Тақырыбы: Өнерлі елдің өресі биік .
Мақсаты: Оқушылардың ой - өрісін, білімін жан - жақты кеңейту. Жас ұландардың өнерге қызығушылығын ояту, шығармашылық қиялын, қабілетін, көркемдікке деген бейімділігін дамыту.
Көрнекілігі: Плакаттар: Өнерлі елдің өресі биік , Өнерлі өрге жүзер , Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді , Ребус, таулы аймақ, құрлық және судың суреті салынған плакаттар, техникалық құралдар.
Түрі: Сайыс.
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі біздің Өнерлі елдің өресі биік атты тақырыбындағы сайысымызды ашық деп жариялаймыз. Сабағымыздың эпиграфы ретінде Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді деген М. Әуезов атамыздың қанатты сөзін алып отырмыз. Бұл сабақты өткізудегі мақсатымыз оқушылардың музыкалық білімін, ой - өрісін жан - жақты кеңейту, өнерге қызығушылығын ояту, шығармашылық қиялын, қабілетін, көркемдікке деген бейімділігін дамыту.
Ол қарапайым алты шарттан тұрады.
1. Сәлемдесу (қатысушы екі топ өздерін таныстырады).
2. Тақырыпқа байланысты сұрақ - жауап.
3. Қатысушы екі топ өздерінің үйден дайындалған бір ұлттық бұйымдарын таныстырады.
4. Өнер сайысы сурет салу.
5. Тапқырлар сайысы. (киім пішу).
6. Қорытынды:
Қатысушы топтар:
1. Қайсар тобы;
2. Жігер тобы.
Қазылар алқасымен таныстырып өтетін болсақ, олар:
1.--------------------------------------------------
2.--------------------------------------------------
3.--------------------------------------------------
Ендігі кезекті сайысқа қатысушы оқушыларға берейік.
Әнге толы қазағымның тірлігі,
Кіріп тұрса ынтымақ пен бірлігі.
Әр жүректе бүршік жарып гүлдейді,
Сезіміңді сергітетін жыр гүлі.
Мәнге толы қазағымның тірлігі,
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
Кеше ғана керексіз ғып тастаған,
Ғажап екен әдебі мен ғұрыбы.
Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз
Барлық ұлтпен бауырласа жетерміз,
Ақ, қараны тіліп тұрса сөзіміз.
Бүгінгі біздің Өнерлі елдің өресі биік тақырыбындағы өнер сайысына қатысушыларға сәттілік тілей отырып, алдымен Қайсар тобын ортаға шақырамыз.
І. Сәлемдесу (қатысушы екі топ өздерін таныстырады).
Сәлемдесу шарты әр қатысушының өз еркі.
Қайсар тобы.
Біз қайсармыз, адал ниет бауырмал,
Біз қайсармыз, серілікпен танымал.
Біз қайсармыз, қарсыласқа жақсылығын тілеген,
Қазақ өзі дана халық танып ал.
Қазақ елі, байтақ ел, жазиралы,
Біздер сол еліміздің ұландары
Қайсармыз деп мақтанып, жар саламыз,
Тобымыз да Қайсар деп аталады.
Жүргізуші: Ендігі кезекті Жігер тобына береміз.
Жігер тобы.
Қонақ болып Қайсарға еніп едік,
Қанша жыл достыққа да берік едік.
Күн астында ұзақ жыл өмір сүріп,
Мәңгілік мекен етіп тұрып едік.
Алыстан, ыстық жақтан ат арытып,
Жігертіп өздеріңе келіп едік.
Бүгінгі сайысымыз сәтті өтер
Сол сеніммен сайысқа бізде келдік.
Осымен бірінші шарт аяқталды. Қазылар алқасынан екі топтың бағаларын сұраймыз.
Жүргізуші:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба,
Ойнап, босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрседен асық бол.
Адам болам десеңіз
Өсек, өтірік, мақтаншақ
Еріншек бекер мал шашпақ.
Бес дұшпанын білсеңіз
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қоймас
Бес асыл іс көнсеңіз, - деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, келесі сұрақ - жауап шартына көшеміз, яғни тақырыпқа байланысты екі топқа ортақ сұрақтар қойылады.
ІІ. Тақырыпқа байланысты сұрақ - жауап.
1 Бейнелеу өнерінің түрлері қандай?
2 Технология пәні нені үйретеді?
3 Қазақстанның тұңғыш қылқалам шебері кім?
4 Ұлттық бұйымдарды ата?
5 Қандай мата түрлерін білесің?
6 Инеден қорғайтын саусақ ұшына киетін зат?
7 Түстер неше топқа бөлінеді?
8 Қысқа мерзімді орындалған суретті қалай атайды?
9 Қазақ халқының ежелден келе жатқан қолтаңбасы?
10 Зергерлік бұйымдарды кім жасайды?
Жүргізуші: Қазылар алқасы сұрақ - жауап шарты бойынша бағасын беремін дегенше, музыкалық сәлемдемемізді қабыл алыңыздар.
ІІІ. Үй тапсырмасы.
Алдымен Қайсар тобы өздеріңізге кезек береміз.
Жүргізуші: Міне, осымен біз екі топтың қолөнер бұйымдарымен танысып, тамашалап болдық, ендігі кезекті әнге берейік.
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Әні.------------------------
Жүргізуші: Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық, - деп Абай атамыз өзінің нақыл сөзінде келтіргендей, біздің сайысқа түсіп отырған мықтыларымыз қаншалықты, осы бүгінгі Өнерлі елдің өресі биік деген тақырыбымызға байланысты мақал - мәтелдер немесе нақыл сөздер біледі екен, соны сынап көрейік.
Екі топ та мақал - мәтелдер айтады.
ІҮ. Өнер сайысы сурет салу.
Жүргізуші: Мінекей, құрметті сайыскерлер, біз өнер сайысына да келіп жеттік.
Бейнелеу өнерінің бір түрі матрица үлгісінде сурет салу өнерлеріңізді ортаға салуға әбден болады. Сонымен, бірінші Қайсар тобы. Екінші: Жігер тобының жетекшілерін немесе бір мүшелерін ортаға шақырамыз.
Жүргізуші: Құрметті қазылар алқасы, өздеріңіз куә болғандай, екі топ та өздерінің тамаша өнерлі екендіктерін көрсетті. Сіздерден сұрайтынымыз, олардың әділ бағаларын берсеңіздер.
Жүргізуші: Осымен, сайыскерлер, өздеріңіз асыға күтіп отырған сайысымыздың соңғы шарты Тапқырлар деп аталады. Біздің білімді де өнерлі екі топтың мүшелеріне қоятын келесі шартымыз өздеріңнің топтарыңның бір мүшесіне киім пішіп кигізіп таныстыру.
Қазылар алқасы Тапқырлар сайысы бойынша екі топтың бағасын береді.
Жүргізуші: Сонымен, біздің Өнерлі елдің өресі биік тақырыбындағы сайысымыз өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы жалпы қорытындысын шығарғанша ән тыңдайық.
Қазылар алқасының мүшелеріне қорытынды сөз беріледі.
Мұғалім: Осымен біз бүгінгі сайысымызды қорытындылайтын болсақ, мен ұлы Абай атамыздың 7-ші қарасөзінде айтып кеткен нақылын мысалға ала отырып, аяқтағым келеді. Яғни, жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Біреуі – білсем екен деп тұрады. Не көрсе, соған талпынып, жалт - жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, сырнай - керней болса дауысына ұмтылып, өзі соған еліктеп, ыңылдап ән салып, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегендік , - дейді.
Бұл орайда менің оқушыларға айтарым ешқашан ерінбей, өнер, білім қу және де жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл , - дегім келеді.