Өнерге сүйіспеншілікпен қара

Скачать

Ұлы Дала елі
ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ
 Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.
 Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
 Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер.
 Айтта, Наурызда, мереке күндерінде құтты болсын айтуды ұмытпа.
 Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.
 Тәңірге, аруаққа, халыққа тіл тигізбе.
 Ата - анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында һәм оларды әулие тұт.
 Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.
 Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.
 Туыс - туғандарыңды, нағашы - жиендеріңді, тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып - құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.
 Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйіңде қастерлеп сақта.
 Ата - баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа.
 Біл - білме, бірақ жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.
 Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.
 Сырқат адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңілін сұрауға болмайды. Науқас адамға қайғылы хабарды айтпа.
 Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.
 Әр істе де әділ бол. Әділ болсаң, әлді боласың.
 Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адамдық кілті.
 Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.
 Қаруың – білімің мен тілің; сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.
 Ерлі - зайыптылар бір - біріне жала жабуға һәм өте ауыр сөз айтуына болмайды.
 Балаларыңның алдында ата - аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.
 Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.
 Күнә мен кінә бірдей емес.
 Тақыт пен бақыт бірдей емес.
 Қызығу мен қызғану бірдей емес.
 Мақтану мен мақтау бірдей емес.
 Оқу мен тоқу бірдей емес.
 Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.
 Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.
 Бақытты болғың келсе, ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.
 Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Айталық, күрекпен шеге қақпайды.
 Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.
 Азғындаушының азығы – ішімдік. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.
 Өнер адамдарын үлгі тұт. Өнерге сүйіспеншілікпен қара.
 Ата - анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.
 Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.
 Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.
 Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.
 Қыздар - ау, көп сықылықтамаңдар.
 Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.
 Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.
 Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма.
 Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр.
 Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
 Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
 Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.
 Көпке қарсы болма. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас деген мәтел бар.
 Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді.
 Жас адам көлікке, атқа ең соңынан міну керек.
 Үйде, дастарқанда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады.
 Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн.
 Біреудің байлығына, дүние - мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
 Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.
 Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын.
 Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе.
 Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді.
 Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол.
 Халқым барда қарным ашады деп қамықпа.
 Миым ашиды дегеннен гөрі жаным ашиды деген жөн.
 Жақсы һәм жақсылық туралы айтуға әдеттен.
 Халықтың ақыл – жастан, асыл – тастан деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы.
 Ақ шашты атаны, ақ жаулықты ананы көрсең – ізет көрсет.
 Жаман адамға да жақсы көзбен қара.
 Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа.
 Халыққа, аруаққа шет болма.
 Біреудің намысына тимей сөйле.
 Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа.
 Жарлы болсаң да жарамсақ болма.
 Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі Тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
 Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің.
 Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе.
 Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Скачать


zharar.kz