Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының
қосымша білім беру педагогы Танрибергенова Жанат Рахимбаевна
Сабақтың тақырыбы: Ұлттық теңге.
Мақсаты: бүлдіршіндерді ұлттық теңгемен таныстыру.
Білімділік: ақшамен жұмыс істеудің алғашқы дағдыларын түсіндіру.
Дамытушылық: баланың шығармашылық, логикалық ойлау қабілеттерін, қиялын, танымдық процестерін дамыту.
Тәрбиелік: түрлі әдіс - тәсілдерді пайдалану арқылы байқампаздыққа, жылдамдыққа, өзін көрсете білуге, бірлікке тәрбиелеу.
Әдістері: ой қозғау, миға шабуыл, түсіндіру, сұрақ - жауап, дидактикалық ойындар, қорыту, бағалау.
Көрнекілігі: монеталар, қағаз ақшалар, дүкенде ойынына байланысты суреттер.
Күтілетін нәтиже: өтілген материалдарды есте сақтау, өз білімін көрсету, тапсырмаларды орындай алу, алғашқы экономикалық түсініктерін қалыптастыру.
Жаңа сабақ.
- Балалар біз қай республикада тұрамыз?
- Біздің Отанымыз Қазақстан Республикасы.
Әр елдің өзінің төл ақшасы болады. Қазақстанның да теңге деп аталатын өзінің ұлттық ақшасы бар. Сонымен қатар көрші елдердің де өз ақшаларының өз атауы бар екен. Мысалы Қырғыз елінің ақша бірлігі сом , Ресей халқында рубль , Америка Құрама Штаттарында доллар , Қытай елінде юань деп аталады.
Қазақстан рубльдік зонадан 1993 жылы қараша айында шықты, 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта теңге болып енгізілді.
Қазақ елінің төл теңгесі қағаз ақша және монета түрінде болатындығын айтып түсіндіру. Әрбір монеталардың ( 1 теңге, 2 теңге, 5 теңге, 10 теңге, 20 теңге, 50 теңге, 100 теңге), қағаз ақша ( 200 теңге, 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10000 теңге) екендігі айтып түсіндіріледі.
Күнделікті өмірде адамның қажетіне жұмсалатын заттардың барлығын ақша жұмсай отырып, тіршілік жасаймыз. Мысалы, дүкенге барсақ міндетті түрде қалтамызда ақша болуы керек. Әмиянымызда ақша болуы үшін ата - анамыз тынымсыз жұмыс істейді. Ата - ананың үмітін ақтау үшін, біз балалар сабағымызды өте жақсы оқуымыз керек.
Дүкенде ойыны. (Слайдтан көрсету)
Мақсаты: бүлдіршіндердің сандарды қосу, азайтуды қаншалықты меңгергендігін анықтау, есептеу дағдыларын жаттықтыру.
Слайдтан ( доп, көлік, конструктор, кітап, қуыршақ, айна) суреттері мен заттың бағасы жазылып көрсетіледі.
- Дүкендегі ең қымбат зат қайсысы?
- Ең арзан зат қанша тұрады?
Ал балалар мынау әмиянның ішінде көптеген монеталар бар. Сол ақшаларды мен сендерге беріп отырамын, қажет деп тапқан заттарыңды дүкеннен сатып аласыңдар.
Әр сатып алынған заттың бағасымен қатар қайтарылатын ақша туралы түсіндіріледі.
Дүкенде ойынынан көрініс.
1 - бала. - Сәлеметсіз бе!
Сатушы: - Сәлеметсің бе!
1 - бала: - Маған 2 теңгеге дәптер беріңізші?
Сатушы былай дейді:- Балақай сенің жасың нешеде?
Бала: - Менің жасым алтыда. Енді мен мектепке барамын.
Сатушы: - Жарайсың! Сен маған 5 теңге бердің, мен саған неше теңге қайтаруым керек екенін білесің бе?
Бала: - Әрине, білемін. Маған 3 теңге қайтаруыңыз керек.
Сатушы: - Тамаша! Сау бол!
Бала: - Сау болыңыз!
2 - бала: - Сәлеметсіз бе!
Сатушы:- Сәлеметсің бе!
Бала: - Маған кітап қажет еді. Кітап неше теңге тұрады?
Сатушы: - Кітаптың бағасы 5теңге болады.
Бала: - Мінекей, алыңыз, менде 10 теңге бар.
Сатушы: - Кітап алғаныңа қарағанда ақылды бала екенсің.
- Маған айтшы, мен саған қанша теңге қайтарамын?
Бала: - Маған 5 теңгені қайтарасыз.
Сатушы: - Мінекей, ақылды бала деген осы шығар. Сау бол!
Бала: - Сау болыңыз!
3 - бала: - Сәлеметсіз бе!
Сатушы: - Сәлеметсің бе!
Бала: - Маған 1кг күріш пен 1л сүт беріңізші.
Сатушы: - Күріштің кг - мен сүттің л - мен өлшенетіндігін қайдан білесің?
Бала: - Мұның барлығын ұстазым үйретті.
Бала: - Күріш, шекер, арпа, бидай, сусымалы заттарға жатады. Оларды біз кг - мен өлшейміз. Ал сүт, айран, шырындар, қымыз, шұбат мұның барлығы сұйық заттарға жатады. Сұйық заттардың барлығы л - мен өлшенеді.
Сатушы: - Сүт пен күріштің бағасы 11 теңге болады.
Бала: - Мінекей, алыңыз, менде 15 теңге бар.
Сатушы: - Ақылды болған қандай жақсы. Сау бол!
Бала: - Сау болыңыз! Рахмет.
Сабақты қорыту:
- Сонымен балалар, бүгін біз қандай тақырыппен таныстық?
- Қазақстанның ұлттық валютасы қалай аталады?
- Дүкенде ойыны сендерге ұнады ма?
Бағалау: сабаққа жақсы қатысқан балаларды мадақтау және бағалау.
Үйге тапсырма: қағаз ақша мен монеталарды жаттау.