Ел еді егіз жатқан керей, найман,
Шығады сөз болмаса мизан қайдан.
Қазақтың хан билеген заманында
Жау бопты қазақ, қалмақ барымта алған.
Батырға болып қайран кек қайтарған,
Еселеп жылқы апты ұраңқайдан.
“Төбесіз жер, төресіз ел болмайды”– деп,
Төре сұрап алыпты Абылайдан.
Керейге төре болып Ажы төре,
Қазақты құл қып езген бұл бір төбе.
Еш адам оған батып сөз айтпады,
Маңайын қан қақсатып бүлдірсе де.
Арқалық батыр шыққан қарақастан,
Батырға елі де үлкен үміт артқан.
Әкесі кедейліктен кейіс көріп,
Әке үшін тақсіретін бала тартқан.
Жаушылап қазақ, қалмақ мал қуысып,
Бітім жоқ шабыс бопты қан жуысып.
Сол кезде он сегізде ер Арқалық
Жауымен сан айқасқан бел буысып.
Жолдасы Арқалықтың Жұбай деген,
Бір - бірін жан емес “сен бұлай”, – деген.
Руы ботақара деп айтады,
Арқалық түйдей құрдас Жұбайменен.
Шатай, Тұяқ, Ситанды жолдасқа алып
Бесеуі жылқы әкелген жауға барып.
Көкшұбар жылқы ішінде сұлу жорға
Ат екен көрген адам таң қаларлық.
Жау болған Ажы төре ұраңқайға
Түсіпті барымтадан оған пайда.
Керейлік Бейсенбі би бесеуінен
Сауға деп Көкшұбарды алды жолда.
Төреге жеткен екен осы хабар,
Шақыртып Арқалыққа төкті қаһар.
“Жорғаны неге бердің сауғаға”, – деп,
Дүренің астына алды сұрап сауал.
Малсызды бай мен төре жарата ма,
Кедейлік ар, ұятқа қарата ма?
“Арқалық, ұрлығыңды қойғайсың!”– деп,
Қорғасын құйды сонда алақанға.
Төренің кім шыдайды зардабына
Басқанда жер қайысқан салмағына.
Төренің зардабына шыдай алмай
Келдім де егін салдым жан қамына.
Шал еді әкем Бөрібай жасы келген,
Шешеміз ерте күнде жасымда өлген.
Қатын мен бес жасар бір баламыз бар,
Туыс жоқ тек сол бала соңыма ерген.
Сармаса ала жаздай егін салдым,
Бір сиыр, бір байтал бар барлық малым.
Тары пісіп, келі түйіп ішкеннен соң
Тоғайып соныменен әл жинадым.
Жатыр ем, түн ішінде біреу келді,
Жүрегім аттай тулап қоя берді.
Атының бет алысы – ақыр заман
“Арқалық, шақырған, шықшы бері”.
Қарбаңдап әлгі жерде түрекелдім.
Жадағай жаман шекпен бойыма ілдім.
Шошынған соң төреден сорлы басым:
“Кеп жүрген түн ішінде кімсің? ”– дедім.
“Арқалық жастан шыққан бағалы ерім,
Бәйметей деген мен бір ағаң едім.
Қарақас, ботақара, төленгіттен
Бұйрықты жетсін” деген ала келдім.
Әкем Бөрібай шал естіп күңіренді,
“Келін - ау, от жарық қыл үйге” деді.
Бәйметей, жарықтығым не деп тұрсың,
Сөзіңді үйге кіріп ұқтыр!”– деді.
Бәйметей істің жайын түгел теріп,
Бөріге мәлімдеді үйге кіріп.
Төреден алпыс жылқы анау күні
Айдап бір әкеткенін дөрбіт келіп.
Жұмсамақ осы жауға Арқалықты,
Батыр деп бұған артпақ бар салықты,
Батырым тез келсін деп күтіп отыр.
Байқаймын, төре осы іске жан салыпты.
“Бәйметей мына сөздің түрі жаман.
Ақырын өзі оңғарсын хақ жасаған.
Болмағай іске душар Арқалығым
Жүрекке қайғы екен бір зақым салған.
(Ержан Ахметов нұсқасы)
Ержан Ахметов 1879 жылы туылған. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Шілікті совхозында болған. Дүниеден қашан өткені туралы деректі таба алмадық. Ержанның “Мырзаш батыр” деген поэмасы бар және “Қыз жібек”, “Бахтияр”қатарлы лиро - эпостық жырларды жатқа білген. Ержан Ахметов бұл жырды ХІХ ғасырдың соңында Көтбай ақыннан үйренген.