Жоспары:
І. Кіріспе бөлім
ІІ. Негізгі бөлім
1. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі.
2. Қара сабынның жасалу жолы
3. Қара сабынның керемет қасиеті
4. Қолдан жасалған табиғи сабын
ІІІ. Қорытынды
Қ. Мұхамеджанов №1 мектеп - гимназиясының 4 “Ә” сынып оқушысы Өтеген Асылжанның “Табиғат таңғажайыптары” бағыты бойынша “Ғажайып табиғи қара сабын” деген тақырыпта жазылған ғылыми жобасына
Пікір
Бағзы халқымыздың көшіп - қонып, жаз - жайлау, қыс - қыстауда күнелтіп жүрсе де, өзінің кір - қоңын киім - кешегін, көрпе - жастығын мұнтаздай таза ұстауының сырын, немен тазартқанын, тазартқыш табиғи заттың құрамы туралы және сабын жасаудағы жаңа табиғи әдісті ұсынуы оқушының ізденімпаздығын көрсетеді. Өтеген Асылжан ғылыми жұмыс жазуға, ізденуге ғылыми пайымдаулар жасауға қабілеті мол екенін байқатты. Асылжанның ұмыт болған тарихи деректерді ізденуі басқа оқушылардың қызығушылығын оятты. Ізденушінің ой - оралымдары ғылыми дәлдікке негізделген, көңілге қонымды. Зерттеу ғылыми жұмыстардың талабына сай жазылған. Асылжанның ғылыми жобасы келешекте ізденулерімен толықтырылады деп сенемін.
Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі
Адам - табиғаттың перзенті, бір бөлшегі. Табиғат - адамның асыраушысы, яғни тамағы, киімі, үй - панасы, дәрі - дәрмегі. Әрбір тұтынған затымыз таза табиғи болса - деніміз сау болады. Бүгін мен сіздерге таңғажайып табиғаттан алынатын - қара сабын туралы мағлұмат бермекпін. Медицина дамымаған кезде жұқпалы дертпен қалай күрескен? Қазіргі дәріхана сөресінде толып тұрған дәрі - дәрмек орнына не қолданған? Міне, осы сұраққа жауап іздедім. Тапқан жауабымды сіздерге жеткізсем деп едім. Ғажайып табиғаттың сырын білген халқымыз жұқпалы дертке ем болатын және адам қажетіне жараған сабынды ерте кезден – ақ қолдан әзірлеген.
Жетекші:
№1 мектеп - гимназиясының
химия – биология пәнінің
жоғарғы санатты мұғалімі: Доскеев Ж.
Алабота (лат. Atriplex) — біржылдық шөп текті өсімдік.
Биіктігі 20 — 80 см, кезек жапыратқты, шөлге шыдамды өсімдік. Денесінде ұсақ тозаңы болады. Орталық Азияға, Қытайдың батыс бөлегіне (лат. Atriplex centralasiatica), және өзге бір түрі Сібірге көп тараған. Жемісін күзде жиып алып дәріге пайдаланады.
Қара сабынды жасардағы ырымдар:
1. Үйдің айналасы оңаша тыныш болған
2. Қайнап жатқан сабынды ешкімге көрсетпеген
3. Дайын сабынды қатқанша ешкімге бермеген
4. “Бұзаушық” сабын жасап, жас аналарға берген
5. “Сопақша” сабынды қызмет көрсеткен қыз - келіншектерге берген.
Қара сабынның керемет қасиеті:
1. Кір қоңды кетіру деңгейі жоғары (бұрын қазақ майлы тағамдарды, етті көп жегендіктен, киімдері соған сай майласып кететін, оны тап - таза етіп қара сабынмен жуған. Қазіргі кір кетіргіш тазартқыштар сияқты қолды бөріттіріп, қышытпаған.
2. Жұқпалы тері ауруының емі. (Қышыма, қотыр, бөрітпе, безеу сияқты жұқпалы ауруларға кір сабынды жағып күніне төрт - бес рет жуған)
3. Шаш тазартқыш (Қазақ қыздары төгілген қара қолан шаштарын осы қара сабынмен жуған. Шаштары майланбаған түспеген.
4. Тұмау емі (тұмауратқан адамға жұқа матаға қара сабынды сулап жағып, иіскеткен. Әр иіскегенде он минут жұмсаса мұрны ашылып аурудан тез айыққан.
5. Ыдыс тазартқыш (ыдыс - аяқтарын қара сабынды суға езіп сумен жуғанда ыдыс тап - таза болған)
Қолдан жасалған сабын несімен тартады?
• Бұл экологиялық таза өнім. Оның негізі – табиғи балаларға арналған сабын, глицерин, эфир майы, шөптер.
• Тазартудан бөлек (негізінен сол үшін қолданылады) ол косметикалық тұрғыдан да әсер етеді. Ал бұл үшін өте маңызды.
• Қолдан жасалған сабынның сыртқы пішіні де тартымды. Бұл дүкендегі ұсқынсыз, химиялық хош иісті сабын кесегі емес, оның әр шығарылымы өздігінен қызықты әрі ерекше.
• Сабынды қолдан жасау барысында клиенттің қалауы мен қажеттіліктері ескеріледі. Құрамы: түс, көлемі, пішіні – барлығы да арнайы тапсырыс бойынша жасалына алады.
• Қолдан жасалған сабын жас балаларға да, жасы үлкендерге де ерекше сыйлық бола алады.
• Қолдан сабын жасау бизнесін ұйымдастыру үшін көп қаражат қажет емес. Ғимаратты жалға алудың және арнайы құрал жабдықтарды сатып алудың қажеті жоқ. Енді мен сіздерге сабын дайындауды көрсетейін.
Сабын жасау үшін не қажет?
1. Балаларға арналған сабын қажет.
2. Майлар, шөптер, сүт, бал т. б.
3. Толықтырушылар (бояулар)
Балалар сабынын үккіштен өткізіп, су құйып қыздырамыз да, май, шөп, сүт, бал т. б. қосып қоймалжын қалыпқа енгенше баяу отта қайнатамыз.
Қазақтың қара сабыны
Бағзы халқымыз көшіп - қонып, жаз жайлау, қыс қыстауда күнелтіп жүріп, өзінің кір - қоңын, киім - кешегін, көрпе - жастығын мұнтаздай таза ұстаған. Даласы қалай таза болса, үй - іші де сондай ретті, оюлы сырмағы қағулы, түскиіз, шымылдығы жуулы тұратын. Әсіресе, халық өзі қолдан жасайтын қара сабыны кірді кетіруімен, емдік қасиетімен, үнемділігімен ерекше. Бүгіндері ұмыт болып бара жатқан бұл сабынды жасаудың өзі оңай шаруа емес.
Сақар – күлден шығады
Бізде мұны қара сабын деп атайды. Қара сабынды жасаудың бірнеше кезеңі бар. Әуелі, сары күзде буыны пісіп, сабағы қатайған алаботаны бір жерге жинап өртейді. Кейініректе күнбағысты соғып алған соң, оның қапағын кептіріп, соның да күлін пайдаланатын болды. Алаботаның күлін суытып, кендір қалтаға салады. Әсіресе, кесек - кесек боп ұйыған күл қорытпасынан сақар көп шығады. Күлің қанша көп болса, сонша жақсы, себебі, төрт - бес қалта (дағар) күлден, жарты қалта сақар алынады. Қалтадағы күлді шиден жасалған шыптаның үстіне жұқа бұл жайып, айналасын кенеулеп, ойыққа төгіп, астына үлкен тегене қояды, күлдің үстінен сақылдап қайнаған суды құяды. Сол кезде күлдің сөлі, нәрі сумен бірге ағып, тегенеге жиналады. Сол суды тұнытып, астындағы тұнбасына қоспастан майланған қазанға құйып қайнату керек. Нілі сорғыған күлді ауыстырып, жаңалап, астындағы жиналған суды тұндырып, майланған қазанға дер уақытында құйып алу керек. Қарағай, қайың, тораңғы секілді бір қалыпты маздап жанатын ағаштармен қайнаған күлдің суы құрғақ сақарға айналады. Төрт - бес қазан күлдің сөлді суынан жарты қазан сақар жинауға болатынын ескерсеңіз, қыруар еңбектің жемісі арқылы келетінін бағамдай беріңіз. Мұнда ескеретін бір жайт, күнбағыстың яки алаботаның күлі болса да, оның үстінен құйған сумен ағатын ащы нілі көбірек болғаны өте маңызды. Әдетте, тегенедегі күл суының түсі қызылкүрең бояуға жуық. Оны қайнату барысында, алған сақарыңыз майда, уытты болады. Бұл өзара қоспалар арқылы ажырату әдісі. Бұрынғы апаларымыз күз келсе болды, алаботаны өртеп, неғұрлым көбірек сақар жинауға ұмтылатын. Себебі, алған сақары бір жыл бойы сабын жасауға жетуі керек. Сақар – сабын құрамының негізгі қоспасы. Сақар алу барысы бір күннің шаруасы емес. Бір қазанмен қайнатар болсаңыз, үш - төрт күн қатарынан нілді суды қайнатқанда, үлкен бір әулеттің бір жылдық сабынына қажетті қоспаны даярлай аласыз. Мұны үш - төрт түтін бірігіп, бірге алабота өртеп, күлдің нілін ағызып, одан сақар жасап та жатады. Есесіне, үш - төрт жерошаққа қара қазан асып, сақарды да көбірек алуға тырысады.
Сақардың сабын жасаудан бөлек, өзіндік емдік істерге қолдануға тұрарлық қасиеттері де жетерлік. Соның бірі – әртүрлі ауруға шалдыққан малдарды емдеуге жарамдылығы. Әсіресе, бақана, аусылмен ауырған малдардың тілін, аша тұяғын осы сақармен емдеп, тұяқтарын сақарлы суға малып, жазып алатын бұрындары.
Қара қазан қайнаған
Біз сабынға қажетті ең негізгі қоспаны алуды үйрендік делік, енді сабынды қалай жасауға болатынын айталық. Ауыл - аймақта сабын жасау үрдісі үш - төрт ақ жаулықтыға ғана бұйыратыны бар. Өйткені, сабынды көрінген адам қайната алмайды. Мұнда халқымыздың түсінігінше, сабыны дұрыс қайнамаса, тасып - төгіліп кетсе, дұрыс жасалынбаса, сабын қайнатқан адамның жолы ауыр болады деп пайымдаған. Жақсылыққа жорымаған. Мұндай кезде сабын жасайтын адам қазан маңына бөгде кісіні жолатпаған. Көбінесе, оңаша, қалтарыс жерде қасындағы от жағып, ошақтың күлін төгіп, қолғабыс ететін адамнан басқаларға қазанға қарауға рұқсат бермейді. Бұл – ырым. Оны бұлжытпай орындау өте маңызды. Алдымен, ішіңізден бісімілләны айтып, Алладан игілікке істеуін сұрайсыз жасар жұмысыңызды. Әбден тазалап жуылған, майланған қазанға бір кесе сақар салсаңыз, оның үстіне дәл сол кесемен қойдың немесе басқа малдың екі кесе майын қосасыз. Бұл жерде қандай малдың немесе ненің майын қосуыңызға байланысты өзара теңшемелі бұл өлшем өзгеруі де мүмкін. Қазаныңыз үлкен болса, үш - төрт кесе сақар салып, соған сай май құясыз да, еппен қайната бастайсыз. Қазаныңыз қайнаған сайын оны арнайы ағаштан жасалған қалақшаңызбен үзбей араластырып отырыңыз. Бұл күймей, барлығы бір қалыпты қайнау үшін қажет шара. Қазан үш рет қайнайды. Р рет қайнаған сайын, бетіне суық су бүркіп, ожаумен аздап құйып отырасыз. Үшінші рет қазаныңыз тасыған соң барып, қазандағы араласпаңыз басын болды деуіңізге болады. Бір қазан сабынды ыстық күйінде сабынға бөлудің де өз жөні бар. Егер жасаған сабыныңыз көп болса, үлкен сабыннан екі - үшеуін домалақтап, арнайы матаға әдемілеп орау ләзім. Мұндай сабындар көбінесе кір - қоң жууға арналады. Жалпы, сабынды көптігіне қарай, үшке, беске, жетіге бөледі. Тақ санға бөлудің де өзіндік мән - маңызы бар екендігі анық. Кейде сабын әбден даяр болғанда оның ішіне жуылған, майдалап түтілген жүнді қосып жатады. Бұл жыл бойы істету үшін домалақтап жасаған сабыныңыз бөлініп кетпес үшін қолданатын амал.
Бұзаушық
Сабын жасаған күн отбасы үшін үлкен мереке сынды. Бұл өзі михнаты көп жұмыс болғандықтан әрі кім көрінген жасай бермейтіндіктен, ауыл жұртшылығы кім сабын жасаса соған сәлем айта келіп, сабын қалап - сұрайтыны бар. Қазандағы сабынды үлкен шүберектерге әртүрлі деңгейде ораған соң, қазанның түбінде қалған азырақ бөлігін кішкентай ғып, әдемілеп домалақтап, балаларға сақтайды. Мұны бұзаушық деп атайды. Бұзаушық баланы шомылдырғанда істетіледі. Мынау сенің бұзаушығың деп, қыз балаларға меншіктеп беретін де дәстүр болған. Кейде көрші - қолаңның келіндері қасына жас баласын ертіп келетіндіктен, баласына арнайы бұзаушық жасап та беретін болған. Ауыл - аймақ сабын сұрап келсе, өзінен артылғанын беру дағдылы іс. Бірақ үлкен сабынды ортасынан бөліп, жартысын беру дәстүрі жоқ. Ондай кезде сабыннан берекет, үйден құт кетеді деп ырымдайды.
Ұсыныс
1. Мектепте қолдан сабын жасау үйірмесі ашылса
2. 4 - ші сыныптың еңбекке баулу пәніне қолдан сабын жасау әдісі енгізілсе
3. Ауыл шаруашылығында жұқпалы мал ауруы аусылды қара сабынның сақарымен емдесе.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. “Дала мен қала” газеті №4 2012 жыл
2. “Жұлдыз” журналы №3 1998 жыл
3. “Ақпарат материалдары” (интернет)