Әдептілік - әдемілік
Мақсаты: Оқушыларды әдеп пен сыпайылық арқылы жаман әдеттерден аулақ болуға, сиқырлы сөздерді қолдану арқылы әдептілікке тәрбиелеу. Әдептіліктің өзі әдемілік екендігін түсіндіру. Адам бойындағы ұнамды - ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, әдеп әліппесін және ұлттық құндылықтарды бойларына дарыту, таным белсенділігін арттыру.
Мұғалім: Біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз "Әдептілік - әдемілік"деп аталады. Ол Сара Алпысқызы Назарбаеваның "Өзіңді тану"бағдарламасы негізінде өтеді.
"Сен қандай баласың?" суреті ілінеді.
- Жақсы болу - өзіңнең
Жаман болу - өзіңнен.
Өзіңді өзің ая да
Өзіңнен үйрен өзіңнен.
- Жақсылық көрсең біреуден,
"Мен қандаймын?" - деп ойла
Жамандық көрсең біреуден,
"Мен қандаймын?"- деп тағы ойла.
- Өзіңді - өзің қолға ал
Өзіңсің ақыл - айнасы.
Тиеді саған мәні бар
"Өзіңді тану" пайдасы.
- Тәуір киім, тәуір ас
Бере ме тәуір тәрбие.
Тәрбиелі ұл - қыздың
Ата - анасы әулие.
- Өзіңді - өзің таны да
Тағы да ойлан, тағы да.
Қандай боп өсіп келесің
Қазақтай елдің бағына?
М: - Балалар, алдымен "әдепті"сөзіне жауап іздеп көрейік. Әдепті бала қандай бала деп ойлайсыңдар?
О: - Әдепті бала ата - анасына сүйікті болады.
- Әдепті бала үлкендерді сыйлайды.
- Әдепті бала кішілерге, қарттарға, мүгедектерге көмектеседі.
- Мектепте алыспау, жүгірмеу де әдептілік.
- Жаман сөз айтпау, жаман әдеттен қашық болу - әдеп.
- Сәлемдесіп жүру, жақсы сөздер айту да - әдептілік.
М:- Олай болса, сол сәлемдесу туралы сөз қозғайық. Әдепті баланың тәрбиесі - сәлемінен - ақ көрініп тұрады. Халқымыз ежелден - ақ сәлемдесуге ерекше мән берген. Әңгімені амандасудан, есен - саулық сұрасудан бастаған. Сәлемі түзу балаға үлкендер риза болып, батасын береді. Ал үлкеннен бата алған бала әдепті болады.
Сәлем - сөздің анасы.
М: - Қалай амандасу керек?
О:- Ассалаумағалейкүм
- Уағалейкүмассалам(Екі оқушы бірі - ата, бірі бала болып көрсетеді.)
"Көрші атам"М. Жаманбалиновтың өлеңі тыңдалады.
М:- Балалар,"Ассалаумағалейкүм","Уағалейкүмассалам" сөздерінің мағынасын қалай түсінесіңдер?
О:- Ассалаумағалейкүм - "Алланың нұры жаусын"
Уағалейкүмассалам - "Өзіңізге де соны тілеймін"дегенді білдіреді.
М:- Тағы қалай амандасуға болады?
О:- Халқымыз қол алысып амандасуға ерекше көңіл бөлген. Ата - анам мені кішкентайымнан "Ағаңа қолыңды беріп амандас","Көкеңнің қолын ал" деп үйретті. Солай істеп жүрмін.
О:- Наурыз мерекесі кезінде төс қағыстырып амандасады.(екі оқушы көрсетеді).
О:- Әже, апалармен "Саламатсыз ба?","Сәлем бердік","Есенсіз бе?"деп амандасамыз.
М:- Сәлемге байланысты тағы қандай сөздер білесіңдер?
О:- Қазақ салтында тәуліктің мезгіліне қарай "Қайырлы таң","Қайырлы күн","Кеш жарық" деп те амандасады.
М:- Ал, балалар, кім бірінші болып амандасуы керек?
О:- Кіші адам үлкен адаммен, ер бала қыздармен бірінші болып амандасады.
М:- Үйге немесе класқа кірген адам отырғандармен бірінші болып амандасады, ал кетіп бара жатқанда қалғандармен де бірінші болып қоштасады.
М:- Қандай жағдайда тұрып амандасады?
О:- Әдептіліктің бір белгісі - орныңнан тұрып амандасу. Біз апайларымызбен, ата - аналарымызбен класқа келсе, тұрып амандасамыз. Қоштасқанда да тұрып қоштасамыз.
М:- Амандасу кезіндегі сақталуға тиісті ережелерді білесіңдер ме?
О:- Сәлемдескенде дауысты көтермей, жылы шыраймен, достық пейіл таныту - сәлемдесудің басты шарты.
М:- Дұрыс айтасың. Дауыс ырғағы мен бет - жүз құбылысы, дауыс маңызды қызмет атқарады."Сәлем беруіңнен кім екеніңді білдім"деп жатады үлкендер. Бұл жай айтылы салған сөз емес. Сен амандасып болғанша қолыңды ұстап тұрып, бет - жүзіңе, киген киіміңе, даусыңа назар аударып тұрады.
О:- Қол алысқанда қолды қатты қыспау керек.
О:- Қолды селқос, сұлқ ұсына салуға болмайды.
О:- Қолғапты шешіп амандасу керек. Ол да адамды құрметтегендік белгісі.
М: - Сәлемдесуге, жалпы әдептілікке байланысты қандай мақал - мәтел білесіңдер?
- Сіз деген - әдеп,
Біз деген - көмек
- Әдептілік белгісі -
Иіліп сәлем бергені.
- Жақсыдан үйрен,
Жаманнан жирен.
- Әдепті бала
Ата - анасын мақтатар.
Әдепсіз бала
Ата - анасын қақсатар.
- Әдепті бала - арлы бала
Әдепсіз бала - сорлы бала.
- Әдептілік ар – ұят, адамдықтың белгісі.
- Сәлем - сөздің анасы.
М:- Осы тақырыптарға байланысты жаттаған өлеңдерімізді айтайық.
- Сәлемдесейік жымиып,
Жүректерге нұр құйып.
Жылы сөздер сергітер,
Адамдарды тұңғиық.
- Үлкенді кім сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.
"Әдептілік әліппесі". Ә. Асылбеков.
- Атам менің әрқашан
Кішіпейіл бол деген.
Ақыл сөзі санамда
Мақтанбауды жөн көрем.
- Атам менің әрқашан
Бол дейтұғын тіл алғыш.
Мынау байтақ ғаламда
Қаншама дос, бауыр бар.
- Атам менің әрқашан
Бол дейтұғын тіл алғыш.
Үлкендерден содан да
Алып жүрмін кіл алғыс.
- Атам менің әрқашан
Мейірімді бол деген.
Ақыл сөзі санамда
Жасы үлкенге жол берем.
- Атам менің әрқашан
Ынтымақшыл бол деген.
Бірлік болса адамда
Шын бақыт қой ол деген.
М:- Әдептіліктің тағы бір белгілері"Сиқырлы сөздерде". Сиқырлы сөздерді білсеңдер "әдептілік - әдемілік"дегенді білетін боласыңдар. Ол үшін сұрақтарға жауап беріп көріңдер(Барлық сиқырлы сөздер табылғанда әдемі гүл құрастырылып шығады)
Сиқырлы сөздер
- Мына суретте қандай сөз жасырынып тұр?(Ассалаумағалейкүм)
- Апаң сенің базардан
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін жақсысын
Саған таңдап әперді.
- Не деп барып, жеу керек? (Рақмет)
- Балалар жүр көшеде
Естіледі шу, айқай.
Сен де шықтың көршіңді
Қағып кеттің байқамай.
- Мұндайда не деу керек? (Кешіріңіз)
- Әжең сенің түскі асқа
Қант - кәмпитті салды мол.
Жұрттан бұрын ыдысқа
Өз бетіңше салдың қол.
- Жөн еді не айтқаның? (Рұқсат)
- Қош алып келген қонақты
Қарсы алдық біздер күлімдеп.
Тілменен егер жеткізсек
- Не деген сөзді айтар ек? (Қош келдіңіз)
- Қош алдық біздер күлімдеп
Көрсеттік әдептілік. (Сау болыңыз)
М:- Әрқашанда әдептілік танытып жүрсеңдер мына гүлдей әдемі болып өсесіңдер(Ортасында сиқырлы сөздер деген жазу, күлшелерінде ассалаумағалейкүм, рақмет, кешіріңіз, рұқсат па, қош келдіңіз, сау болыңыз деген сөздері бар гүл құрастырылып шығады).
Жағдаяттар шешу.
1. Математика сабағында Қайратқа сызғыш керек болды. Ол көрші отыратын Асан - Ей, сызғышыңды берші - ей,- деп айғай салды.
- Бұл әдептілік пе, әлде әдепсіздік пе? Қалай сұрау керек еді?
Адамның әдептілігі басқа адамдармен қарым - қатынасында да көрінеді. Сондықтан сөйлегенде де, қимыл үстінде де әдептілік таныту керек.
2. Қоңырау кезінде Болат партада тамақ жеп отыр. Класқа бір кісі кіріп, мұғалімнің қайда екенін сұрады. Болат тамағын жеп, кітабын ақтарып, әлгі кісіге бұрылып қарамастан"білмеймін"деп отыра берді.
- Болаттыкі әдептілік пе? Сен не істер едің?
3. Адамдар жүретін жолдың дәл ортасында сабақтан тараған екі қыз сөйлесіп тұр. Тіпті өздерінің қайда тұрғанын ұмытып кеткендей. Ал адамдар оларды айналып, қысылып, әрең өтеді. Бір - екеуі ескерту де жасады. Оны қыздар жақтырмай, ренжіп қалды.
- Осы дұрыс па, балалар? Қандай ақыл айтар едіңдер?
Жарнама."Әдетте Сіз әдептісіз"
- Әдетте сіз
әдептісіз
Үлкенге орын бересіз.
Кейбіреуше
Көрмеген боп,
Бермеуді ұят көресіз.
Әдетте сіз
- Әдептісіз,
Әр уақытта солайсыз.
Кейбіреуше
мінез - құлық
көрсетпейсіз қолайсыз.
- Қарияны,
мүгедекті
Жібермейсіз көмексіз.
Көліктерге мінгісесіз
Қолтығынан демеп Сіз.
- Әдетте сіз
Әдептісіз
Сауысқанша жұғымсыз
Көршіңізбен
Сабақ үсті
Сөйлеспейсіз тынымсыз.
- Әдетте сіз
Әдептісіз
Айттырмай - ақ білесіз.
Апаңызға
Жиі - жиі
Жәрдемдесіп жүресіз.
- Әдетте сіз
Әдептісіз
Әңгімеге қызбайсыз.
Атаңыздың,
Әжеңіздің
Сөзін
Жөнсіз бұзбайсыз.
- Әдетте сіз
Әдептісіз,
Осы - дағы қиын ба
Қашан болсын
Кешікпеңіз
Болатұғын сабағыңа.
- Әдетте Сіз
Әдептісіз
Ұятты болып қалмаңыз.
Қызық - қызық кітаптарды
Сұрамайынша алмаңыз.
- Кереметтей қызыққанның
Қимағанның өзінде
Кітапты Сіз
Қайтарасыз
Иесіне кезінде.
- Әдетте сіз
Әдептісіз,
Әлсіздерге панасыз.
Мықтылармен екі араға
Қорған бола аласыз.
- Бала болды
Қайда барса
Әжесіне еретін.
Әжесі оған
Кәдімгідей
Ақыл - кеңес беретін.
- Ол бала рас.
Өте әдепті,
Өте момын болатын.
"Рақмет"деп
Кішкентайдың
Добын тартып алатын.
- Әдетте сіз
Әдептісіз
Рақмет айту дұрыс
Ол оңай.
Бірақ - бірақ
Жұрттың добын
Алмаңыз тек
Сұрамай.
И. Нүсіпбаев, ААсылбековтың "Мен әдепті баламын"әні орындалады.