Адамға күш қолданба

Скачать

Ұлы Дала елі
ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ
Әлбетте, ата - бабалардан аманат - мирас болып қалған һәм ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнегелі өсиет, жаһандану мен өркениеттенудің шарықтау кезіне қарамастан, өз мән - мағынасын еш жоғалтпақ емес. Ал оны сана - сезімге сіңдіріп, бойына қалыптастыра алған өскелең ұрпақ ештеңені жоғалтпайды, керісінше, тағылымды тәліммен тұлғалана түспек. Қарапайым халық ішінен шыққан ақылдылардан қалған осынау нақылдарға зер салып көрейік.
 Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе.
 Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беруге тиіс.
 Үлкендер мен ғалым адамдар алдында көп сөйлемеуге тырыс. Мешітке, үйге ассалаумағалейкүм деп кіру керек, кешке кеш жарық деп кіру керек.
 Үлкен кісілерді, ананы, әйелді көлікке қолтықтап демеп мінгізу не түсіру керек. Көшеде, жолда жатқан шыны, темір болса, алып таста.
 Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма. Адамға күш қолданба.
 Сәбилерге өтірік айтпа, алдама, қорқытпа. Оларды жаман әдетке үйретпе.
 Тамақ жеп отырып сөйлеме.
 Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағыға қол созба.
 Егін ішінде дәретке отырма.
 Сұйық тамақты сораптамай іш.
 Дастарқан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле.
 Дініңе сеніммен, құрметпен қара.
 Халқыңның тарихын, дәстүрін, салтын, әдет - ғұрпын жадыңа тоқы һәм оны кейінгілерге үйрет.
 Қанша ұлы адам болсаң да халық алдында кіші, әдепті бол.
 Біліміңді көпке, пайда жерге жұмса.
 Жаман дағдыдан аулақ бол.
 Жаман адамдардан қашық жүр.
 Көршілеріңмен жылы сәлемдес.
 Достыққа берік, адал бол.
 Біреуді жамандама, өзіңді жамандаған адаммен дауласпа, жауласпа.
 Қуанышта, қиындықта, қайғыда, ашуда ұстамды бол.
 Шаруашылықтың басы - қасына жүрген адамдарға жолыққанда: бақташыға бағар көбейсін , мал айдап бара жатқандарға айдар көбейсін , егіншіге бір дәнің мың дән болсын , түрлі жұмыс үстіндегілерге іске сәт , жаңа қоныстанушыларға қоныс құтты болсын деу керек.
 Жолаушыларға, жүргіншілерге, сапарға шыққандарға сапар сәтті болсын деу керек ( қайда барасыз деуге болмайды).
 Үй сыртында тұрып немесе теріс қарап тұрып сөйлеуге болмайды. Аты белгілі адамдарға құрмет көрсет.
 Шалбарды отырып кию керек.
 Әйелдер, қыздар орындықта аяғын айқастырып отыруға болмайды.
 Алыс сапарға, игілікті іске, емделуге аттанар алдында қариялардың батасын ал.
 Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.
 Кемтар адам алдында дене кемістігі туралы әңгімелеме.
 Моншада да ұятыңды жаба біл.
 Пейіліңді кеңге сал.
 Кешірімді, мейірімді, сыпайы бол.
 Өркөкірек адамнан қаш, өзің де кеудеңді көтерме. (жалғасы бар)

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Скачать


zharar.kz