Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы

Скачать

Баяндама тақырыбы: Адамгершілік — рухани тәрбиенің маңыздылығы.
Рухани - адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Рухани - адамгершілік құндылықтармен білім жүйесін дамытып қалыптастыру жаңа қоғамның дамуындағы мәні зор, маңызды бағыт. Оқушыларды рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Рухани - адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани - адамгершілік қасиеттері қалыптасады.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа - адамгершілік - рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата - аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан - тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым - қатынастарынан көрінеді.
Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата - ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы - халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет - ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс — тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады , — дейді. Демек, шәкіртке жан - жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Рухани адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын Өзін - өзі тану пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.
Біздің Аққұдық орта мектебінде Өзін - өзі тану пәні өз мәнінде берілуде.
Өзін - өзі тану пәнінің арнайы жабдықталған пән кабинеті бар. Ата - аналарды, мектеп ұжымын қатыстыра отырып, Өзін - өзі тану кабинеті талапқа сай жабдықталды. Мұнда бағдарламаның негізгі авторы – С. А. Назарбаеваның аналық жүрегінен шыққан жылы сөзі, Өзін - өзі тану пәнінің оқытатын негізгі құндылықтары айқын және әдемі етіп жазылған. Оқушылардың сабақ үстінде өздерін еркін ұстауларына, демалуларына да жағдайлар жасалған. Осы аз ғана уақыттан бастап, біздер өз тәжірибемізді жинақтаудамыз. Жұмыс барысында арнайы дайындалған әдістемелік құрал - жабдықтарға жаңаша көзқараспен қарап, саралап, өз жетістігімізді қосып жұмыс жүргізудеміз.
Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым – қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез – келген мектептің міндеті болса, баланың өзін тануына, басқаны тануына, баланың болашақ дамуына Өзін - өзі тану пәні зор ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Өзін - өзі тану пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін - өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт - бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.
Рухани - адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет - дарынының ашыла түсуіне, ақыл - парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.
Өзін - өзі тану пәні арқылы жан - жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, ұлттық құндылықтарымызды құрметтейтін, бір - біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын, өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға тәрбиеленеді. Сондықтан да, пәнді оқытатын әрбір мұғалім өзі де үнемі жетілу, іздену, даму үстінде болса көздеген мақсатқа қол жеткізетініміз анық.


Скачать


zharar.kz