Жақсылар, дастан айтайын,
Әуелі, Алла сыйынып,
Екінші, кәміл піріме.
Құлақ салып тыңдаған,
Жамандық көрме тіріде.
Батырлар қылған қайратын
Қартаймай тұрып әріде.
Ертедегі ерлерден
Нұсқа болмай соңғыға
Өткен емес бәрі де.
Ойлағанға осындай
Опасыз жеңіл дүние.
Теңізден шыққан құрдымдай
Жетпеді ешкім түбіне.
Қазынаға жинап гауһар тас,
Айдаһардай болып мас,
Сақтаған алтын ініне.
Ашқа — тамақ, жаяуға — ат,
Төрт түлік малға көңіл шат,
Жарайды екен қысылса
Жұртының қиын күніне.
Алты ұлы бар Әзімбай,
Қызы сұлу Назымдай,
Тоқтады барша тіліне.
Ғашықтық жолын ойлаңыз,
Бекер деп, ден қоймаңыз
Шығарған сөздің мініне.
Қыз Назым шықты бұраңдап
Он сегіз толған жасына.
Кәмшат бөрік келісіп,
Бриллиант қойды басына.
Қара мен төре қайғырды,
Болса деп бізбен ашына.
Қазақ пен қалмақ қанша жан
Хабарланды сұлудан,
Дабысы жұртқа шашыла.
Жолбарыстай алты ұлдың
Айбатынан сескеніп,
Келе алмады еш бенде
Әзімбайдың қасына.
Тауыс құстай түрленіп,
Қоңыраудай алтын күңреніп,
Ертелі - кеш серуенге
Шығады майлап шашын да.
Жәннеттен шыққан хорлардай,
Порымына қарасаң,
Қызықпастай қай адам
Ол Назымның нашына!
Сүйегі асыл дүр еді,
Құдайдың өзі біледі,—
Он төртінші айдай боп
Түседі кімнің қасына?
Алпыс сомдық әр кезі
Үстіне асыл кигізді.
Жорғадан жегіп қаракөк,
Күймелі арба мінгізді.
Көзі түскен бенденің
Жүрегін оттай күйгізді.
Ашылған гүлдей нұрланып,
Қылығымен сүйгізді.
Өз теңінің ішінде
Асырып дәурен сүргізді.
Уызында жарыған
Ерте туған бағландай
Толықсытып жүргізді.
Назымға таңдау қоям ,— деп,
Бұл хабарды Әзімбай
Алашқа тегіс жүргізді.
Он екі жасар балаға:
Мал жайып кеткен далаға
Қалмасын,— деп,— қатардан ,
Бұларға айтып білгізді.
Тоғыз қабат торқадан
Қамзол киді қынама.
Таңдап Назым тимесе,
Толқыған көңіл тына ма?
Алмаққа әркім талап қып,
Сыйынды Жаппар Құдаға.
Қазақ пен қалмақ, ноғайлы
Ел еді жатқан құрала.
Назымның көрмей ақ жүзін,
Жанды кісі үйінде
Сабыр қылып тұра ма?
Ат шаптырып, той қылып,
Ашыққанды тойғызып,
Жиылды жұрт жамаға.
Бір төбенің үстінен,
Қыз Назым шықты басына
Салдырып биік мұнара.
Назымды малсыз алмаққа
Шалдар да жаман желіккен,
Қартайған адам көп екен
Кемпірден көңіл зеріккен.
Жарасты деп киеді
Елтірі қара бөріктен.
Қатындары үйінде
Қайғыланып жылайды:
Сұлуды алса байымыз,
Айрылдық,— деп,— серіктен .
Үміткер болып барша тұр,
Сабағынан үзіп ап,
Жесем, — деп,— піскен өріктен .
Алтын тұғыр үстінде
Назым отыр қонақтап,
Ақ тұйғындай еріккен.
Қара мен төре таласып,
Порымына қарасып,
Алдынан өтті көріктен.