Грамматикалық тапсырмаларды орындау

Скачать

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде қарым - қатынасты жүзеге асыруы. Осы мәселені іске асыру барысында жалпы білім беретін мектептерде мемлекеттік тілді жаңаша әдіс - тәсілдермен, технологиялармен оқыту жолдары қарастырылуда. Қазақ тілін жаңа технологияларды ұтымды пайдалана оқыта білсек, біз оқушының бойында тілге деген қызығушылықты арттыруымыз сөзсіз. Бүгінгі күні бізге белгілі көптеген технологиялар бар. Олардың ішінде проблемалық оқыту, интерактивті оқыту, ойындық технологиялық оқыту, қатысымдық оқыту, т. б. технологиялар қазақ тілін екінші тіл ретінде оқушылардың белсенділігін арттыруда қолайлы болып табылады.
Өз тәжірибемде осының біреуін қолдану үшін мен 3, 4 - сынып оқушыларының арасында қарым - қатынас мүмкіндіктеріне қатысты өткізген сауалнама мынадай нәтиже берді: (әр сыныптан 10 бала)
Қарым - қатынас мүмкіндіктері 3 - сынып 4 - сынып
қиын жеңіл қиын жеңіл
1. Сынып алдында сөйлеу (жауап беру) 6 4 2 8
2. Тақта алдында тақырыпты жүйелі мазмұндау 5 5 2 8
3. Белгілі бір тақырыпқа хабарлама немесе баяндама жасау 7 3 3 7
4. Өз жауабымен сыныптас оқушыларды еліктіру 3 7 2 8
Бұл көрсеткіштер мені өз тәжірибемде коммуникативтік (қарым - қатынас) технологиясын қолдануға ой салды.
Қатысымдық оқыту технологиясы – тілді қарым – қатынас негізінде оқыту. Бұл технология оқушылармен бірлесіп іскерлік байланыстар арқылы жұмыс жасау түріндегі өзара әрекеттесуді көздейді. Бұл әдісте оқытудың диалог түріндегі және ойындық әдістері басым қолданылады.
Бастауыш мектептің 1 - 4 сыныптарында қатысым әдісі арқылы оқыту оқушылардың ойлау, ой қорыту, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты т. б. танымдық көзқарасының дұрыс қалыптасуына, тіл байлығының дамуына бағытталған оқыту түрі болып табылады. Сондықтан осының барлығы қатысым әдісімен оқытудың қажеттігін дәлелдейді.
Қатысым әдісі арқылы оқыту дегеніміз – өзінде теориялық және білімдік оқу мазмұны іске асатын, оқушыларда өмірлік қатысым дағдылары мен білімді қалыптастыратын, шығармашылық амал - тәсілдерді қамтитын, мәнерлі де жатық сөйлеуге баулитын оқу.
Бастауыш сыныпта қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытуда меңгерілетін құзіреттіліктің бірі – қатысымдық құзіреттілік. Құзіреттілік – тек білім ғана емес, оқушының оқыту үдерісінде меңгерген білімдерін практикада қолдануы, дағдылары мен біліктерін орынды пайдалануы.
Қатысымдық құзіреттілікке бастауыш мектеп оқушыларының қазақ тілінде тілдік қатынас жасауы, ұғынысуы, түсінісуі, күнделікті өмірдегі түрлі жағдаяттарда тілдесім әрекеті арқылы өз ойын жеткізуі жатқызылады.
Қатысымдық құзіреттілік – өз пікірін дәлелдейтін, тілдік қарым - қатынаста айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым және тілдесім үдерістерін жүзеге асыратын, өзіндік пікірі бар жеке тұлғаның бойында қалыптасатын қабілет.
Бастауыш мектеп оқушыларының қатысымдық құзіретілігін қалыптастыруға мүмкіндік тудыратын танымдық, уәжділік және әлеуметтік – ақпараттық құзіреттіліктер.
Оқушының ойлау қабілетін, дүниетанымын, ой - өрісін, сөздік қорын, қатысымдық әрекетін дамытуға арналған тапсырмалар танымдық құзіреттілікті дамытады. Мысалы, мен 4 - сыныпта Үй жануарлары тақырыбын өткенде оқушыларға мынадай тапсырма ұсындым: Сөйлемді көшіріп жаз. Төрт түлік туралы айт. Халқымыз оны неге қастерлейтінін анықта.
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Малдың еті, сүті, жүні, терісі, тіпті мүйізі, сүйегіне дейін өз қажетіне ұқсатып отырған. Мінсе -..., ішсе -..., жесе -..., кисе -... болады..
Осы сияқты тапсырмалар оқушылардың тілдік қатынасты меңгеруіне игі әсер етеді, ойлану арқылы керекті сөзді тауып жазады. Төрт түлік сөзінің мағынасын, оның киелілігін түсіну арқылы баланың танымдары кеңейеді.
Танымдық құзіреттілікті сызба бойынша жұмыс, сурет бойынша жұмыс, сөйлем құрастыру т. б. арқылы меңгертуге, қалыптастыруға болады. Мысалы, 4 - сыныпта Септік жалғаулары бойынша қорытынды сабақта оқушыларға алған білімдерін топтастырып, кластер құрастыру ұсынылды.
2 - сыныпта Жаз тақырыбы бойынша қайталау сабағында оқушыларға екі сурет ұсынылды: Көктем , Жаз . Оқушы жыл мезгілдерін салыстырып, өзіне ұнайтын жыл мезгілін анықтады. Алған білімі бойынша балық сызбасын толтырды. Балықтың басына сұрақ, төменгі жағына себептерді, жоғарғы жағына фактілерді тізіп, соңында өзіне ұнайтын жыл мезгілін жазды. Тапсырманы орындау арқылы оқушы алған білімін балық сызбасы түрінде көрсетуді үйренді.
Білім игеру үлкен саналылықты, өз бетінше жұмыс істеп үйренуді, өз мінез - құлқын меңгеруді керек етеді. Бала не үшін оқитынын бар сана - сезімімен ұғынғанша, оған түсінбей құрғақ жаттап алу сияқты оқудағы формализмнен құтылу қиын болады. Оқуға, білім алуға ұмтылуды тудыратын уәждер, түрткілер бірден пайда болмайды. Баланың жасы өскен сайын оның оқу уәждерінің мазмұны өседі.
Оқушылардың уәжділік құзіреттілігін қалыптастыруда ойын сабақтарының маңызы өте жоғары. Себебі, ойын барысында бастауыш мектеп оқушылары өздерін еркін сезініп, жеңуге, сол арқылы пәнді игеруге уәждері артады. Оқыту үдерісінде ойынның түрлерiн пайдалану оқушылардың ой - өрiсiн дамытуға уәж болып, сабақ үлгерiмiн жоғарылатады. Мысалы, ойынның тақырыбы: Дәрігер .
Ойынның мақсаты: Дәрігер тақырыбы бойынша оқушылардың сөздік қорын молайтып, тіл дамыту жұмыстарын жүргізу; ақ халатты абзал жандардың игілікті еңбегіне деген балалардың сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекіліктер: Дәрігердің ақ халаты, басына киетін қалпағы, градусник, рецепт жазатын кағаз, қалам, фонендоскоп т. б.
Балалар біреуі дәрігер, біреуі ауру болады да, қалған балалар кезек - кезек олар да осы рөлдерді орындайды.
Дәрігер: Қай жерің ауырады?
Ауру: Тамағым ауырады.
Дәрігер: Ыстығың бар ма?
Ауру: Ыстығым бар. 38 градус ыстық.
Дәрігер: Сенің тамағың – ангина. Мен дәрі жазып берейін (дәрі жазып береді). Осы ойын баланың сөйлемді, диалогті дұрыс құрауы үшін сөздер таңдауына уәж болады. Рөлді орындауға шыққан келесі кезектегі оқушылар енді бұл сөздерді қайталамай, олар ауру мен дәрігердің арасында айтылатын басқа диалог сөздерді айтады.
Мысалы, 3 - сыныптағы Аңдар тақырыбын қорытындылау сабағын Бауырсақ ертегісінің желісімен өткіздім.
- Балалар, біз бәріміз де Бауырсақ ертегісін кішкентай кезімізден білеміз. Қазір біз, сол ертегідегі бауырсақтың рөлін ойнаймыз да, бауырсақты жемекші болған кейіпкерлерден қашып құтыламыз. Оңай құтылу үшін біз олардың қойған сұрақтарына, берген тапсырмаларына мүлтіксіз жауап беруіміз керек. Әр аңның тапсырмалы қалташалары бар. Егер жауап берсек, құтылғанымыз.
І тапсырма.
Ата мен ападан қашып кету үшін, берілген сөздермен сөйлем құра.
Ақбөкен, бұғы, барыс, елік, аю, көжек, қоян, қонжық.
ІІ тапсырма. Қояннан қашып құтылу үшін, сөйлемді толықтыр.
Мынау өте... және... піл. Аңдар... және... мекендейді. Хайуанаттар бағынан...,...,... көруге болады.
ІІІ тапсырма. Аюдан қашып құтылу үшін, диалогты толықтыр.
ІҮ тапсырма. Қасқырдың тапсырмасы терең ойлануды қажет етеді. Дұрыс тіркесті тауып, сызықша арқылы белгілеңдер.
Тиін аю Көжек Қасқыр Маймыл Түлкі
Бал жейді Алдайды Ағаштан ағашқа секіреді Жаңғақ шағады қорқақ Ұлиды
Ү тапсырма. Түлкі өте қу болғандықтан, оның тапсырмасы да өте қиын.
- Берілген суретке қарап шағын әңгіме құра.
Бұндай сабақтар оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, тілдерін байытуға, сөйлем құрау шеберліктерін жетілдіруге ықпалы зор екені сөзсіз.
Әлеуметтік - ақпараттық құзіреттілік балаларда өз ортасында,
сыныбында т. б. жерлерде айтылған сөзді тыңдай, айта, оқи, жаза алуы және өзгелермен тілдесу барысында пайымдай, бағдарлай білуі, сөз мағынасын аңғаруы, өз бетінше іздене білуі, айтар сөзін таңдай, оның мағынасын өзгерте, құбылта, есінде сақтай алуы нәтижесінде және сыныптан тыс ақпарат көздері арқылы қалыптасады. Мысалы, 4 сыныптың Жануарлар әлемінде модуліне байланысты Үй жануарлары тақырыбын өткенде сабақта аудиотаспадан Жыл басына таласқан хайуанаттар ертегісі тыңдалды да пікір алмасу жүргізілді. Тапсырма: Үй жануарларының пайдасы туралы әңгімелеу. Сабақтағы сөздік, рөлдік, грамматикалық жаттығулар, тапсырмалар мен ойындар оқушылардың қазақ тiлiнен сауатын ашып, сөздiк қорын молайтып, сана - сезiмiн, ақыл - ойын дамытып, тiл дамыту жұмыстарын тиiмдi жүргiзуге, өзара ақпарат алмасуға үлесiн қосты, балалар сөздермен, өздері білетін мәліметтермен алмасты.
Ақпарат алмасу барысында оқушылар өз ортасында, әлеуметтік жағдайда одан әрі іскерліктерін шыңдауға, білімін тереңдетуге, өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыланады.
Оқушылардың қатысымдық қабілетін дамыту мақсатында берілген тақырыптар бойынша сыныптан тыс жоба жұмысын жүргізу арқылы олардың біліктілігін арттыруға болады. Жоба жұмысын қорғау барысында оқушылардың қарым - қатынас мүмкіндіктерін арттыруға мынадай жұмыс шаралар мысал бола алады:
1. белгілі тақырып бойынша сұрақ - жауап түрінде пікір алысу.
2. қосалқы әдеби материалдарға сүйене отырып, сөздік қорын байыту.
3. жаңа сөздерді қолдана отырып, оқушының жеке сөйлеу тілін дамыту.
4. топ ішіндегі қарым - қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.
Мысалы, 4 сыныптың Отбасы және ондағы еңбек модуліне байланысты Мұғалім , Дәрігер , Құрылысшы тақырыптары бойынша жасалынған жобаларды талқылау барсында оқушылардың алдына қойылған міндеттер:
- Аталған мамандықтың қоғамға қажеттілігін дәлелдеу;
- Жақсы маман иесі болу үшін адамға не керек, соны анықтау;
- Еліміздегі немесе қаламыздағы аталған мамандық иелерінің шеберлері туралы;
- Мамандықты қалай таңдау керек? топтың әрбір мүшесінің пікірін анықтау болатын.
Осы шаралардың нәтижесінде оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығы, белгілі бір тақырыптар бойынша өз бетінше ізденушілік қабілетінің дамуы және өз білімін ортаға салып, пікір таластыра білу мүмкіндіктері артады десек, артық болмайды. Мұның бәрі оқушылардың тілдік белсенділігін арттырудың негізі болып табылады. Оқушылардың рөлдік ойындарға қатысуы қарым – қатынас қуанышына бөлейді, ал тілдік қарым - қатынас қуанышы оқуға деген қызығушылығын қалыптастырады.
Мен сабақтарымда рөлдік ойындарды оқу, жазу, аударумен алмастырып отырамын. Сөйтіп оқушылардың:
А) еске сақтау;
ә) есту арқылы қабылдау;
б) әсерлі қимыл, мимикаларды қолданып әсерлі сөйлеуін;
в) сауаттылығы;
г) және тілдік серік болу мүмкіншілігін қалыптастырамын.
Осы технология бойынша 3 жыл жұмыс барысында оқушылардың білім - білік дағдыларына үнемі мына көрсеткіштер бойынша мониторинг жүргізіп отырдым.
1. Оқу дағдысы.
2. Сұхбат.
3. Грамматикалық тапсырмаларды орындау.
Оқушылардың білім - білік көрсеткіші бойынша (әсіресе 4 сыныптарда) сапасының өскенін байқатады. Сондай - ақ эксперименттің аяғында қарым - қатынас мүмкіншілігі бойынша өткізген сауалнама мынадай нәтиже берді:
Қарым - қатынас мүмкіндіктері 3 - сынып 4 - сынып
қиын жеңіл қиын жеңіл
1. Сынып алдында сөйлеу (жауап беру) 3 7 1 9
2. Тақта алдында тақырыпты жүйелі мазмұндау 2 8 1 9
3. Белгілі бір тақырыпқа хабарлама немесе баяндама жасау 4 6 2 8
4. Өз жауабымен сыныптас оқушыларды еліктіру 1 9 1 9
Мен қазақ тілі сабағында қарым - қатынас технологиясының мүмкіндіктерін қолдана отырып, оқушылардың қатысымдық құзіреттілігін дамыту арқылы келесі нәтижелерге жеттім:
2011 - 12 оқу жылы 3 - сынып оқушылары Үсенова Нұрдана, Жүсіпқызы Гүльфайруз, Жақсылықова Жасару, 4 – сынып оқушыларынан Жүсіпқызы Рауза, Жамиева Гүлсая, Серікова Динара, Жасағанбергенқызы Данагүл жүлделі орындарға ие болды.
Жинақтаған тәжірибем бойынша Сабақ үлгілері атты көмекші құрал құрастырдым.
Қорыта келе бұл технология оқушының оқу үрдісінде ең маңызды, тиімді жолдардың бірі деп санаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бастауыш мектеп журналдары
2. Оразбаев Ф. Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми - теориялық негіздері. Пед. ғыл. докт. дис. – Алматы, 1996 ж.
3. Қазақстан мектебі журналдары
4. Қасбаева Г. С. Мемлекеттік тілді коммуникативтік бағытта оқыту жолдары Қазақ тілі Қазақстан мектебінде 2008, №5.
5. Интернет материалдары қоса алынды.


Скачать


zharar.kz