Балық ризашылығын білдіріп

Скачать

Өзiн - өзi тану сабағының жоспары

Тақырып Жақсылықпен жаным дос
Құндылық Ішкі тыныштық
Қасиеттер өзіңді - өзің алдамау, шыдамдылық, байсалдылық

Сабақ мақсаты: Өмірде жақсылық жасауға үйрете отырып, ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері:
- оқушыларды өміріндегі қиыншылықтарды шыдамдылықпен жеңуді ұғындыру;
- жақсылыққа ұмтылып, өзіңді - өзің алдамауға тәрбиелеу;
- іс әрекетті сабырлықпен, байсалдылықпен шешуге үйрету.
Ресурстар: (құралдар, мәліметтер)
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi.
Нұрға бөлену (оқушылар өз әсерлерімен бөліседі)
2. Үй тапсырмасын тексеру (мәтінмен жұмыс)
Үй тапсырмасына №7 тақырыптағы Жақсылыққа жақсылық ертегісін үйден оқу және өз ұсыныстарын жинақтап, осы ертегідегі теріс қылықтардан арылып, риясыз жақсылық жасаған көріністерді естерінде қалуы үшін суреттер салып келу.
(Оқушылардың үйден салып келген суреттерін талқылау).
Ертегі бойынша пікір алмасу сұрақтары:
1. Баланың орнында сендер болсаңдар не істер едіңдер?
2. Бала өзімшілдігінен қалай айрылды?
3. Сендердің риясыз жақсылық жасаған кездерің болды ма?
Сабақ барысын талдау:
3. Дәйексөз.
Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды міндет етпе! Ыбырай Алтынсарин

- Адамдар бір - біріне риясыз жақсылық жасаудан жалықпаса өмірде не орнайды?
- Жақсылықтың өтеуін сұрау қажет пе?
- Өмірде жақсылық жасаудың маңызы қандай?

4. Әңгімелеу
Жақсылық пен Жамандық
Ертеде Данышпан ата өз ұрпағын сынау үшін адамның оң иығына жақсылықты, сол иығына жамандықты отырғызып қойыпты. Адам бір іс жасарда жақсылық “істе” десе, жамандық “істеме” деп сыбырлайды екен. Сөйтіп адамның бойында қай қасиет басым екенін байқамаққа оны сапарға аттандырыпты. Адам біраз жол жүріп, өзен жағасымен шаршап келе жатса, судың жағасына шығып қалған балықты көреді.
Балық секіріп суға жете алмай жатыр екен. Жақсылық жаны ашып:
- Адам, ана балыққа көмектесіп жібер, - десе, Жамандық:
- Қой, жөніңе жүре бер, уақытыңды алма, - дейді.
Адам балықтан әрірек асып барып, мойнын бұрып қарайды. Балық шарасыздан көзі жәутеңдеп, көмек сұрағандай болады. Адам шыдай алмай кері бұрылып барып, балықты суға салып жібереді. Балық ризашылығын білдіріп. Суда ойнақшып, секіріп, құйрығын бұлғақтатып суға сүңгіп кетеді.
Адам одан әрі жүре береді. Бір теректің қасынан өтіп бара жатып, шыр – шыр еткен дауысты естіп тұра қалады. Қараса, кішкене ғана торғайдың балапаны ұясынан құлап қалған екен. Еңкейіп енді көтерейін деп жатса, Жамандық:
- Осы торғайдың балапанына бола жолдан қалмақпысың? Оны көтеріп ұясына салу үшін, теректің басына шығу керек. Мерт болсаң қайтесің? Өзің далада ит – құсқа жем боласың ғой, - дейді.
Адам ойланып тұрып қалады. Осы сәтте Жақсылық:
- Ей, адамзаттың баласы, сен әлсіздерге қорған болып, қол ұшыңды беру үшін жаратылғансың. Мына бейшара балапанды ұясына сала кет. Шарапаты тиеді, - дейді.
Адам тағы да шыдай алмай балапанды алып, теректің басына өрмелеп шығып, ұясына салып кетеді. Балапан шиқ – шиқ етіп, қанатын қағып, разы болады.
Адам демалып алмақшы болып отыра бергенде, аяғының астында бидайдың дәнін әрең сүйреп бара жатқан құмырсқаны көзі шалады. Құмырсқа дәннің о жақ, бұ жағына шығып, қозғауға ыңғайлы ретін таба алмай, ісі өнбей келеді екен. Адам әуелі жамандықтың айтуымен құмырсқаны дәнінен айырып тастағысы келіп оқталады да, шыр-пыр болған Жақсылықтың сөзіне құлақ түрді. Ол:
- Әй, адам-ау, қалай ғана адамдығыңнан айнып кетуге әзір тұрасың. Бұл құмырсқа өзінен үлкен дәнді сүйреп, машақаттанып келе жатқанда, қол ұшыңды көрсетіп жолына салып жіберудің орнына, оны қызықтап, ермек қылғың келгені қалай? Одан да еңбек етуді осы кіп-кішкене тіршілік иесінен үйренбейсің бе? – деп налыған екен.
Адам өз ойынан ұялып, райынан қайтады. Сөйтіп Данышпан ата ұрпағын алдына шақырып алып:
- Міне, балам, жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың. Мен саған үш сын бердім, үшеуінен де өттің, разымын. Енді осылай адамдығыңнан айнымай, айналаңа қамқор болып, жамандыққа жоламай, жақсылыққа жолдас бол, - деп батасын береді.
Содан бері адам баласы жақсылықпен мұратына жетіп келеді екен.

Сұрақтар:
• Жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың деген ой туралы қандай пікір айта аласыңдар?
• Неліктен адам Жақсылықтың айтқандарын орындады деп ойлайсыңдар?
• Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?
• Жақсылық жасау адамның міндеті ме, әлде парызы ма?
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Екі топқа екі түрлі ертегіден үзінді беріледі. Балалар ертегі желісі бойынша туындаған оқиғадан шығу жолдарын іздестіруі тиіс. Олар топ болып бірлесе отырып, ойланып әңгімені өз ойларымен жалғастыру қажет.
І топ Қарлығаш пен дәуіт ертегісі
Бір қарлығаш ұя салып, балапандарын асырап жүреді. Бір күні жауыз жылан балапандарды жегісі келіп, ұя салынған ағашқа өрмелеп шыға бастайды. Қарлығаш жыланды көріп, қатты қорқып, қорғап қалатын арашашы іздейді.
...........................ертегіні өз ойларыңмен жалғастырыңыздар!
ІІ топ
Жолбарыс мен тышқан ертегісі
Бір күні жолбарыс ұйықтап жатқан кезде, тышқан келіп, оның үстінен жүгіріп өтеді. Жолбарыс оянып, тышқанды ұстап алады. Тышқан жалына бастайды: Егер мені жіберсең, мен де саған жақсылық жасармын , дейді ол. Жолбарыс тышқанның жақсылық жасармын деген сөзіне күліп, оны босатып жібереді.
..............................ертегіні өз ойларыңызбен жалғастырыңыздар!
Екі топ тыныштықта сурет салу.

Топпен ән айту.
Жақсы адамдар Әні мен сөзі: А. Оралов

1. Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,
Жақсы адамдар – бұзылмас тас қамалдар.
Табаныңның астында жатады әлі
Пенделіктен өресі аспағандар
Қайырмасы:
Жақсы адамдар, жақсы адамдар,
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.
Жақсы адамдар, жақсы адамдар,
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.
Жақсы адамдар.
2. Жақсы көрем сендерді жақсы адамдар,
Жүрегіңде өйткені аппақ ар бар.
Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар
Қайырмасы:
Жақсы адамдар, жақсы адамдар
Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар
Жақсы адамдар, жақсы адамдар,
Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар
Жақсы адамдар
3. Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,
Қарап өтсін сендерге басқа жандар.
Қайырмасы:
Жақсы адамдар, жақсы адамдар
Қарап өтсін сендерге басқа жандар
Жақсы адамдар, жақсы адамдар
Қарап өтсін сендерге басқа жандар
Жақсы адамдар.

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.
Жақсы адамдар, жақсы адамдар,
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.
Жақсы адамдар.

Үй тапсырмасы.
№8 С. Аронұлының Жақсы мен жаман адамның қасиеттері мәтінін оқып, түсінігін айту. 32 бет.
Дәптермен жұмыс №7 1 Өздерінің жасаған жақсылықтарың туралы шағын әңгіме құрастырып келіңдер!
Соңғы тыныштық сәті.
Баяу музыка қосылады. - Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап, көзеріңізді ашуға болады. Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!


Скачать


zharar.kz