Бір баланың екінші баладан дене қуаты жағынан ерекше болуы заңды

Скачать

Ақтөбе облысы,
Ақтөбе қаласы, Сымбат жеке мектебі
І санатты мұғалім Макуова Нуршат Аманкосовна

Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу тәжірибемнен
Бастауыш мектептің маңызы мен қызметі оның үздіксіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болуымен ғана емес, ең алдымен, оқушы тұлғасы ұйтқысының қалыптасуы мен дамуы жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын буын екендігімен анықталып негізделеді.
Бастауыш сатыда оқушыны бұрынғыша пәндік білім біліктердің белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде жеке бас тұлғасын тәрбиелеу мақсаты қойылған.

Білім берудің басты міндеттерінің бірі - оқушы білімін әрі қарай жалғастыруға дайындығын сипаттайтын белгілі бір деңгейде болуын қамтамасыз ету. Сондықтан да бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі білік-дағдыларды меңгертумен табиғат, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Бұл орайда іс-тәжірибеде, ғылымда көптеген көзқарастар мен нұсқаулар, тұжырымдар, ойлар, еңбектер баршылық.
Қазірде педагогика ғылымында оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар беру мәселесі кеңінен көтерілуде. Алайда ол дарынды, талантты балалардың қабілеттерін дамытуды жүзеге асыру деген қорытындыдан әрі аса алмауда. Оның үстіне психология мен педагогика ғылымында әрбір баланың дарындылығы қандай дәрежеде екенін анықтайтын дәл өлшем әлі табылған да жоқ.

Оқыту мен тәрбиелеу процесінде оқушы шығармашылығын дамытудың тағы бір қажеттілігі қоғам талабынан туындайды. Қоғам қашан да дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж болып келген. Қоғам барған сайын күрделеніп, даму үстінде. Түр сипаты мүлдем бөлек жаңа дәуір туып келеді. Сол дәуірге сай өзгеше қабілет-қасиетке ие жаңа адам пайда болады. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді.

Мектепте оқу-тәрбие жұмысындағы әдіс-тәсілдердің қай-қайсысы болсын, негізінде, оқушылардың сана-сезімін, ақыл-ойын дамытуды мақсат ететін болғандықтан, олардың дара ерекшеліктерін жете біліп, санасып отырудың айрықша маңызы бар. Себебі мұғалім оқу-тәрбие саласында қандай жұмыс жүргізсе де, сыныптағы оқушылардың өзіндік ерекшеліктерін, айталық, мінез-құлықтарын жете білмесе, онда оның атқарған ісі сәтсіздікке ұшырап, алға қойған мақсатына жете алмауы ықтимал. Бұл тек сабақ және одан тыс мезгілде сан алуан әдістерді баланың дара ерекшеліктеріне сай қолданғанда ғана іс жүзіне асады. Осыған орай қазір әрбір жұмыстың (сабақ, сабақтан тыс, т. б.) сапасын оның мазмұн тереңдігімен бағаланып қоймай, алдымен одан оқушылардың өздеріне алатын үлгілерімен бағалануы тиіс. Белгілі педагог К. Д. Ушинский егер мұғалім әрбір баланың жан-жүйе ерекшеліктерін жақсы білсе онда осының өзі тәрбиелеу үшін құрал табудың көзі болмақ және осыған негізделіп табылған құрал орасан күшті болмақ деп айтқан. Ендеше, балалардың дара ерекшеліктерімен санасу - ұстаз парызы.

Бір баланың екінші баладан дене қуаты жағынан ерекше болуы заңды. Бірақ біз бұл жерде дарынды деп, баланың психологиялық қасиеттерін, яғни темпераментінің, мінезінің, сана-сезімінің, т. б. ерекшеліктерін айтамыз.
Оқушылардың дара ерекшеліктерін сыртқы жағдаймен, айталық, қоғамдық ортамен байланыстыра қарастырғанда ғана оны дұрыс түсінуге болады. Бала бір-біріне ұқсас болып дүниеге келгенімен, кейін олардың қандай қасиетке ие болатынын тек тәрбие шешеді. Ал тәрбиенің өзі әрбір қоғам дәуіріндегі өндіріс қатынастарына байланысты. Сондықтан баланы әлі кішкентай деп, оған тек біржақты табиғи - жаратылыс даму жағынан қарауға болмайды.
Балалар психикалық ерекшелігі жағынан алып қарағанда, өне бойы бірдей болып кездесе бермейді, әрбіреуінің өзінше азды-көпті өзгешелігі болып отырады. Біздің мақсатымыз әр баланың өзіндік дара ерекшелігі бірдей болсын деу емес, керісінше, оның өзіндік ерекшелігін ілгері қарай дамытуға жағдай туғызып, оны өсіріп өркендету болып табылады.
Сонымен бірге мұғалімдер мен ата-аналар оқушыларға жас мөлшерінің әр түрлі кезінде дербес әдіс қолданып, олардың жас ерекшеліктеріне сай қарым қатынас жасап отыру керек. Әр баланың түрлі қасиеттерін жете біліп, соған сәйкес тиісті әдіс қолдану үшін оқушыны түрлі жағдайларда, оқуда, еңбек сабақтары үстінде және одан тыс мезгілде әдейі тапсырмалар беріп, белгілі бір мерзім ішінде бақылап білуге болады.
Осы айтылған негізгі ғылыми принциптерге сүйене отырып қана оқушылардың өздеріне тән қасиеттерін дұрыс түсінуге болады. Білім беру ісі әрқашанда бастауыш білім сатысынан басталатыны бәрімізге белгілі. Білім берудің негізі бастауышта, яғни бастауыш – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес:
- оқушыларға дүние туралы мағлұмат беру;
- дүниені танып-білудің әдіс-тәсілдері туралы білім, білік дағдыларды меңгертумен бірге оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Яғни, бастауыш кезеңі оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілетінің дамуына ең тиімді де, қолайлы кезең бола отырып, осы кезеңде олардың танымдық іс-әрекеттерінің психологиялық негізі қалыптасатын және елестету, армандау мен ойлау армандары: талдау сияқты көзқарастың жоғары дәрежеде дамуына жағдай жасалуы қажет. Осыған орай оқушылардың танымдық белсенділігін арттырудың тиімді жолдарының бірі - өзіндік жұмыс пен өздігінен білім алу жұмысын ұйымдастыру педагогикалық және әдістемелік тәсілдерін жетілдіру керек.

Қазіргі кезде сабақты дұрыс жүргізуге қойылатын негізгі талап - оқушылардың белсенді іс-әрекеттік сезімін оята отырып, оларды басқара білу. Ол тек дайын ақпаратты фактілер, заңдар, ережелер күйінде ғана беріліп қоймай, оқушыларды өз бетінше іздендіретін, одан жаңа ақпарат алатындай оқу материалын берудің құрылымын қайта құруды талап етеді. Яғни, мұғалім оқушылардың өзі белсенді жасампаз күш болатын, оқытудың ұйымдастырушысы және басқарушысы болуы қажет. Ол оқытудың әр кезеңінде:үй жұмысын тексерген кезде, жаңа білімді меңгеруге дайындық, жаңа білімді енгізу, оны тұжырымдаған және сүйенген, алынған білімді қорытар, бір жүйеге келтірген кезде де көрініп отыруы керек. Мұндай күрделі ой-өрісінің жүйелі қалыптасуына тікелей басшылық ететін, оқушы әрекетінің даму мен қалыптасуына жетекшілік жасайтын, оқушылардың білімді шығармашылықпен игеруіне жетелейтін, оның амал-тәсілдерін үйрететін мектептегі басты тұлға мұғалім әрекеті өз шәкірттерінің әрекеті тарапынан қолдау тапқанда ғана өзінің нәтижелі жемісін бермек.

Мен өзімнің жетекшілік ететін сынымда дарынды 4 оқушы бар. Бұл оқушылардың дара ерекшеліктері зерттеу, бақылау нәтижесінде анықталды. Бұл мақсатқа жету үшін оқушыларға білім негіздері мен дағдыларын дұрыс берудің маңызы зор екенін ескеріп, 1-ші сыныптағы оқудың әсерлілігін арттыру, білімінің терең де тиянақты болу жағын қарастырдым.
Болашағынан зор үміт күтіп отырған дарынды оқушымен жұмыс жасау үшін, баспасөздерде жарияланып жүрген педагогикалық озат тәжірибелерді үнемі оқып, зерделеп, күнделікті сабақтарда пайдаланып отырдым. Оқушылардың қандай пәндерді қызығып оқитынын, қандай өнерге бейім екендігі(ән айту, билеу, сурет салу), шеберліктерін аңғардым. Өзім оқушылармен жылы сөйлесіп, сенімділіктерін, батылдықтарын арттыруға көңіл бөлдім.

Оқушылар әр түрлі шараларға қатынасып, пәндік сайыстардың жеңімпазы атағын иеленуге тырысты. Балалармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, Ана тілінен өлең құрастыруға ынталы екі оқушы, Математика пәнінен есептер құрастыруға шебер бір оқушы, қолөнермен айналысатын бір оқушыны анықтадым. Әрбір аптаның бесінші күні оқушылармен кездесіп, олардың жаңалықтарын тыңдап, жаңа тапсырмалар беріп отырдым. Дарынды оқушылармен кездесу кештерін, ата-аналармен бірге ұйымдастырылған сайыстар, сынып сағаттарын уақытымен өткізуге тырыстым. Сонымен қатар әр түрлі интеллектуалдық марафондар, ойындар ұйымдастырылып, сол шараларға қатынасып, оқушыларым көптеген жетістіктерге жетіп жүр.
Мектепішілік Білімді мыңды жығар атты интеллектуалды ойынында Елеусін Бексұлтан 40000 ұпайға ие болса, Ес Зухра 80000 ұпайды иеленді.

Сыныпта өткізілген 5-тік кімге бұйырады? ойынында Жұбандық Әсемгүл білімділігімен көзге түсіп, ойынның жеңімпазы атанды. 2007-2008 оқу жылындағы Республикалық Ақ бота интеллектуалдық марафонына қатынасқан Ес Зухра, Елеусін Бексұлтан, Сағынғали Амангүл 2-орын алғандары үшін дипломмен марапатталды. Сонымен қатар 3-ші сыныптар арасында өткен пәндік олимпиадада Ес Зухра Ана тілі пәнінен 1-ші орынды, Сағынғали Амангүл Математика пәнінен 1-ші орынды, Елеусін Бексұлтан Дүниетану пәнінен 1-ші орынды, Жұбандық Әсемгүл Қазақ тілі пәнінен 1-ші орынды жеңіп алды.
Мен осындай оқушыларымның барына мақтанамын. Осындай жұмыстардың арқасында сыныбымдағы дарынды оқушылар мынадай дәрежеге жетті:
- Оқушының оқуға деген құштарлығы артты.
- Оқушылардың танымдық қабілеттері танылды. .
- Өз бетімен бімегенін үйренуді мақсат етеді.
- Кітапханамен, сынып жетекшісімен тығыз байланыста болды.
- Ойларын ашық, еркін жеткізуге үйренді.
- Жаны таза, мейірімді, тәрбиелі оқушы атанды.
- Білімге деген қажеттілікті ұғынды.
- Өнер-білімге құштарланды.
- Аңғарғыш, көреген, төзімді, қанағатшыл болуға үйренді.

Дарынды оқушыларымның болашағынан көп үміт күтемін және олардың осы шығармашылық қабілеттері одан әрі шыңдалатынына сенемін.
Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүру үшін қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығу жолдарындағы басты тұлға – мұғалім.

Бүгінгі таңда білім берудің ұлттық жүйесі өте маңызды, қарқынды өзгерістердің үстінде тұр. Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Сондықтан да мамандық атаулының барлығынан дерлік бейімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін, үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білдіретіндігінен...Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет , - деп Мұхтар Әуезов айтпақшы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жауапты сала екені баршамызға мәлім.


Скачать


zharar.kz