Барысы.
Кіріспе.
Мұғалім: Балалар, елбасы еңбектерінің қандай тақырыптарын оқысаңдар да, ел экономикасын, ел тарихын, ұлт рухын, халықтың салт – санасын дүр сілкіндіріп оятқан ойлар, мол өмірлік тәжірибе, ғибратты тағылым жатқанын көре аламыз. Сондықтан да еліміздің болашақта үміт күтетін ұрпағы сендер, Елбасының ... садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің жолыңда бойда қуат, ойда нәр – бәрін аянбай сарп етуге пейілмін немесе Менде қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ , - деген сияқты сертпен тең тегеурінді ойларын, елім деп еңіреген ерінің жасампаздыққа толы жан сырын, қанатты қағидаларын және өмір жолдарын біліп жүрулерің қажет деп ойлаймын.
1 - Жүргізуші: Армысыздар, бармысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар!
2 - Жүргізуші. Қайырлы күн тәуелсіз елдің қадірменді азаматтары, ұлдары мен қыздары бүгінгі Тұңғыш Президент күніне арналған Елбасы – ел тірегі атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер. Бүгінгі сынып сағатымызда сыныптастар арасында сарапшылар да отыр.
1 - жүргізуші: Олжас, сен қалай ойлайсың, осы Қазақстан Республикасы осындай дәрежеге жетіп, көк туымыздың астында бейбіт, молшылық, татулықта өмір сүріп жатқанымыз кімнің арқасында?
2 - жүргізуші: Әрине Қазақстанның атын сонау шет мемлекеттер танып, астанамыз көркейіп жатқаны Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың арқасы. Толғанай, сен қалай ойлайсың Қазақстан тәуелсіздігіне міне 23 жыл болады, біздің мемлекетіміз қаншалықты дамыды?
1 - Жүргізуші. Ия, мемлекетіміз тәуелсіз ел боп жарияланғалы бері әрине дамыды, экономикасы да, білім беру саласы да, медицина саласы да, өндірісі де, шет елдермен байланысы да. Барлығы, елбасымыздың саясатының негізінде емес пе?
2 - Жүргізуші Ия, дұрыс айтасың, бірақ сол тәуелсіздікке де оңай жете қоймадық қой. Ұшқан құстың қанаты талар ұлан - ғайыр қазақ даласында нелер болып, не өтпеді?! Қойнауы құт, жері шүйгін, кәусар бұлақты ұлы далаға көз алартып қызығушылар да, ат ойнатып кіргендер де аз болған жоқ.
Тарих тереңінде қалмай сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып, дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы санқилы. Ауыздықпен алысып, етегімен су кешкен ауыр күндерге шыдап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда барын шайқап, аста көп жомарт та болды. Болмыстың осы кейпін көріп, ұлы Абай: Қайран елім, қазағым, қайран жұртым деп күйзелсе, Жұбан ақын Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген деп күңіренеді. Ешкімге күнім түспесе екен деген жауқазын үміт туғызу жырақтан жылтыраған сәуледей орманы көп алашты адастырмай алға жетеледі.
Қазақтың қамы үшін Ресеймен 60 жыл, Қытаймен 25 жыл алысқан арыстан Абылай дүниеден озарынан бұрын Сарыарқадан Сыр бойы – Түркістанға көш бетін түзеп, Бұқар жырауға қоштасқалы келгенде, 97 жастағы қарт жырау былай депті: Басыңдағы бағың, бауырыңдағы құтың өзіңмен бірге кетпесін, еліңде қалсын. Есіл Абылай - ай, Сарыарқаны кімге тастап барасың? Сенің аруағың қорғамаса, бұл жерге кім араша тұрмақ? Қайран Сарыарқа, қазаққа бұйырмай кетесің бе? - деп үш күн, үш түн жылаған екен. Өмірден озарында туыстарына: Менің сүйегімді Түркістанға қоямыз деп әуреленбеңдер. Менің кием осы жерді қорғап жатсын - деп айтыпты.
1 - жүргізуші: Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біздің ата - бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Оның бер жағында 1941 - 1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғаны, міне бұл ұлы жеңіске де 70жыл толғалы отыр. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата - бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. деп Н. Ә. Назарбаев айтқандай тәуелсіздік қазақ елінің аңсаған арманы қол жеткен мұраты.
2 - жүргізуші: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д. Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Колбинді сайлады. Колбин Қазақстанда тұрмайды, онда қызмет етпеген. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Жастар шеруі желтоқсан айының 17 - 18 күндері болды. Бұл оқиға сол себепті де тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды.
16 – желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті. Бұл күн - Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылды.
Қайрат пен Ерболдай ағаларымыз, Ләззаттай әпкелеріміз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Ендеше, 1986 жылы 16 желтоқсан күніне арналған Мұхтар Шахановтың Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы өлеңін тыңдайық.
Жадыра: Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы өлеңін оқиды
2 - жүргізуші: 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланды.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата - баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс - әрекетті жалғастыру керек.
Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең - байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!
2 - жүргізуші: Ата Заңымыз бойынша мемлекет басқарушысы – Президент. Латын тілінен аударғанда президент сөзі алдында отырған деген мағынаны білдіреді. Төрт рет қайта сайлау қорытындысында Н. Ә. Назарбаев Президент болып сайланды.
Туған жердің жайқалған алқабы егін,
Биік сенің мәртебең, дарқан елім.
Пейіліндей қазақтың байтақ далам,
Сен не деген кең едің, шалқар едің.
Ашық аспан жайнаған жұлдыздары,
Тұр асқақтап Алатау шың - құздары.
Анасындай туған ел қамқор болып,
Тербетеді құшақтап ұл - қыздарын
Әсем сазы басталған таза ағыстан,
Айдынынан аққулар, қаздар ұшқан.
Қадамы нық ӘЛЕМДЕ, аты айқын
Егеменді ел бүгін ҚАЗАҚСТАН.
1жүргізуші:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
2жүргізуші:
Кең байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем,
Бұның бәрі Елбасының арқасы.
1 жүргізуші: Шықты тарап ой - данадан,
Бері қарап жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті
2 жүргізуші: Оянады көңілден қайдағы арман,
Бақыт желі ескендей жайлап алған.
Президентім бар менің елі түгел,
Ақ киізге көтеріп сайлап алған.
1жүргізуші:.
Н. Назарбаев - бәрінен бұрын өз міндетін, өз тағайындалуын терең сезінетін, үлесіне тиген міндетті жауапты әрі қажырлықпен атқаратын адам. Ол әр қадамын шын мәнісінде өте мұқият есептейді: ол үшін саясатшы болу - бойға біткен дарынмен қатар күн сайынғы аса ауыр жұмыс және өмір дағдысы. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі
туралы игі істерін талдау үшін сөз кезегін зерттеуші оқушыларға береміз.
1оқушы:
Балалық шағы
• Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 6 - шілде 1940 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында туған. Елбасымыздың әкесі Әбіш өте еңбекқор, бау - бақша өсірудің шебері, көзі ашық, көкірегі ояу адам болған.
Балалық шағы таршылық жағдайда өтті. Үлкендердің мал бағуына, бау - бақша өсіруіне көмек көрсету керек болды, шөпшек теріп, отын жарды. Өзі еске алғандай, өсірген аз - маз өнімдерін сатып, үй - ішіне қажетті заттар алу үшін есек жеккен арбамен жақын маңдағы теміржол стансасына бару дегенің керемет мереке саналған. Мектепті жақсы оқып, жақсы білім алды. Ол мектепті 1958 жылы үздік бітіреді. Ата - анасын қатты құрмет тұтты.
2 оқушы:
Жұмысшы Нұрсұлтан
Ол ерте есейді, орта мектепті бітіре салысымен Кеңес Одағындағы аса ірі Қарағанды металлургия комбинатының көлемді құрылысына аттанды. Құрылыста біраз еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықтармен: Нұрсұлтан Әбішұлы 1958 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатына жұмысқа тұрады. 1958 - 1960 жылдары Днепродзержинск техникалық училищесінде оқып, металлург – жұмысшы мамандығын меңгерді. Бұл шойын құюшы, домна пешінің көмекшісі жұмыстарын атқарды, ал кейінірек инженер дәрежесіне көтерілді.
Елбасымызбен сол кезде бір бөлмеде, бір партада отырған досы Сәрекенов Қабидолла ағамыз бір естелігінде Нұрсұлтан сол кезде - ақ өзінің көшбасшылығымен, мол білімділігімен көзге түсті деген екен.
3 оқушы:
Президенттің саяси өмірбаянының бастауы •
Сол жылдары оның басшылық қасиеттері жарқырап көрінді. Қалалық, облыстық және республикалық көлемде басшы органдарда жауапты қызметтер атқарды. Металлургиялық комбинатында партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауап беретін хатшы болды.
Ол Қазақстан Үкіметін басқарғанда 44 жаста болды. Осылайша оның саяси өмірбаяны басталады.
4 оқушы:
Ғылыми атақтары
Экономика ғылымдарының докторы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл - Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
• Басқа лауазымдары мен мансаптары №28 слайд
*Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.
*Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы.
*Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы.
*Нұр Отан Халықтық - демократиялық партиясының төрағасы.
*ОБСЕ - нің бас төрағасы
2жүргізуші: Біздің Елбасымыз бірқатар ғылыми кітаптардың, әлеуметтік - экономикалық даму проблемалары мен қоғамдық саяси еңбектердің авторы.
1 жүргізуші: Олжас, Елбасы үлкен саясаткер болуымен қатар жан - жақты дамыған тұлға, барлық қазақ азаматтары сияқты жылқыны жақсы көреді. Сондай - ақ өнерге де көп көңіл бөлетін адам. Елбасымыз кітаптар мен қатар Үшқоңыр . Қазағым менің , Город мой т. б өлеңдерінің сөзін жазған. Бұл әндердің сөзі Н. Әбішұлыныкі екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Олай болса сол өлеңді тыңдап көрейік. Үнтаспадан өлең тыңдалады.
2 жүргізуші: Кезінде Н. Ә. Назарбаев: Егер келешекте қолымнан іс келетін азамат бола қалсам, қазақ деген халықты дүниежүзіне танытып, терезесін тең етер едім ,- деп армандаған болатын.
Жасыратыны жоқ, бүгінде асқақ арманы орындалды. Қазақты дүние жүзі таныды. Оның кең байтақ даласын, қазынасы мол жерін, дархан жатқан бейбіт елін дүниенің төрт бұрышы біледі.
Кезінде назардан тыс жатқан, материктің ортасындағы Орталық Азиядағы қазақ елі де сыртқы саясатта өз орнын айқындап, төрткүл дүниемен айналасы аз ғана уақыт ішінде байланыс орнатты. Ал ел өміріндегі осындай маңызды тарихи кезеңдерде мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор.
1 жүргізуші:
- Мына кестеден Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент болып сайланған және өкілеттігін ұзартқан мерзімдерін көріп отырсыздар.
*1991жылы 1 желтоқсанда дауыспен (98, 7 %) жеңіске жетті.
*1995 ж. сәуірдің 29 - да жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өкілеттігі 2000 ж. дейін ұзартылды.
* 1999 жылы қаңтардың 10 - да өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Н. Назарбаев 79, 78 % дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сайланды.
* 2005 ж. желтоқсанның 4 - інде сайлаушылардың 91, 5 % дауысын алып, Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сайланды.
* 2009 ж. сайлаушылардың 97, 5 % дауысын алып, Қазақстан Республикасы Президенті болып қайта сайланды.
2011 жыл – 8 сәуірде Елбасын ұлықтау болды
2 жүргізуші:
Жылдар сөйлейді айдарымен экранда көрсетілген жылдарға сәйкес Республика өміріне байланысты фактілерді еске түсіріп көрейікші:
1991 жылы 1 - желтоқсанда Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республикамыздың президенті етіп сайлады.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан республикасының жоғарғы сессиясы
Тәуелсіз демократиялық және құқылы мемлекет деп жарияланды.
1991 жылы 29 - тамызда Семей ядролық полигоны жабылды.
1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ толық құқылы мүшесі болды.
1992 жылы 4 маусымда Президент Қазақстан республикасының мемлекеттік туы, елтаңбасы, Гимні туралы Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. 1992 2 қазанда қазақ азаматы Т. Әубәкіров ғарышқа жол тартты
1993 жылы 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды
1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз дүниеге келді.
1994 жыл құрамында 2 - ші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышқа жол тартты.
1995 жылы 30 тамыз – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
1996 жыл Қазақстан ядролық сынақтарға тиым салу келісім шартына қол қойды.
1997 жылы – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу жылы
1997 жылы 10 қазан “Қазақстан - 2030” ел президентінің Қазақстан халқына жолдауы жолданды
1997 жылы 10 желтоқсан – астанамыз Ақмола қаласына көшірілді.
1998 жыл – Халық бірлігі мен тарих жылы
1998 жылы 6 мамыр – Ел астанасы Ақмола қаласына Астана атауы берілді.
1998 жылы 10 маусым – жаңа астананың тұсаукесері болды.
1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы
2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы
2000 жыл – Түркістан қаласының 1500 жылдығы тойланды
2001 жыл – Тәуелсіздікке 10 жыл
2002 жыл – Денсаулық жылы
2003 жыл – Әлем және дәстүрлі дін өкілдерінің съезді болып өтті
2003 – 2005 жылдар – Ауыл жылы
2005 жыл – Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысы өтті
2006 жыл – Қазақстандағы Пушкин жылы
2007 жыл – Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті
2007 жыл – Қазақ тілін қолдау жылы
2008 жыл – Қазақ теледидарына 50 жыл
2009 жыл − Елбасының 100 мектеп, 100 аурухана аясында әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді.
2010 жыл – Қазақстан Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төрағалық етті. 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан САМИТ айтулы оқиға болды
2011 жыл – Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы
2011 жыл 30 қаңтар мен 7 ақпан аралығында қысқы Азиада өтті
2011 жыл – 8 сәуірде Елбасын ұлықтау болды
2012 жыл - Қазақстан - 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты
2014жыл - Ел президентінің Қазақстан халқына Нұрлы жол - жарқын болашақ жолдауы жолданды
1 - жүргізуші:
Енді, оқушылардың жазған Менің Президентім Монологын тыңдап көрейік.
1 оқушы Монологы. Менің Президентім . Диана
Біз отбасымызбен күнделікті теледидар көруді әдетке айналдырғанбыз. Телеэкраннан Н. Ә. Назарбаевтың бейнесі көрінгеннен – ақ әжемнің жаңылмай қайталайтын бір тілегі бар: Алла тағала, осындай ұл берген саған рахмет. Тек ел шеті бұзылмасын , - деуден жаңылмайды. Бұрынырақ әжемнің бұл сөзіне мән бермейтінмін, енді тарих пәнінен тереңдей оқыған сайын, әжемнің сөзінде көп мағына жатқанын түсініп келемін. Расында да көп ұлтты республиканың тынышын кетірмей ұстау, ондағы әр ұлттың өкілдерінің тілін табу, көрші мемлекеттермен тату - тәтті қатынас орнату үлкен жүректі, асқан ақылды, парасатты адамның ғана қолынан келетіні сөзсіз. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір қазақстандық үшін ұлы тұлға. Қазір мен де әжеммен бірге Алладан Нұрсұлтан Әбіш ұлына денсаулық тілеймін.
2 оқушы Монологы Менің Президентім . Айым.
Қазақ халқы ерекше қонақжай халық екені белгілі. Меніңше, біздің Президентіміздің бойында да осы қасиет бар. Соңғы он жылда Қазақстанға кімдер ат басын тіремеді десеңші? Белгілі саясаткер, мемлекет қайраткерлері мен басшылары, ғалымдар мен өнер қайраткерлері.
Әр елден келген қонақтарға ұялмай көрсететін жаңа қала Астанамызды Президенттің ақыл - ойының жемісі дер едім. Астана күннен күнге бой түзеп жасарып, жаңарып келе жатқан жас қала. Сарыарқаның төсіндегі шағын ғана қаладан, әлем таныған әсем Астана жасаған Елбасының ақыл - ойына кім басын имес? Біздің президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекет басқару ісі – машақатты да, мәртебелі міндет. Басшы басқарған ел – ең бай мемлекет, халқы ең бақытты халық. Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп Н. Ә. Назарбаев тұңғыш елбасы болды. Елбасының бастауымен Отанымыз әлемге танылды. Елім елдігін көрсетті, ерлігін танытты. Қазақ халқы егемендігін алып, Тәуелсіздікке қол жеткізгенде өз алдымызға ел бола алатынымызға күманданған жандар болған екен. Бірақ ар - намысты ту еткен ағаларымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді.
1 - жүргізуші:
Халқым айтқан жер көтерер ел даңқын,
Елім айтқан ел көтерер жер даңқын.
Президентім, елбасы, аман болғай,
Мәңгі жаса, жас қазағым, өр халқым!
2 - жүргізуші: Төле би сөзімен сынып сағатымызды аяқтаймыз.
Уа, халқым, сөз қадірін білесің.
Жаңбыр жаумаса, жер жетім,
Басшысы болмаса, ел жетім.
Көсіле шабар жерім бар,
Тау көтерген елім бар.
Қол бастайтын ерім бар,
Атадан қалған сара жолым бар.
1жүргізуші: Осы тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді сезінеміз
Енді, сөзді арамызда отырған сарапшыларға берейік.
Қорытынды.
Мұғалім сөзі: Міне, балалар, бүгін сендер өз еліміздің тарихы жайлы, Тәуелсіздік жолындағы күресі, Желтоқсан құрбандары туралы көп нәрсені ортаға салдыңдар, үлкен сабақ алдыңдар деп ойлаймын.
Тәуелсіз ел болу, тұңғыш президенттің сайлануы, осы тұлғаның арқасында Қазақстанның бүкіл әлемге танылуы, шашылып кеткен қандас бауырларымыздың тарихи Отанына шоғырлана бастауы, Астана қаласының сәулеттене түсуі – бәрі, бәрі тәуелсіздігіміздің әр күні емес, әр сағаты жаңалыққа, игі істерге ұласып жатқанының айқын дәлелі.
Ендігі сендерге айтарым: осы Тәуелсіз еліміздің туын әр кез биік ұстауға тырысыңдар. Ел бейбітшілігін, ел тыныштығын сақтау жолында күресе біліңдер. Әрине, ол күрес бейбіт күрес болуға тиіс. Еліміздің болашағы - өздерің. Сондықтан да сендер осындай Қазақстан атты бейбіт, Тәуелсіз елдің азаматы екендеріңді әрқашан естен шығармай, іштей мақтан тұтып жүріңдер.
Үйге: Адамның азаматтық тұлғасы тақырыбына материалдар жинақтау.