Қарағанды облысы, Теміртау қаласы,
№ 14 Қарлығаш б б тәрбиешісі
Умирзахова Айхан Култаевна
Дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балаларға қарапайым математикалық түсiнiктерін қалыптастыру.
Қазіргі заманға сай білім беру жүйесінің басым бағыттарындағы өзгерістер қабілетті және шығармашыл өз бетінше әрекет ететін бастамашыл өз мүмкіндігін біліп, өз ойын іске асыра алатын жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесін мақсат етіп қойып отыр. Бұл мақсаттар мектепке дейінгі тәрбие және білім беру стандартында белгіленген. Соның ішінде мектепке дейінгі ұйымда Таным білім беру саласы бойынша математика оқу – іс әрекетінің маңызы зор. Бұл саланың мақсаты: жас ерекшеліктеріне сай танымдық іс - әрекет дағдыларын меңгерген, білім дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға қабілетті, қоршаған әлемді қабылдай білетін тұлғаны қалыптастыру.
Қазіргі заман талабына сай біздің тәрбиеленушілер балабақшаның қабырғасынан интеллектуалды болып, логикалық ойлары өте жоғары болып шығу керек, сондықтан балаларды білімді жеке тұлға етіп қалыптастыру тәрбиешінің міндеті. Балалардың танымдылық қабілетін дамытып, сабаққа қызығушылығын арттырудың негізгі бір жолы – дидактикалық ойындар. Ойын үстінде балалар жаңа заттардың қолданылуын, олармен әрекет жасау түрлерін, адамдармен қарым - қатынасқа түсу жолдарын меңгереді.
Мектеп жасына дейінгі балалардың жан - жақты дамуы үшін дидактикалық ойындарды қолдана отырып логикалық ойларын дамыта аламыз.
Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері балалардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі.
Дидактика бұл ежелгі грек сөзі, яғни didacticos – үйретуші, didascalos – мұғалім деген мағынаны білдіреді. Дидактика білім беру мен оқытудың теориялық негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы. Дидактика ойындар сонымен бірге кішкентай баларға мейілінше тән оқыту формасы болып табылады. Дидактикалық ойындар балалардың ойын әрекетіне тән құрылымы элементтерінің бірі: Ойын негізі төрт қағида бойынша жүзеге асады – мотив, мақсат, ойын іс – әрекеті, нәтиже. Дидактикалық ойындарда балалардың алдына қандайда бір мақсаттары мен міндеттер қойылады, оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті зейін қою, ой – күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу, іс - әрекеттердің жүйелілігі, қиыншылықтарды жою керек болады. Олар мектеп жасына дейінгі балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға, ұғымдарын қалыптастыруға, білім меңгеруіне көмектеседі.
Ойынды тәрбиеші баланың ойлау іс әрекетін жандандыруға арналған әдістемелік тәсіл ретінде қолданады. Жаңа тақырыпты түсіндіру, оны пысықтау үшін өткен тақырыпты еске түсіріп, қайталау үшін дидактикалық ойындарды пайдалану қажет.
Ойындардың мазмұны қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру геометриялық пішіндерді ажырата білу, санауды үйрету, 10 көлеміндегі сан туралы түсініктерін дамыту, шартты өлшеуіштің көмегімен өлшемдерді жүргізу, көзбен қабылдау, шамалау қабілетін жеткізу, кеңістікті бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру, затты тең екі бөлікке бөлу деген мәселелерге назар аударылады.