Әнші ӘмірқанЖұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды

Скачать

Әнші Әмірқан
Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым - тырыс бола қалады да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғады.
Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды.
Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін - өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақышын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол — тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рахаттанып, гүл - гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тойы, ойын - сауығы, қыз - келіншегі бар жерде өзін - өзі ұмытып айтады. Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды. (168 сөз)

Қызыл отау
Жүріп кетудің сәті де түсе қалды. Қызыл отауға үшінші түнеудің кешіне, Еркіннің түзетуге берген тарантасы кеп қалды. Қостанайға дейін қажымай апаратын пар ат та даяр болды. Сол күні кешке Әсия мені өз қасына қалдырып, ертеңіне таң салқынымен сапар шегетін болдық. Серігім болса - болмаса да Болқаш пен оның әйелі Жаңыл.
Әсия үйіне барардың алдында Еркін: Сен сыртта жүре тұр, үй маңына кісі келтірме! — деп әйелін шығарып жіберді де, өзі менімен біраз уақыт әңгіме жасады.
Ал, шырағым, сонымен жүретін болдың ғой енді? — деп бастады ол сөзін.
Солай ұйғардық қой.
Жақсы тілектер бұрын да болған, қазір де бар. Сондықтан ең алдымен айтар тілек - батам — сапарың оң болсын.
Рахмет, аға.
— Екінші айтарым: біздің еліміздің дәстүрінде аға мен қарындастың бірін - бірі қатты сыйлайтыны бар. Біз екеуміздің арамызда туысқандық ешбір байланыс болмағанымен, әлдене себептердің салдарынан, туыс адам сияқты халге жеттік. Егер сен бұл ұсынысты қабылдасаң, бұдан былайғы уақытта, мені ең жақын, ең адал туысыңның бірі көруіңді өтінемін. (152 сөз)

Қария
Кілем түсті кең даланы қақ жарып, көк табан темір жол жатыр. Жол бойында егіні жайқалып, малы қаптап колхозды көп ел отыр. Елден шыға топ - топ киік орғып барады. Елден жоғары самолеттер самғап барады. Біз поезбен зымырап келеміз. Сарыарқаның жазығы жеткізер емес, поезд жетпей қояр емес. Кешеден бері салғыласа аққан Сарысу жайына кетті. Күн жазықтан шығып, жазықтан батты. Дөңгелек там, қаптаған мал, орғыған киік — бәрі кейін қалды. Көз ұшында бурыл белес, күдіс - күдіс бұйраттар көрінеді. Сол көрінген сап - сары мыс болып елестейді. Мыс даласын көруге ынтықпыз.
Міне, жеттік. Сояу шөпті, белес - белес бурыл дала қаны қашқан қатпар бет секілді. Сырын ішіне, ызғарын сыртына тарта қарсы алды.
Кері даланың төсінде мыж - мыж болған бұйраттар жатыр. Сол бұйраттың бірінде аққу сынды таранып, ақ таяғын қолға алып, ақ көйлекті, ақ бас қарт отыр. Айналасынан жан - жақтың бәрі көрінетін қарауыл төбенің басында Мыс тарихпын дегендей қарсы қарап нық отыр. Қарт сөз бе, ән бе, зар ма, не айтып отырғаны белгісіз, әйтеуір бір сарынға түсіп алып ыңылдайды. (156 сөз)
(Ғ. Мұстафиннің Көз көрген романы жинағындағы
Жезқазған әңгімесі)

Қызық әңгіме
Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Құрығын тірсегінен шорт кескен күдік торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, аққұлақ араласқан көк өлеңді борт - борт үзе бастады.
Ауызғы үйде бұл жақтың белгісіндей тықыр білдірмей сергектікпен тосып отырған Ербол, Абай әні шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны білінсе де, қыздың осыдан әрі сөз бетін ашқысы келмегендей. Ысқақтар жасы кіші болғандықтан, Абайға сәлем беріп келіп аттарынан түсті.
Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң, енді Абай сөз байлауын білдіреді.
Жайлы, жылы қоныстың ішіне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын ыстық шаймен сыйлатты. Бірақ бүгін де кешегідей күні бойы түлкі кездеспей, кешке жақын ғана көрінді.
Бұл көршілер осы көктемнен бері Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгімелер айтысып отыратынын біледі. Баймағамбеттің әңгімесі жаңа басталғанда, бұл екеуінің қастарына отыра берген Кішкене молда, Байторылар ырза болысты. Тың адам келді екен деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді. (161 сөз)
(М. Әуезов)

Шоқан Уәлиханов
Шоқанның шын аты — Мұхамедханафия. Анасының еркелетіп қойғаны — Шоқан. Шоқыдай биік, таудай асқақ деген мағынаны білдіреді.
Шоқан бес жасында хат таныған. Әкесі Шыңғысқа ескі жыр - дастандарды жазып алуға көмектескен. Әкелі - балалы екеуі ауыл төңірегін көгалдандырумен шұғылданған.
Шоқанның туып - өскен мекені дегенде, Құсмұрыннан сол ойға оралатыны — Сырымбет. Осы өңірдің даласы, орман - тоғайы, көлі мен тауы — Шоқанның бала кезден аралаған, сұңқар алып, саят құрған жері. Құсмұрын мен Сырымбетке соққан сайын, қазақ халқының тарихы, тұрмысы, өнері туралы мол мұра жинақтаған.
Бірде Шоқан жолдастарымен кадет корпусы ауласында тұрады. Корпустың Ертіс өзеніне шығар қақпасынан ұшы - қиырсыз қазақ даласы әдемі көрінеді екен. Сонда қарап тұрып Келешекте мына аяқтар қай жердің топырағын басарын бір құдайдың өзі білсін! — деп қиялға шомылыпты. Кейіннен Шоқанның бұл арманы жүзеге асады. Қашқарияға сапар шегіп, күрделі еңбектер жазады. Петербургте әйгілі ғалымдар алдында баяндама жасады.
Дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Шоқан 1865 жылы Матай тауының етегінде қайтыс болған. Шоқанның есімімен аталып, тарихи - мұражай ашылған. (152 сөз)

Ұлы тұлға
М. Әуезов — бір туар кесек тұлға, таным - тамырлары терең жайылған күрделі талап иесі. Оның жан сарайын түсінуге тырысу - қазақпын деген әр адамның асыл парызы. Оның өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде, Ұлы Абай есімінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұқтар тұлғасы толық ашылмайды.
Роман соңында қу өмірде шер - шеменін арқалап, қырық жамау жүрегі соңғы рет соғып жатқанда ұлы адамның былай дейтіні бар:
Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?
Сол зарға жауап ретінде Дәрмен аузымен сөз айтылады: Абай аға, қадірлім! Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір апаға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын… Бірақ ен дала, мол сахараның бойында ол дәндерің өсіп келеді… Көп өсіп, көктей өсіп келеді…
Өсе бермек күн санап та, жыл санап… Сол үшін де өз өмірімде, өле - өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан! — деп үн қатып серт етеді. Сол дән — Мұхтар болатын. (148 сөз)

Терме
Жақып өлді. Одан бір жұма кейін, жығылғанның үстіне жұдырық деп, Мұқашым өлді.
Баламның тірі кезінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына түскен азын - аулағының жартысын жырып беріп жүрген Ысмағұл не қылды?
Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді? Сол тірі болса, маңына келе алар ма еді?
Бұны жалатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Мен сонда баламды бір пұшыққа бермек пе екем?
Менің үйім — осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қарашаңырағының құруға айналып отырғаны — мынау. Құрымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа, тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па?
Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай, күңіренгені не керек?
Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр?
Бұрынғы бейнет, бейшаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың не жазығы болып еді? (143 сөз)
(М. Әуезов)


Скачать


zharar.kz