Жұмыстық оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын әзірлеуде оқу орындары мен мемлекеттік, жеке меншік, әріптестік қатынастардың ықпалдастығы
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Болашақтың іргесін бірге қалаймыз атты Жолдауында жас ұрпаққа беріліп жүрген бүгінгі білім саласындағы оң өзгерістерді айта келіп, Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы қажеттігін, елімізде кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңарту керектігін атап өткен болатын. Бүгінгі өркениет заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сай білім беру мәселесі ғылыми-педагогикалық тұрғыда жинақталған тәжірибеге, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастырумен көкейкесті мәселеге айналып отырғаны шындық.
Қазақстанның әлеуметтік саясатында білімді дамыту мәселесі ерекше орын алып отыр. Білім берудегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мен бағыттары Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында айқындалған. Осы заңның 4-тармағында азаматтардың құқықтарының кепілдемелері туралы көрсетілген. Білім туралы заңның осы тармағына сәйкес мемлекет білім беру жүйесін дамыту және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім алу үшін сәйкесінше әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау арқылы азаматтардың білім алуға құқығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ азаматтардың тегін жалпы орта және кәсіптік бастауыш білімді алуға мемлекеттік білім беру тапсырмасына сәйкес конкурстық негізде тегін орта кәсіптік білімді, кәсіптік жоғары білімді және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімді алуға кепілдендіреді.
Қазақстан Республикасында қабылданған бағдарламалардың ішінде білімді дамыту бағдарламасының өзіндік орны бар. Бағдарламаның негізгі міндеттері: қоғамның барлық санаттары үшін сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету, білімді басқаруды одан әрі демократияландыру негізінде ұлттық білім беру жүйесі қызмет етуінің құқықтық нормативтік базасын жетілдіру, қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениетті, адам құқықтары мен еркіндігіне сайлы қатынасты тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің дамуындағы басымдылық, отандық дәстүр, әлемдік тәжірибе және тұрақты даму қағидаттары негізінде білім берудің мазмұны мен құрылымын жаңарту, 12 жылдық жалпы орта білімге көшу, кәсіби білім мен кадрларды даярлау жүйесін білімнің халықаралық стандартты классификациясының критерилеріне сәйкес қайта құру. Экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын жоғарылату, әлемдік білім беру кеңістігі мен интеграция, білім берудің сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жасау, білім берудің ортақ ақпараттық ортасын қалыптастыру. Білім беру процесінің оқу әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етілуін жетілдіру, білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім, ғылым және өндірістің интеграциясы. Білімнің сапасын жоғарылату үшін экономика секторларының ресурстарын тарту механизмдерін жасау, педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік статусын жоғарылату, білім беру жүйесінің қаржылық, кадрлық қамтамасыз етілуін жетілдіру, білім менеджерлерін даярлау, сондай-ақ білім берудің көп деңгейлі үздіксіз жүйесінде мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделердің балансын қамтамасыз ету болып табылып отыр.
Болашақтың бүгіннен қаланатыны айдан анық. Еліміздің таяудағы жылдарда экономикалық жағынан өркендеп, әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуы бүгінгі білім алып жатырған балалардың білімі мен біліктілігіне, ұлтжандылығы мен отансүйгіштігіне көп байланысты. Осыған орай таяуда Елбасының жарлығымен еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілген болатын. Сондай-ақ оны іс жүзіне асыру мақсатында республикада білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған екі кезеңде атқарылатын мемлекеттік бағдарламасы енді. Ол бағдарламада негізінен орта мектепке, ондағы берілетін тәрбие мен білімге аса мән беріліп, педагог мамандардың кәсіптік біліктілігін, олардың өз ісіне жауапкершілігін арттыру көзделген.
Тәуелсіз елдің болашағы да, тірегі де ХХІ ғасырдың жастары жан-жақты кәсіби біліммен қаруланған, өздігінше қиындықтан шығуға жол табатын, кез-келген бәсекелестікке төтеп бере алатын маман, тұлға болуы қажет. Осындай тұлғаларды тәрбиелеу кәсіптік білім мекемелерінің қызметкерлеріне зор міндеттер жүктейді.
Түрлі мамандықтар бойынша білімді, білікті мамандар даярлау үшін алдымен оқытушы, өндірістік оқу шебері педагогикалық-психологиялық білімі толысқан жан-жақты тәжірибелі маман болуы керек.
Сондықтан кәсіптік білім беретін оқу орындарында жалпы және арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқу шеберлерінің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отыру қажет. Ол үшін әрбір оқытушы, өндіріс шебері әр уақытта өз білімін көтеру мақсатында шығармашылық ізденісте болуы шарт және кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқу тәрбие процесін әдістемелік, өндірістік жұмыстарды тиімді ұйымдастырудың маңызы зор.
Кәсіптік білім берудің сапасын арттыруда әлеуметтік серіктестіктермен тығыз жұмыс жасау және дамыту ерекше орын алады.
Осы Арал қаласында жақсы өркендеп жұмыс жүргізіп жатқан бірнеше жүздеген жұмысшылары бар мекемелер бар. Оларды бізбен әлеуметтік серіктестікте деп айтуға әбден болады. Мысалға алғанда: Арал-Сарыбұлақ тораптық су мекемесі, Арал жолдары ЖШС, Арал құрылысы ЖШС, Аралтұз АҚ, Арал агроөнеркәсіп техника ЖШС, КРЭК Арал бөлімшелерін айтуға болады. Осы мекемелермен үш жақты келісім шарт жасасып, лицей оқушыларын негізде өндірістік практикаға орналастырып, солардың озық технологиялы базаларын пайдалану арқасында оқушыларымыздың кәсіби біліктілігі заман талабына сай шыңдалуда. Бұл мекемелерде өндірістік практикадан өткен оқушылар жасаған еңбектеріне қарай жалақы алады, бұл оқушылардың материалдық және моральдық өсуіне, өзінің игеріп жатқан мамандығына деген сүйіспеншілігінің артуына ықпалы зор деп ойлаймыз.
№2 Арал кәсіптік лицейінде келесі жылдан бастап 9-сыныпты бітіруші жастар үшін Ауылшаруашылығында машина мен тракторды іске қосушы , Электро жабдықтарға қызмет көрсетуші , Тамақтануды ұйымдастыру , ал 11 сыныпты бітірушілер үшін Электр газымен дәнекерлеуші , Автокөлік жөндейтін слесарь (автокөлік жөндеуші куәлігі қоса беріледі), Ауылшаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинисі , Ауылшаруашылығында машина мен тракторды іске қосушы , Электрожабдықтармен қызмет көрсетуші , Жөндеуші слесарь жұмысшы мамандар даярланатын болады. Білікті, сапалы мамандарды даярлау үшін ең алдымен, лицейдің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жаңаруы тиіс. Осыған сәйкес, әр мамандық уақыт талабына сай жабдықталған оқу шеберханасымен қамтамасыз етілуі қажет. Өндірістік сабақ, өндірістік тәжірибелер әлеуметтік серіктестікте өткендіктен оқу бағдармалары, оқу жоспарларын әзірлеуде алдымен ол мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып алу керек. Әлеуметтік серіктестіктің материалдық техникалық-базасына қарай бағдарламаларды әзірлейміз.
Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды ғылым мен практика жетістіктері негізінде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру үшін қажетті жағдайларды жасау керектігі айқын.
Кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік серіктестік қарым-қатынасқа қатысушылар мемлекет, өндіріс, кәсіптік және техникалық оқу орындары болып табылады. Болашақ маманның еңбек әлеміне сәтті еніп, бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін қамтамасыз етуге күш салу. Ол үшін кәсіби даярлықтағы мамандықтар бойынша базалық мекемелермен әріптестік серіктестікті нығайту теориямен тәжірибенің мазмұнына сәйкестендіру қажет екені даусыз.
Үкіметіміз жуырда Еңбекпен қамту - 2020 бағдарламасын бекітті. Ол негізгі үш бағыттан тұратыны көрсетілген. Бірінші бағыт бойынша кәсіптік оқытудан кейін жұмысқа орналастыру қолға алынады. Екінші бағыт жеке ісін бастаушыға ең алдымен ауылда ұйымдастыруға жәрдемдесу. Үшінші бағыт түратын жерінде жұмыс не бизнес жасауға мүмкіндік болмаған жағдайда бағдарлама бойынша дамыған өңірге баруға мүмкіндік беру көзделген.
Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты атты ІІ облыстық еңбек форумына өз тарапынан қойылатын ұсыныстар.
- Оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының кәсіпорындар мен серіктестіктердегі жұмыстарға толықтай сәйкес келсе;
- Оқу орындарының инженер-педагогтарын жыл сайын оқуға білімдерін жетілдіру үшін жағдайлар жасалса;
- Кәсіптік білімді дамыту мен мамандар даярлау саласында әлеуметтік серіктестіктермен еркін қарым-қатынастар орнаса;
- Сұранысқа сай мамандықтарды даярлаудың түрлері өзгеріп отырса;
- Әлеуметтік серіктестіктер бітіруші мамандарға сұраныстарын арттырып отырса;
- Әлеуметтік серіктестіктер білім беру мекемелерінің инженер-педагогтарының шеберліктерін одан әрі шыңдау үшін, жаңа технологиялармен жұмыс жасау жолдарын қарастырып отырса;
- Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға әлеуметтік серіктестік мекемелерінің де ықпалы болса;
- Әлеуметтік серіктестік ұжымдарының білікті мамандары оқушылар арасында болып, олардың еңбекке деген қызығушылықтарын оятып отырса;
- Оқушылардың бос уақытында жұмыспен қамту қызмет орындарында болуға жағдай жасалса.