Қайда болдым сот жүргенде, Қайратымды өлтіргенде

Скачать

Шығармашылыққа баулу
Ол тірі болса ақын болар ма еді?

Мақсаты: шығармашылық қабілетін дамыту, ақындық өнерге баулу
Ербол, Қайрат сынды ұлтжанды азаматтарды үлгі тұтып, азаматтық - патриоттық тәрбие беру
Рухани азаматтық, өнерлі, жан - жақты тұлға қалыптастыру
Көрнекілік құралдар: фото, слайдтар, кітаптар көрмесі, Шаханов, Молдағалиев, Қайрат Рысқұлбековтың өлеңдер жинағы

Жоспар
1. әдеби монтаж
2. ақындар айтысы
Барысы
Мерекелік кешке оқушылар, желтоқсан оқиғасының құрдасы 1986жылы туған азамат, оқиғаның куәгері не болмаса қатысушының туыстарын қонаққа шақыру.
Мұғалім: Ондаған жылдар бойы қордаланған келеңсіздіктер қоғамның әлеуметтік мәдени салаларындағы кемшіліктер ұлт мәселесінің шиеленісуі республика жастарының ызасын тудырды, күрес жолына алып келді. Республиканың басшысының ауыстырылуы оған түрткі болды. Наразылық бейбіт шеру түрінде өтіп, саяси сипат алды. Қазақ жастарының бас көтеруі
Ұлтшылдық емес болатын, ол басқа халықтарға, орыс халқына бағытталған жоқ. Бұл оқиға билік басындағыларды әшкереледі. Жазалау кезінде ұру, соғу, техника мен медицинаны қолданып қинау, итке талау, қарға жатқызу, аязда қатыру тәсілін қолдану – басшылардың рухани әлемінің жұтаңдығын көрсетті.

Қазақ ұлтшылдығы деп күйе жағуға тырысты. Желтоқсан оқиғасы тарихтағы ауыр, қайғылы беттерінің бірі. Көп ұзамай Балтық елдері күресін бастады. Тбилиси, Баку толқулары тұтанды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ар - намысы, қасіреті, мақтанышы.
1 - Жүргізуші Ол тірі болса ақын болар ма еді?- деген мерекелік кешімізді бастаймыз.
2 - жүргізуші Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде есімін ел жадына мәңгілік жазып кетті. Қайрат, Жансая Сабитова, Ләзат Асанова, Ербол Спатаев, Түгелбай Ташенов - желтоқсан қаһармандары.

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген
Жүрегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім – күн тұтылып
Қуанғанда күлкіммен – түн түрілген.

1986 жыл 31 желтоқсан, жазушылардың Мәжіліс үйі. Қыз - жігіттерді аулау болып жатқан кез. Сақтықта қорлық жоқ деп үндемеген жасқаншақ ағаларымыз. Сол кезде ұлтшыл атанамын деп қаймықпай ақиқаттық бет пердесін ашқан, айыптап сөйлеген ер жүректі Жұбан Молдағалиев ағамыз.
- Ұлтшыл деген күйемен 4 жылды өткіздік. 1990 жыл. Ешкім Қайратты да ешкімді де ақтай алмады. Шетелге барған сапарында М. Шаханов студенттердің алдында шындықты айтып жастардың маскүнем, нашақор болмағанын дәлелдеді.
- Қонақтарға сұрақ
- Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ дегенге қалай қарайсыз, Әділет ағай? Шындықты айту қиын ба, шындық жеңе ме?
- Оқушы: Анель
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген
Құшақ жая таныстым сан тіліммен
Жаман үйді қонағы билейді деп
Қала жаздап айырылып өз тілімнен
Өзге тілге еліктеп ел болмайық

Оқушы: Камила
Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды
Құпия шерттім осы жан сырымды
Қош енді жолықпасаң, қайран ана
Көзімнен ақ жаулығың жасырынды.
Қайран анам күзеткенің түгел ме
Көктеректе жазықсыз екенімді біле ме?
Бейшараны мазақ етіп жоқ әлде
Саған дағы елің жұртың күле ме?

1-жүргізуші
21 жасында тұтқында түсіп
21 күн сот алдында жауап беріп
Түрменің 21 камерасында отырып
21 тамызда 1988 жылы дүниеден өтті
21 ақпанда 1992 жылы ақталды.
Бұл кездейсоқтық па әлде тағдырдың жазуы ма?! Бұл тағдырдың жазуы шығар.

Оқушы: Шырын
Айналайын, қарындасым, қарағым
Қолда кісен мен айдауға барамын
Қайғы шегіп азап тартқан ағаңды
Айтшы жаным қандай жанға баладың?
Айналайын, інішегім, құлыным
Сені ойласам үзіледі жұлыным
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай
Кетіп барам мен айдауға, құлыным
Қош болыңдар, жасыңыз да кәріңіз
Қараңғылық баста тұрмас қашанда
Бостандықта кездесеміз әлі де.

Түрме жыры Оқушы: Асылбек
Темір тор жамбасына тақылдайсың
Өзіммен бірге туған жақындайсың
Телміртіп темір торға қаматқанша
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың
Ауылда жақсы екен ғой салған әнім
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім
Тек төбе, 4 қабырға, темір тесік
Күніне ұзатары үш тілім нан
Өлмейтін саған тиер осы нәсіп

Шырын: бейбіт шеруге қарсы 15 БТР, 7 мың милиция, 10 мың жұмысшы
жасағы шығарылды. Жазалаушылар награда, грамота алды. Қырғыз азаматы Талайбек Ылаев өзіне берілген грамотаны қайтарып тастады.
- Қонақтарға сұрақ
- Бақытбек ағай, бұл ненің айғағы? Неге грамотаны қайтарып тастады деп ойлайсыз. Желтоқсаншыларға қандай баға бересіз?
- Оқушы: Еркебұлан
Мен не етермін, не етермін
Мен келмеске кетермін
Көрмеген қош бол таңдарым
Көре алмай мен өтермін
Қош аман бол артымда
Ағайын туған азамат
Артымда қалған ата - анам
Ел - жұртым саған аманат!
- Қонақтарға сұрақ
- Тәуелсіздік алғанымызға көп болған жоқ, еліміз жас, сіз де жассыз. Сіздің қандай армандарыңыз бар? Қайраттың өлімі босқа болды ма?
Асыл ұлан көрде тыныш жатқанда
Бостандықтың таңы әбден атқанда
Қазақ елі желбіретіп байрағын
Ақтап алды 21 ақпанда
Қайрат жанып жігерімді жасыған
Жүрегімде балалатқан асыл ән
Бостандыққа жетелеген халқыңды
Басымды ием Рухыңа, жас ұлан!
Қайратты еске алып гүл шоғын қоюға рұқсат
Отан - ана ән тарту

2 - бөлім
Қ. Рысқұлбековқа арналған айтысымызды бастаймыз
Сахнаға Баянова Диана және Баймұқамбет Асылжанды шақырамыз
Жобасы
1. таныстыру
2. желтоқсан құрбандары
3. қазіргі ұл - қыздар
4. қоштасу
Шығармашылыққа баулу үшін тақырыпқа байланысты оқушыларға өлең жазу тапсырмасы берілді.

Тақырыпқа байланысты өз өлеңдерім
Желтоқсан арулары - Сембаева Жібек
Ляззат, Жансая, Сабира
Басқалары тағы да,
Нәзік еді, гүл еді
Кезекті суық ызғарға
Көшеге еріп шыққаны
Өз жанының қамы емес
Ойлағаны елі еді.
Кешегі күлкі, шаттығы
Ұмытылды, боп елес.
Батыр қыздар, жас қыздар
Желтоқсанның аруы
Қаны төгілген алаңға
Болмай ешбір қаруы.
Ерте үзілген қызғалдақ
Әсем едің қайтейін,
Жүректерде жанған шоқ
Мәңгі өшпесін тілеймін!
Қайрат рухына тағзым - Сембаева Жібек
Қасқалдақтай қаны болған боздағым,
Бозторғайдай жаны болған боздағым,
Тәуелсіздік алам деген жолында
Құрбандыққа сен шалындың боздағым!
Сен құшпаған арулар кетіп барады көшеде
Сен сүймеген бөбек те өсіп міне жетті де
Қыршынынан қиылған жас ақынның
Небір жыры қалды атойлап жүректе.
Сылқым күз бен қыс та келді қаһарлы
Тоғайларда көктем бүршік жарды да
Қанға бөккен Брежнев көшесі
Желтоқсанның көшесі боп аталды.
Қайсар ұлдар жарқылдады жасындай
Мәңгі ұмтылмас қыздарымның жас үні
Мұзға жанған желтоқсандық алаудың
Шоқ боп түсті жүректерге ұшқыны.
Биік ұстап қайрап жанып намысты,
Мәңгілікке ерлігімен танылды.
Терезесі тең болуға елімнің
Жұмса жастар ерік, жігер, жалынды.!

Аманат Қайда болдым? - Сембаева Жібек
Желтоқсанға 25 жыл 1986 - 2011
Қайда болдым сол кезде мен
Кино көріп мәз болдым ба?
Тамақты ойлап қам жедім бе
Сауық - сайран сап жүрдім бе?
Қайда болдым сол күні мен
Қыздарымды ұрған күні
Мұзға тастап, итке жем ғып
Қара шаштан жұлған күні.
Қайда болдым сот жүргенде,
Қайратымды өлтіргенде?
Ұйқы тірлік кештім бе екен
Мәңгүрт болып кеттім бе екен?
Жиырма бес жыл өтсе дағы
Жүрегімде қаяу қалды
Жаспен жуып сол қайғымды
Қолыма мен қалам алдым
Кешір мені ұл - қыздарым
Сұм билікке шама жетпей
Қорғай алмай жауға берген
Кешіре алсаң, кешір енді.
Төгілген пәк жасың үшін,
Тамшылаған қаның үшін,
Қорған болуға жарамаған
Тасбауырлау ағаң үшін.
Жүректерін алау еткен,
Жас жандарын жалау еткен,
Қаракөзім, азаматым,
Ерлігіңді дастан етем.
Шырқыраған құлын даусың
Санамызға жетеме екен?
Нақақтан төгілген қаның
Кімге бүгін қарыз екен?
Жас сәбилер өз жерінде
Ерлігіңді біліп өссін
Аманатыңды орындауға
Барлық қазақ тізе бүксін!


Скачать


zharar.kz