Әрігіректе қалың құрақ

Скачать

Жер үйде
Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр. Шағын жер үйдің іші тым - тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады. Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы үйдегілерге жайсыз тиді.
Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз тірегі – жуан белағаш. Оның да ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған. Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. (105 сөз)
(Ш. Мұртаза)

Ән құдіреті
Әміре сахна ортасында әуелі халыққа ізет көрсетіп, бас иді. Басында оюлы тақия, үстінде жеңіл шапан, қолында домбыра. Ол шеті түпсіз көрінген кең залға қарады да, Қанапия әнін айтты.
Жастық шағы киіз үй мен кең далада өткен Әміреге бұл зал үлкен болып көрінсе де, ол айтуға келгенде, тар сезілді. Сондықтан оның таудан тау асып, жаңғыртатын сұлу да ашық дауысы Еуропа тыңдаушыларын қатты таңдандырды. Қанапия әнінің аяғын созып барып, домбыраны желпіндіре бітіргенде, тілдің керектігі болмады. Ән аса күшті дауыспен шарықтап барып аяқталғанда, сүйсініп отырғандар қайран қалысты. Ән тым тез біткендей. Ұйып тыңдаған халық әнші орнынан тұрып, бас игенде ғана ду қол шапалақтады. Залдан бис…бис… деген дауыстар жамырай естіліп жатты. (108 сөз)
(Жарқын Шәкәрімов)

Дала перзенті
Көкем екеуміз көл жағалап кеттік. Үндемей ғана жағалап келеміз. Көкем: Сөйлеме, жөтелме – деп ескерткен. Бір рет түшкіргенім болмаса, жөтелгенім жоқ. Дөңмаңдай мен қоңыр құлын соңымызда. Олар да үндемей ғана еріп келеді. Бір дөң көлге тұмсығын сұғып, көлденең тұр еді. Осы дөңге тірелгенімізде, көкем маған сыбырлады:
— Көл мына тұмсықтың сыртын айналып жатыр. Қазір құстар уәлаятының қандай екенін көресің. Осыны айтты да, шоқыта кеп жөнелді. Боз бие де лып ете қалды. Көлденең жатқан дөңді бір лезде көлденеңінен кесіп түстік. Әрігіректе қалың құрақ. Одан бері көк шалғын дауыл соққандай теңселді. Алғашқыда білмедім. Сөйтсем, шалғын түбі шалшық су, судың беті толы қаз, мамыр үйрек екен. Олар бізден шошып, қалың құраққа қарай лап қойыпты. (108 сөз)
(М. Тлесов)

Алып - анадан туады
Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі.
Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр.
Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады. (107 сөз)
(С. Мұқанов)

Тамыр - тынымсыз насос
Тамыр ылғалды топырақтың өте терең қабатынан сорып алады. Күн аса ысыған кезде, жапырақтар суды неғұрлым көп буландырса, тамырдың жұмысы да соғұрлым күшейеді. Суға жету үшін тереңге еніп, таралып, жан - жағына жайылады. Кейде топыраққа ылғал жетіспейді, ал су өте суық болса, тамыр оны сора алмайды.
Жапырақтың суды буландыруы мен тамырдың топырақтан суды сорып алу шамасы ылғи да тең түсуі керек, егер бірінің жұмысы бәсеңдеп кетсе, екіншісінің да жұмысы бәсеңдейді, осы кезде жапырақтар мерзімінен бұрын сарғайып түсе бастайды. Мұндай жағдай көбінесе жапырақта кездеседі, себебі жапырақтар суды пайдаланады, ал тамыр насостың қызметін атқарып, суды жеткізіп отырады. Жапырақ пен тамыр жұмысының сәйкес келмей қалуы өнімді төмендетеді. (110 сөз)

Атамекен
Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым - жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек табиғаттың ғана қолынан келетіндей.
Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің — балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық, соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді. (109 сөз)

Атау сыры
Өзендер сияқты таулардың да аттары бар. Түрлері қандай болса, бұлардың аттары да сондай. Құсмұрынның мұрны қораздың тұмсығына ұқсас. Біздің ауылға жақын таудың аты — Қарабура. Оның өзі ашуланшақ жалбыр шуда қара бура сияқты. Екі өркеші дәу Қарабура мойнын созып, Айнабұлақтан су ішіп тұр. Тайменденің Сарытауы — егіз боталы сары інген. Ол егіз ботасын ертіп, өріске беттеп барады. Қарақойын, Қашырлы шұбырып, Керей өзеніне келе жатыр. Көкдомбақ төңкерілген көк қазанға ұқсас.
Қозылар жаздай қозы болып жүреді. Олар тек қар жауғанда тоқты болады. Тоқтылар — қыстыгүні қойдың ішіндегі ең әлсізі, ең тоңғағы. Сондықтан тоқтыларды ең жақсы тауға қыстатады. Сондықтан сол тау Тоқтытау аталыпты. Барлық жабағы қыстан тай болып шығады екен. Сол үшін әлгі бір сары тау Тайменде атаныпты.
Бір жылғада жалғыз құдық. Бір сайдың бойында жеті құдық. Бір ойпаңның аты – Төртқұдық. Бір кең алқаптың аты — Қырыққұдық. (131 сөз)

Қайран Құлагер
Қайран Құлагер. Ақан серіні бес жыл асқақтатып, әбден толықсып, тоғыз жасында қапыда мерт болды.
Бұл қайғылы астан бұрын Ақан серінің мәртебесін аспандатқан ғаламат ас — Құлагерге қылқұйрық тұқымының ең асылы пар келмеген Аққошқар - Сайдалының асы болмады ма, Алтай елінде. Сол аста Құлагермен бірге Арғын ішінде Мұрат деген бір бұтақтан тарайтын елдің жуандары Батыраш, Қотыраш дегендер және Барақбай деген көк бөрі де атын қосты. Бөрібай осы Барақбайдың даяшы жігіті еді. Шаш ал десе, бас алатын осы қағынған қара жүрек қарақшы, тақалып қалған аттардың алдынан шауып шығып, елден ерек Барақбайдың боз атын көтермелеп тарта жөнеледі. Сағынай асындағы Құлагер қасіретін айналып келгенде ел осылардан көреді. Қасым қарияның дәптеріне осы оқиғалардың біразы енген.
— Әрине, Ақан серінің ет жақыны біз ғана іздеп, біз ғана қастерлейміз. Ол халықтың бір ғасырда бір - ақ туатын асыл перзенті. Қазақ әнінің інжу - маржанын берген өнердің бір еркебұланы. Құлагеріндей дүлдүл ақыны. Тұла бойы даналықтан жаралған табиғат сыйы — ол! — деп Қасым қария бір ойлы толғанысқа түсті.
Сыртта Көкшенің көк нөсері төкті де тұрды. (165 сөз)


Скачать


zharar.kz