Тұсау кесу
Әдетте, сәби аяғын тәй - тәй басып жүре бастағанда тұсауын кеседі. Ата - әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген. Өйткені, баланың болашақтағы жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы, дәл осы тұсау кесуге байланысты деп сенген.
Сәбидің тұсауын кесу үшін әркім өз мүмкіндігіне қарай жол - жоралғы жасайды. Тума - туыстарын, көрші - көлемдерін шақырып дастархан жаяды, тіпті мұндай қуанышты оқиғаға той да жасайды.
Тұсауы кесілетін сәбидің аяғы қара - ала жіппен байланады. Жіптің ақ немесе қара болуы, баланың келешек өмір жолында қара күштер мен ақ ниеттер кездесуі мүмкін деген жорамал еді.
Содан соң ата - анасының өтініш жасаған адамы сәбиге өз тілегін айтып, батасын беріп, әлгі жіпті қияды.
Тұсау кесуді баланың ата - анасы кез - келген адамға жүктемей, өздері сыйлайтын, еті тірі, жүрісі түзу жандардан өтінеді. Мұнда да баламыз сүрініп - қабынбайтын, жинақы, ұқыпты болсын деген тілек жатыр.
Тұсауы кесілген сәби өзінен үлкен балалардың тобына қосылып, жүруге үйреніп, ойынға араласады.
Жиналған көпшілік баланың ата - анасына: Балаңның қадамы құтты болсын! — десіп құттықтайды.
Ата - ананың сол күнгі сыйлы қонағы – тұсау кескен адам болады. (152 сөз).
Өшпес мұра
Жазушы М. Әуезов көп жылдар бойы Абайдың өмірі мен шығармаларын зерттеп, Абай жолы атты дәуірнама жазды. Ол Абайдың әнші, сазгер екеніне үлкен сипаттаулар берді.
1935 жылы ақынның туған жері Семейде Мұхтар Әуезов сазгер Л. Хамидиді кездестіріп, оған Абайдың әндерін нотаға түсіріп, жазып алу туралы ақыл береді.
Л. Хамиди Архам ЬІсқақовтан ақынның 18 әнін жазып алып, нотаға түсіреді.
А. Жұбанов пен Л. Хамиди өздерінің Абай операсында Абайдың әндерін орынды пайдаланды.
Өз заманынан озық туған Абай қазақ жазба әдебиеті мен музыка өнерін биік сатыға көтеріп, небір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған.
Абай аулының оқушылары және Абайдың өз балалары түрлі музыка аспаптарынан музыка үйірмесін ұйымдастырған. Бұл үйірмені Абайдың оз баласы Әбіш және Абайдың досы Көкбай басқарған. Абайдың жазған өлеңдерін жаттап, әнге салып, жұртқа тараушы іні, достары және жас шәкірттері шыға бастаған. Абай сол кездің өзінде домбыраны жақсы тартып, өзі шығарған әндерін домбыраға салып айтып отырған.
Қазақстан сазгерлері Абайдың музыкалық мұрасын зерттеп, тамаша әндерін пайдаланып, опера, симфониялық поэмалар, көп дауысты хорлар және аспаптық шығармалар жазды. (156 сөз)
(Б. Ғизатов)
Тұрмыс - салт жырлары
Әр халықтың өмір тұрмысы, әдет - салтынан туындап жататын Сүйінші , Шілдехана , Тойбастар , Жар - жар , Беташар , Бесік жыры сияқты халықтың шат - шадыман да қуанышты кездері мен Қоштасу , Естірту , Жұбату , Көңіл айту тәрізді қайғылы мұңды хал - ахуалдарын күйттейтін жыр үлгілері болады.
Қаншама заман өзгеріп, аударылып - төңкеріліп жатса да, мұндай өлең - жырлар сол халық, сол ұлтпен бірге жасасып, тұрмыс - салтта айтылып, жырланып, қайта, бұрынғыдан да жаңарып, толығып, молығып, атадан - балаға рухани мұра болып қала береді. Міне, халық поэзиясының ең басты қасиеті осы болса керек.
Жанрлық жағынан алып қарағанда, қазақ халық жырлары былайша жүйеленеді. 1) Арнау, мадақтау, толғау, терме, тарихи өлең, қара өлең, хат өлең, ән - өлеңдер саяси лирика саласына жатса; 2) Сүйінші, шілдехана, бесік жыры, тұсау кесер, тойбастар, беташар, жар - жар, жұбату, көңіл айту тәрізді нұсқалары тұрмыс - салт жырлары болып жіктеледі.
Халық жырлары олардың басқа: 3) еңбек, кәсіпкерлік, жұмысшы жырлары, аңшылық, саясаткерлік өлеңдері; 4) дидактикалық - өнегелік өлеңдер (нақыл өсиет, алғыс, бата - тілек, мысал, тақпақ, жұмбақ); 5) таңғажайып (фантазия, аңыз түрлері) және 6) күлкі - сықақ сияқты ішкі жанр түрлеріне бөлінеді. (160 сөз)
Ұлтты ұлт ететін тағылымдар
(Қ. Жұбанов тағылымы)
Ұлтты ұлт ететін, оның өрісін жайып, тығыз кіретін бірлігі, күш - қайраты болуы керек. Әр тілде сөйлейтін, әртүрлі мәдениеттер ықпалындағы бірнеше дінге бөліне бастаған қазақтың басын біріктіру — бүгінгі ұлт тіршілігіміздің басты мәселесі.
Қ. Жұбанов айтқандай, қазақ ұлтының этникалық азғындауы Ресейге қараған тұста ел билігі орыс үкіметінің қолына көшті, елдік, азаматтық сана кеміді. Өз малы мен өз басының қамынан басқа оған ойлайтын нәрсе қалған жоқ.
Қазақ халқының ар - намысы аяққа басылды. Бір кездегі кеудесі биік қазақ өз елінде өгей халге түсті. Қазақ ұлты бүгін тәуелсіздікке қол жеткізсе де, асқынып кеткен дерттен арыла алмай отыр. Еркін ел болу — оңай емес. Жұбановтың азаматтық сана туралы ой - тұжырымдары Абайдың қазақтың арлылық, намыстылық, табандылық сияқты жақсы азаматтық мінезден айрылдық , — деп ызамен жазған ойларымен ұштасып жатыр.
Қ. Жұбанов тағылымы бүгінгі ұрпақты ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, жан - дүниесіне терең үңіле қарауға тәрбиелейді. Ұлттың биік мерейі, тіл намысы, азаматтық саналы іс - әрекеті, табандылықты рухани ізденістерді қалайды.
Қазақ елінің түбегейлі мақсаты — ұлтымызды аман сақтап қалу. О. Сүлейменовтың сөзімен айтқанда Кім ұтса — сол ұтсын, Қазақстан ұтылмасын! (170 сөз)
( Ақтөбе газетінен)
Үміт
Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.
Осындай екі жақты ой талқысына теңселе училищені бітірдім. Жақсы бітірдім. Училище басқарушысы Яков Овсянников дейтін қазақша жақсы білетін ұстазымыз, бізді училищеден аттандырарда куәлік қағазды бере отырып:
— Кім, қайда барғысы келеді, оған біз жолдама жазып беріп, тілек қоямыз, — деді. Мен:
— Семинарға түссем, — деп тілек айттым.
— Онда, саған дайындығына түсуге тілек етіп қағаз жазамыз.
— Өз ұстазың Нұрғали Құлжанович та көмектеседі, — деп мені көңілдендіріп қойды. Училищені бітіріп, куәлігімді алып, Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйіне келдім. Еңбектерін ақтап, дұрыс оқу бітіргеніме ол кісілер де разы болып қуанысып қалды. (177 сөз)
Шілде
Жаз өтіп, шілде жетті. Шілдеде күн ұзын, түн қысқа, күннің ыстығы сонша күшті, тастар, құмдар қызып кетеді. Шілдеде піспеген шөп қалмайды. Мінілмеген, жұмысқа салынбаған мал семіріп, желідегі құлындар ғана жүдеген. Қымыз мол, қозы піскен. Ел жайлауда бірін - бірі қонақ қылып, қазақ салты өз алдына бір қызық. Қыз ұзатса, ұл туса, той болып, жұрт жиналып, ат шауып, күрес болады. Осы кезде қазақ бұрынғыдай алысқа көшпейді. Бұрын жердің еркін шағында жүз елу, екі жүз шақырым жерлерді жайлап кетеді екен. Үлкендер сол күндерін осы күні қатты сағынып, сөз қылысады. Шөп шабатын мезгіл де жетті. Бозбалалар жайлаудың қызығын қия алмай, ерініп әрең шығады. Қазақ шөпті бел орақпен шабады. Машина жаңа тарап келеді. Ондағы балалар да жаздай қымыз ішіп тынығып, енді сабаққа баратын күндерін санап жүр. (120 сөз)
(М. Дулатов)