Алпыс бір мүшем келді мерттей болып,
Өтпедің сол мүшелден серттей болып.
Кешегі дулап жүрген ер Құлеке,
Су тиген, сөне қалдың өрттей болып.
Астынан көк өгіздің тас көтерген,
Арықтаған кісіні ас көтерген.
Туған жанның бәрі де өлмей тұрса.
Бұрынғы үлкен қайда бас көтерген?
Қара тасты астынан су көтерген,
Суға түскен мұнарды бу көтерген.
Туған жанның бәрі де өлмей тұрса,
Бұрынғы батыр қайда ту көтерген?
Құлеке, жиырмада арқар едің,
Отызыңда би, қырқыңда дарқан едің.
Кешегі дулап өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.
Кедейлік, жабыстың ғой бала жаста,
Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа.
Аш белімнен құшақтап айрылмайсың,
Көз танысың жоқпа еді менен басқа?