Бата берер ұрпағына бақ ашар, Қастерлі сөз қасиетіне кім таласар

Скачать

Өмір жолдың болса да көп астары,
Әкелермен биік елдің аспаны.
Қашанда да құрмет тұтқан аналар
Шаңырақтың иесі олар, бастауы.

Тау тұлғалы, шынар болмыс заңғарлар
Деді ме ұлтқа баба жолын жалғаңдар.
Олар еңбек ортасында шынығып,
Сын сағаттың жауынгері болғандар.

Күрескендер ұрпағының бағы үшін,
Серік етіп болмысына ар ісін.
Көлеңкесін түсірсе де кейде өмір,
Түсірмеген ерге лайық намысын.

Қиындыққа төзімменен көнгенсің,
Іздемей-ақ ұсақ-түйек елден сын.
Дауға түссе шешендікпен шиырлар
Билер құсап бітім айтқан сендерсің.

Бата берер ұрпағына бақ ашар,
Қастерлі сөз қасиетіне кім таласар.
Әулетіне үлгі болып отырды
Тұғырдағы қырандай боп қара шал.

Сан жадырап түссе еске жастығы,
Бастан өткен тоқтығы да, аштығы.
Солар салған ізгілікті сүрлеумен
Жалғасады бүгінгі ұрпақ дәстүрі.

Ана жүзден мейірім болып күлді күн,
Ұғынса әке қабақтағы кірбіңін.
Әке жайлы мақтан айтып қыздары,
Соларға ұқсап келеді өсіп ұл бүгін.

Солар жайлы болса кейде жыр басы,
Дейді ме әке ұрпаққа сыр тыңдашы.
Өзгерсе де уақыттың сан өрнегі,
Аласармас Әкелердің тұлғасы!


Скачать


zharar.kz