Ана тіліСабақтың тақырыбы

Скачать

Ана тілі
Сабақтың тақырыбы: Аққу, шортан һәм шаян.

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды Ахмет Байтұрсынұлы аударған И. А. Крыловтың Аққу, Шортан һәм шаян мысалымен таныстыра отырып, өлеңдегі негізгі ойды өздеріне таптырып, өз сөзімен жеткізе білуге үйрету.
Дамытушылық мәні: Оқушылардың ойлауын, есте сақтауын және байланыстыра сөйлеу қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік мәні: Оқушыларды бірлік, ынтымақтастық сияқты әдеттерден үйреніп, осы мысал мазмұны арқылы жаманнан жирендіруге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: Түсіндіру, іздендіру, сұрақ-жауап.
Сабақтың көрнекілігі: Сюжетті суреттер, үлестірме парақшалар, интерактивті тақта.
Пәнаралық байланыс: Дүниетану, бейнелеу, қазақ тілі.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушыларды сабаққа жұмылдыру. Қызығушылығын ояту.
II. Өткенді тиянақтау.
Сұрақтар:
1. Халық ауыз әдебиетіне қандай шығармалар жатады?
- Ертегі, аңыз, батырлар жыры, жаңылтпаш, айтыс, шешендік сөздер.
2. Айтыс дегеніміз не?
- Екі ақынның арасындағы сөз жарысы.
3. Ертегілердің қандай түрлері бар?
- Халық ертегісі, әдеби ертегі, қиял-ғажайып ертегілері.

III. Жаңа сабақ.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл айдарымен сабағымызды сайыс түрінде жалғастырамыз.
- Бұл мақалды қалай түсінесіңдер?
Сендер тек жұмыла, бірге жұмыс жасау арқылы сабақтың мақсатына жетесіңдер. Сайысқа үш топ қатысады. Барлығымыз бірлесе отырып, жұмыс атқарамыз.

IV. Суретпен жұмыс.
Мына суреттерге көңіл бөліңдер.
- Мынау нелер?
- Мектеп, кітапхана, кітап дүкені.
Ал, мынау арбаға жүк артқан адамдар, ол сендер. Сонымен қай топ кітаптарды
мектепке бірінші болып жеткізеді екен?! Іске сәт!

V. Тарту өлеңі.
Балалар, бұл - жол басы даналыққа,
Келіңдер:түсіп, байқап, қаралық та
Даналық - өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!
А. Байтұрсынұлы
Мысал деп адам бойындағы кемшіліктерді сынап, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттерді мадақтап жазатын шығарманы айтады. Мұндай шығармада өсімдіктер мен жануарлар, аңдар мен құстар кейіпкер ретінде алынады.
Орыс ақыны И. А. Крыловтың мысалдарын Ахмет Байтұрсынұлы аударып, Қырық мысал деген атпен кітап етіп шығарған. Бүгінгі сабақта сол жинақтан алынған Аққу, шортан һәм шаян мысалымен танысамыз.
Мысалдың негізгі ойын ашуға тырысамыз.
Иван Андреевич Крылов (1769-1844) жылдар аралығында өмір сүрген. Орыс халқының атақты мысал жазушысы, сатирик, драматург.
1809 жылдың басында И. А. Крыловтың ең бірінші мысалдар кітапшасы шықты. Оның ішінде 23 мысал болды. Олар: Ворона и лисица , Музыканты , Лебедъ, шука и рак , Ларчик .
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) қаңтар айында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келген. Ахмет қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, аудармашы, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы. 1895-1909 жылдары ұстаздықпен айналысып, бала оқытады.
1909 жылы И. А. Крыловтың мысалдарын аударып, Қырық мысал жинағын шығарды.

VI. Ой қозғау
1-топ: Аққу қандай құс?
- Аққу – сұлу, нәзік, өте сезімтал, сақ құс. Ол көлде сырғып жүзеді. Аққу қамыстың ішіне ұя салады. Оның өзгеше сұңқылдаған дауысы бар. Аққулар табиғаттың аса ғажап, қазір сирек кездесетін туындысы. Біздің елімізде оларды аулауға тиым салынған.
2-топ: Шортан қандай балық?
- Шортан - ірі жыртқыш балық. Қазақстанның барлық табиғи су айдындарында кездеседі. Дене пішіні жебе тәрізді, басы жалпақ, түсі тіршілік ететін ортасына байланысты құбылып отырады. Қорегін шөп арасында жасырынып тұрып, атылып барып ұстайды. Дәмі, еті үшін көп ауланады.
3-топ: Шаян жайлы не білесіңдер?
- Шаян - қысқа құйрықты, басы кішкентай, мұрттары қысқа. 4000-нан астам түрлері бар. Олар теңіз, тұщы су қоймаларында және құрғақта өмір сүреді. Олар өлексе және омыртқасыздармен қоректенеді.

VII. Оқулықпен жұмыс.
Өлеңді мәнерлеп оқу, түсіндіру. Аққу, шортан, шаян суреттері салынған сюжет бойынша әңгімелеу.
Сұрақтар:
1-топқа: Бұл мысалда кейіпкерлер не істемекші болды?
2-топқа: Олар жүкті неге орнынан қозғалта алмады?
3-топқа: Мысал бізді неге шақырады?

VIII. Сөздік жұмысы.
Ғибрат - үлгі, тәрбие, өнеге.
Һәм - және

IX. Сергіту сәті:
Мектепте тілдер апталығы өтуіне байланысты үш тілде айтамыз.
1-топ: Аққу-лебедь-
2-топ: Шортан-шука-
3-топ: Шаян-рак-

X. Дәптермен жұмыс.
Мысалдағы негізгі ой ашылатын жолды дәптерге жазу.
- Негізгі ой дегеніміз - ақынның айтар өсиеті.
XI. Бейнеге ену
Мысалды сахналық қойылым етіп көрсету.
Автор:Бір күні Аққу, Шаян, Шортан үшеуі кездесіп қалады. Олар үстіне жүк
тиелген үлкен арба тауып алып, қатты қуанады.
Аққу: - Достар, келіңдер мына арбаны әуеге тартып шығарайық.
Шортан: - Мұны көлге апарайық.
Шаян: - Жоқ, одан да мұны құмға апарайық.
Автор: Сөйтіп үшеуі үш жаққа тартып, арбаны орнынан қозғалта алмайды.
XII. Шығармашылық тапсырма.
Аққу күйін тыңдай отырып:
1-топ: Аққу
2-топ: Шортан
3-топ: Шаян суреттерін бейнелеңдер.
XIII. Қорытындылау.
Үш топ оқушылары бірлік туралы білетін мақал-мәтелдерін айтады.
XIV. Мақал-мәтелдер:
1-топ: Бірлік болмай, тірлік болмас .
2-топ: Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады .
3-топ: Ынтымақ болмай іс оңбас .
XV. Үйге тапсырма.
1. Бірлік түбі - тірлік тақырыбына эссе жазу.
2. Мысалды оқу, соңғы шумағын жаттау.
Бағалау.


Скачать


zharar.kz