Мұғалімдер
Мұғалімдер - ұстаз атты аңсар ән,
Жандар солар білім үшін жар салған,
Жандар солар қыркүйегінде көш түзеп,
Төл мейрамын қуанышпен қарсы алған!
Мұғалімдер, тәлім, таным сөздері,
Сол арқылы келешекті көздеді.
Мамандығы мәртебелі болса да,
Кішіктікпен өмір сүрген өздері.
Мұғалімдер - шәкірттегі отты арман,
Сонысымен кеуделерде жатталған.
Үздіктерін ұлы жолға шығарып,
Ал өздері қарапайым боп қалған.
Мұғалімдер білімге асқақ кенелген,
Шәкірт кеуде сол арқылы еленген.
Би билесе, ән салса олар - өнерпаз,
Тұлабойын кенде етпеген өнерден.
Мұғалімдер еңбекпен күн өткерген,
Сырлас жаны күзі, қысы, көктеммен.
Мына өмірде Ару деуге лайық -
Көпшілігі нәзік жандар боп келген.
Мұғалімдер дақ түсірмес сенімге,
Ұстаз болып қалар мәңгі көңілде.
Жандар олар шәкірті озық болсын деп,
Өз тірлігін ұмытатын өмірде.
Мұғалімдер, жас шыбыққа сенген шын,
Солар үшін мына өмірге келгенсің.
Сондықтан да жаңа ғасыр, Отанның
Тірегі де, тілегі де - сендерсің!
Ғабиден Қожахмет
Жас ұстаз сөзі
Білімнің гүлін біз
Жинадық таңдарда.
Қол создық бүгін біз
Ұстаздық арманға.
Алау от жағамыз
Шәкірттік көңілге.
Қанатты қағамыз
Ұстаз боп өмірге.
Көрінер қиядан
Арман жол жалғайды.
Міне, асыл ұядан
Жас ұстаз самғайды.
Келешек өседі,
Ойлаймыз Отанды.
Шәкірт ек кешегі,
Міне, ұстаз атандық.
Сенеміз бүгіннен -
Аламыз асқарды.
Ұстаздық біліммен
Ертеңім басталды.
Арманның көгімнен
Желкені түзелді.
Есейдік біліммен,
Ұстазбыз біз енді.
Ғабиден Қожахмет
Қастерлі тұлға - Мұғалім
Білімнің ғана тиегі,
Мектебін жаны сүйеді.
Қарапайым мамандық -
Ұстаздық атты киелі.
Бойына жиған нұр ағын,
Білімнің жаққан шырағын.
Шәкіртімен көркейер
Қастерлі тұлға - Мұғалім!
Шәкіртке шуақ төгетін,
Жанына мейір егетін.
Еңбекпенен жалықпай,
Білімнің нәрін себетін.
Бойына жиған нұр ағын,
Білімнің жаққан шырағын.
Шәкіртімен көркейер
Қастерлі тұлға - Мұғалім!
Кешегі балаң түлегі,
Есінде мәңгі жүреді.
Кетсе де алыс өзінен,
Ұстаз боп қалар үнемі.
Ғабиден Қожахмет
Ұстаз тілегі
Жылдар бір жылдарға жалғанып,
Зыр қағар уақыт жүрдек-ті.
Мінеки, ұядан қомданып,
Түлегі ұшатын күн кепті.
Әлі ертең алдағы күндерде,
Дейсіңдер осылай түледік.
Қоңырау үнімен сендерге,
Сан мәрте жақсылық тіледік.
Оқыттық, өмірге баулыдық,
Жемісін көрерсің күні ертең.
Түлек боп тұрсыңдар ал бүгін,
Сендерге қуанып тұр өлкең.
Лайық шәкірттер болдыңдар,
Сәттілік тілейміз тағы да.
Гүл өмір кездессін алдыңда,
Жетіңдер өмірдің бағына.
Салатын қимастық көңілге,
Шәкірт күн осылай өтпек-ті.
Еске алып жүріңдер өмірде,
Ұстазды және ыстық мектепті.
Ғабиден Қожахмет
Білім күні құтты болсын, Мұғалім
Жиып алып балғын шәкірт достарды,
Салтанатты сәтке бөлеп жас жанды.
Мектептердің қоңырауы қағылып,
Тағы, міне, білім күні басталды.
Сыңғырлы үнге жас балдырған тамсанды,
Ата-ана да осы күнді аңсар-ды.
Қол жеткізген жетістіктер еленіп,
Келешекке жоспарлар да жол салды.
Екшеп алып дұрысы мен бұрысын,
Күтеді деп тағы қандай ұлы сын.
Әз ұяда басталады сабақтар,
Естіледі ауласынан күміс үн.
Шәкірт бойда болады әр кез сан қылық,
Солар барда болашаққа жанды үміт.
"Апай, апай, мен айтайын!" деген үн,
Тұрады енді сыныптарда жаңғырып.
Әуелейді білім атты асқар ән,
Осы жолда қандай сынақ тоспаған.
Жас мамандар кіреді алғаш именіп,
Барі солай еңбек жолын бастаған.
Білім қымбат, оны жұрттар біледі,
Жетелейтін ұстаз соған үнемі.
Шәкіртімен достарындай сырласқан
Сенсің, Ұстаз, мектебіңнің жүрегі.
Қосылсыншы білім атты сырға сыр,
Өзгерсе де уақыт атты жыл, ғасыр.
Білім жалғар дәуірлердің арасын,
Білімдіні ұнатады бұл ғасыр.
Осы жолға ұмтылады бүгін жұрт,
Келешектен асқаралы ұғым күт.
Азат елдің арманы да - осында,
Азат елдің аңсары да - білімді ұлт.
Ғасырың бар тоса қояр сынағын,
Соны игерсең, заманыңа ұнадың.
Білім күні құтты болсын, Ұстаздар!
Білім күні құтты болсын, Мұғалім!
Ғабиден Қожахмет