішінде қазақстандық қыздар да өте көп еді.
Оқушылар мен жүргізілетін ізденіс жұмысының келесі кезеңінде оқушылар мынадай сұрақтарға жауап береді:
1.Соғытағы қазақстандық батырлар;
2. Қазақстандықтар партизан қозғалысында;
3. Халықтардың қоныс аударуы.
Әр топ өз сұрақтарына жауап берді. Мәселен Жеңіс тобының жауабы мынадай болды. Жалпы екінші дүние жүзілік соғыста 11,600 мың адам батыр атағына ие болған. Оның ішінде 500-ге жуығы қазақстандықтар, оның ішінде 96-ы қазақ деп көрсетілген. Ал жеңістің 55 жылдығына берілген материалдар бойынша, бұл цифр 111 деп көрсетілген, яғни кейбір аты аталмай қалған батырларымыз қосылғанын көруге болады. Екі мәрте батыр атағына ие болған, қазақстандық батырлар Т. Бегелдинов, С. Луганский, И. Павлов, Л. Беда болды.
Келесі кезектегі ізденіс жұмысы соғыстағы жеке батырлардың ерлік істері жөнінде болды.
Батыр тобы Бауыржан Момышұлы туралы әңгімелеп берді.
Бауыржан Момышұлы жерлесіміз генерал Панфиловпен бірге 316- атқыштар дивизиясын жасақтап майданға аттанды. Б. Момышұлы Москва түбінде ерлік істер жасады. Екі рет жаудың қоршауынан


аман-есен өз қарамағындағы әскерін алып шықққандығы айтылды. Александр Бектің «Волокаламск тас жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітаптарының деректері пайдаланылды.
Б. Момышұлы Кеңес Одағының батыр атағын алмаса да, оған халықтың өзі «батыр» деген ат берді.
Президент Н. Назарбаев КСРО Президентімен Б. Момышұлына Батыр атағы беруін өтінді. Сөйтіп Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін, 1990 жылы КСРО батыры атағы берілді.
Келесі шығармашылық жұмысын қоғаған Отан тобы қазақстандық даңқты партизандар Қ. Қайсенов, Ә. Шәріпов сияқты батыр ағалардың ерлік істері туралы әңгімеледі. Қасым Қайсеновтың соғыстағы кезеңдерін әңгімелегенде, ол кісінің естеліктері мен сұқбаттары пайдаланылды. Украйна жерінде Вася деген атқа ие болған Қасым ағайдың естеліктерінен үзінді келтірілді.
Түргеннің қос батыры атанған Рақымжан Тоқатаев пен Қ. Жаманқараев, олардың соғыс кезіндегі ерлік істері, жүріп өткен жолдары туралы естеліктері айтылады. Батыр ағамыз Рақымжан Тоқатаевтың жақында ғана 80 жылдық /3/ тойы аудан және облыс көлемінде атап өтілгендігі туралы газет материалдары пайдаланылып, кездесу, той мерекесі кезеңдерінен суреттерін көрсете отырып, әңгімеледі. Соғыс кезіндегі ауданымыздан шыққан батырлардың суреттері көрсетіліп, қысқаша деректерге тоқталып өтті.


Ауданымыздан шыққан батырлар:
Қ. Жаманқараев, Р. Тоқатаев, И. Беляков, Т. Қабылов, П. Вихрев, Т. Кенжебаев. Ж. Қайыпов.
Соғыстағы қазақстандықтардың ерлік істері туралы әңгімеленді, осы тақырыптар бойынша әр топ бір-біріне бірнеше бекіту сұрақтарын қойды.
1. Украина жерінде партизан қозғалысында Вася деген атқа ие болған кім?
2. ЯК-1 истребитель самолетінің конструкторы кім?
3. 1990 жылы Кеңес Одағының батыры атағына ие болған кім?
4. Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алғандар кімдер?
5. Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақстандықтар батыр атағына ие болды?
Оқушылармен ізденіс жұмысының келесі кезеңі «Ағалар жолымен саяхат» деп аталды. Онда үш топтан үш оқушы өз тобының қорғаған жұмысының ретімен, бір батырдың жүріп өткен жолы бойынша картамен саяхат жұмысын жүргізді. Онда қай жерден майданға аттанғанын, майданда қай жерлерде болғанын, қай жерде соғысты аяқтағанын көрсетеді.
Сабақтың теориялық жағын практикамен байланыстыра отырып, оқушыларға Қасым Қайсенов туралы «Ескірмейтін махаббат», Б.Момышұлы туралы «Ел басына күн туса» атты видеофильмді

оқушылар назарына ұсындым. Бұл техникалық құралдарды пайдаланумен қатар, сөзбен жеткізгеннен гөрі, киноның соншалықты әсері болғандығын байқауға болады және оқушының білуге деген талпынысын арттырады.
Бұдан кейінгі ізденіс жұмысы «Қазақ әдебиеті соғыс жылдарында» тақырыбы бойынша болды. Онда әр топ өздері қалаған бір ақынның соғыс туралы өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Мысалы: Қ.Аманжолов. «Үстімде сұр шинелім»
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Сырбай Мәуленов. «Соғыстан қайтқан солдаттар»
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Келесі кезеңде соғыс кезінде туындаған қанатты сөздерге талдау жасауға берілді.
Баубектің асыл сөздері:
1. Ердің туы – намыс.
2. Сен жаудан қашпасаң – жау сенен қашады.

Жауды өлтірсең - өлімнен құтылдың,
Өлтірмесең - өлімге тұтылдың.
Б.Момышұлының ұлағатты сөздері:
1. Опасызда Отан жоқ.
2. Епсіз ер болмайды, Жұртсыз жігіт юолмайды.
3. Командир – аға, солдат – іні.
Ізденіс жұмысының соңғы кезеңінде әр топ өзінің дайындаған көріністерін көрсетеді.
Отан тобы 28 Панфиловшылар ерлігін, Батыр тобы Мәншүктің хатын, Жеңіс тобы «Партизандар ерлігі» /4/ атты көріністерін көрсетті. Онда батырлықты, батылдықты, отансүйгіштікті көрсете отырып, патриоттық сезімді оята білді.
Сабақта жоғарғы курс студенттерінен сарапшылар шақырылды, олар оқушылардың сабаққа қатысуын, ізденіс жұмыстарын бағалай отырып, әр топқа тиісті бағаларын қойды. Сабақты қорытындылай келіп, тақырыпқа байланысты ұйымдастырылған көрмемен таныстырып шықтым.Міне, осындай дәстүрден тыс өткізілген сабақ оқушылардың қызығушылығын арттыра отырып, олардың шығармашылықпен жұмыс жасауына, ойын түйіндеп қорытындылауына, өзара жолдастық көмекке, топтық жұмысқа, дұрыс сөйлеп, тарихи материалды сұрыптап дұрыс жеткізуге үйретері хақ. Мұндай сабақтың танымдық, білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мәні болары сөзсіз. Осындай сабақты өткізу барысы кезінде сабақтың бірнеше формасы жүзеге асады. Мысалы: ойын, жарыс, театрландырылған көрініс, топпен жұмыс, шығармашылық саяхат сабағы және т.б. Міне, мұндай сабақтар оқушының пәнге деген қызығушылығын оятып, танымын қалыптастырып, отаншылдық сезімін арттырады


Скачать


zharar.kz