Алматы облысы, Іле ауданы,
№34 орта мектеп мемлекеттік коммуналдық мекемесі
Жоба тақырыбы: Мұқағали шығармаларындағы диалог сөздер
Секция: қазақ тілі
Ғылыми жетекшісі: Ажиев Қанат Өмірзакұлы
Алматы энергетика және байланыс университетінің қазақ және орыс тілі кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.
Жетекшісі: Керуенова Гүлнар Жазыбайқызы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Орындаған: Нұрсадық Акерке 10 А сынып оқушы
2015 – 2016 оқу жылы
Мұқағали шығармаларындағы диалог сөздер
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұялатса, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас - қабағын бағып, өткенді көрсете отырып, болашаққа сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны ақынның поэзиясынан танып көруге болады. Ақын шығармаларындағы диалог сөздер шығарманың өмір шындығын ашуға, құндылығын көрсетуге негіз болып, жаңаша көзқарас қалыптастырады. Диалогтың ұтымды қолданылуы, сәтті шығуы қаламгер шеберлігінің бір көрінісі тәрізді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Поэзиядағы көркем өмір шындығын ашып көрсету - кейіпкер бейнесін өзара тілдесу арқылы ашып көрсетуде танылады. Диалог арқылы адамгершілікке, ар - намысқа талпынған шығарма кейіпкерлерінің ішкі сезімі, мінез - құлқы айқын аңғарылып, көркем образ, кесек мінездер жасаған. Диалог арқылы әдеби тіліміздің жетілуіне, толыға түсуіне үлес қосқан.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:
Зерттеу жұмысының басты мақсаты – М. Мақатаев шығармаларындағы көркемдік жүйесінің сөз болу жайына барлау жүргізе отырып, диалог сөздердің қолданылуына терең үңілу. Нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясын саралау.
Негізгі мақсатты орындау үшін зерттеу жұмыста мынандай басты міндеттерді шешу алға қойылды.
- Мақатаев поэзиясының құндылығының, шынайылығының басты себептерінің бірі – диалог сөздердің қолданылуында екендігін ғылыми тұрғыдан дәйектей отырып, көркем әдеби тіліміздің жетілуіне, толыға түсуіне қаншалықты үлес қосқанын саралау;
- Зерттеуде тек Мұқағали шығармаларының поэзия құдірет - күшінің ауқымы мен аясына сыйып тұрған жұмбақтарына жетелеу;
- Ақынның туындыларындағы өмір шындығының көркем шындыққа ұласуы, адам бейнесін ашып көрсетуде диалог жасау шеберлігін сараптау;
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Мұқағали шығармашылығындағы диалог сөздер осыған дейін дербес зерттелмеген. Зерттелсе де белгілі ортақ тақырыптардың аясында қарастырылатын. Бұл жолғы зерттеу арнайы әрі нысанды мақсатта жүргізілді. Сондықтан зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы көтерілген тақырыптың мәнділігімен, көкейкестілігімен айқындалады.
Зерттеу нысаны ретінде
М. Мақатаевтың өлең, толғау, поэмалары негізгі материал болды.
Күтілетін нәтиже: тақырып бойынша іздеу, табу, синтездеу, анализдеу, зерттеу т. б. әдіс - тәсілдерді қолдана отырып сапалы білім, саналы тәрбие алып, шешендік өнерге машықтанады..
Баршамызға мәлім екі немесе одан да көп адамның бір - бірімен пікір алысуы диалог деп аталады. Диалог - көркем шығарма тіліндегі кейіпкер бейнесін сомдаушы негізгі тілдік тәсілдерінің бірі. Адамның сезімі, тебіренісі, ішкі ойы кейде сұрақ - жауап арқылы іске асып отырады.. Мұқағали шығармаларын оқи отырып осы диалогтың түр - түрін кездестіруге болады. Диалогтың негізгі белгісін Н. Бахтин Быть - значит общатся диалогический. Один голос ничего не кончает и ничего не разрешает . (Проблемы поэтики М. Достоевского ) десе, зерттеуші К. Еңсебаева: Диалог - образ жасауда шешуші фактор. Кейіпкерді есте қаларлықтай етіп беру - сәтті диалогтың жемісі деп көрсеткен.
Ақынның диалогқа құрылған өлеңдері осының айқын дәлелі.
Ақын Менің анкетам деген өлеңінде өз өмірбаянынын диалог арқылы берген:
- Туған жерің?
- Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың
- Туған жылың?
- 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
- Жынысың кім?
- Ерпекпін ғой, еркекпін!
Және - дағы тәуірмін!
Мұнда кейіпкер беретін ойын өз түсінігімен ғана емес, екінші бір адамның жауабын қоса қолдануы әсерлі шыққан.
Осы диалогтың өлеңді жүрдек етіп тұрғаны өз алдына, сонымен бірге аталмыш өлеңнің өңін де кіргізіп тұр.
Сөз атасы - сәлем , адамдар арасындағы қарым - қатынас амандасудан басталады. Мұқағалидың Райымбек, Райымбек! поэмасындағы Қабай жырау мен жас Райымбектің тілдесуіне көз жіберелік:
- Армысың, Ата!
- Бар бол, балам, аман ба?
- Жолыңыз болсын?
- Жолдың несін, сұрайсың мына соқыр заманда.
Қайда барсаң Қорқыт көрі қазулы тұр адамға...
Мұңдағы диалог амандасу, сұрау арқылы іске асып тұр. Мұндағы екі адамның сөзі ата , балам деген туыстық, жақындық қаратпа сөздер арқылы жасалған. Жолыңыз болсын? - мұнда тілек мағынасында емес сұрақ мағынасында қолданып тұр. Қазақта жол жүріп бара жатқан адамнан Қайда барасың? деп сұрамайды, Жол болсын? дейді. Олай сұрамаса жолы болмай қалады деген ырым бар. Мұқағали да осы үрдісті сәтті қолданған.
Жоғарыдағы поэмада:
- Нешедесің?
Кімнің сен тұқымысың, құлыным?
- Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,
немесе
- Осыншама ақылды кімнен балам үйрендің?
- Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің.
Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар.
Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн.
Мұнда ақын бір обьектінің екінші обьектіге сұрағы, екінші обьектінің қойылған сұраққа жауабы арқылы істің мән - жайын айқындап, Райымбек бейнесін ашып көрсетуге күш салған... Ақын кейіпкерлерді өзара сөйлету арқылы олардың мінез - құлқын, түсінік танымын көрсетеді,
- Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
- Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
- Күл боп бірге соңынан кетер едім.
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп, қуып ақыры жетер едім.
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы, сәулем бәрін де көтеремін... – деп Мұқағали қыз бен жігіт арасындағы шынайы сезімді жоғары бағалап, шын сүйген, сенген адамға ешнәрсе кедергі бола алмайтынын осылай диалог арқылы жырлайды. Бұл өлеңді қыз бен жігіт айтысының бір түрі деуге де әбден болатындай. Жігіттің қайсар да ержүрек екені, ал қыздың нәзік ерке қылығы осы өлеңде жақсы ашылған.
Ал енді Мұқағалидың Адасқандар өлеңінен диалогтің ренішті таңданысты түрін көруге болады:
- Біздер әлі тіріміз бе, ей?
- Тіріміз.
Жөнсіз босқа қырта бермей жүріңіз!
- Мені ұнатпай келесің - ақ, бастауышым,
Түсінбеймін, не болады күніміз?
- Не болушы ед, қорқатұғын несі бар?
Өле кетсек өлгендердің біріміз!...
Қорықпаңыз, біз әзірге тіріміз...
Қырт - ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын сөз. Бұл орайда ақын бұл сөзді орынды қолданған секілді.
Сол сияқты ақынның Болашақтан болашаққа поэмасындағы Намыс пен муза бөлімінде екі адамның сөзінен өтініш, тілекті көруге болады.
- Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба,
Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан.
- Дем алсаң нетті, несіне сонша желіктің...
- Тентегім, менің, түсінесің бе, жерікпін.
Немесе Райымбек, Райымбек! поэмасындағы әкенің балаға деген реніші Түке мен әйелінің диалогынан айқын аңғарылады.
- Қарадай жерге қаратып кетті - ау қағынды,
Уатып кетті - ау, уатып кетті - ау тауымды!
- Қарадай неге түңіле қалдың байғұс - ау,
Басыңда үйің, баурыңда қазан, неғылды?
- Неғылушы - еді!
Күшігің жерге қаратты!
Күлкі етіп мені күшігендерге талатты...
- Түңіле бермей, туралап айтшы мән - жайды,
Білейін мен де, естиін мен де, аңдайын.
- Білесің әлі, атаңның басын аңдайсың,
Ұл емес маған жын таптың десем нанбайсың.
Ер орнына екесті ұлды туғанша,
Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?
Мұнда диалог арқылы әкенің көңіл құлазуы, ренішке, реніш - ашу - ызаға, ашу - ызадан қарғысқа жетеді. Алайда бұл реніштің бекер реніш екені поэма соңында айқындалады. Бұл жерде жерге қарату , күшігендерге талату , тауы шағылу сияқты фразеологиялық тіркестер арқылы диалогтың ашу - ыза түрін айқын көрсеткен. Кейіпкер тілінде қолданылған қарапайым сөздер кейіпкердің бір сәттік бейнесін жасауға да, көркем бейнесін беруге де қызмет етіп тұр.
Ақынның Айбармен әңгіме өлеңінде:
Айбар келіп састырды кеше мені:
- Әке соғыс жылы нешеде едің?
- Он жастамын.
- Неге сен соғыспадың, қорғаспадың?
Батыр ғой он жастағы жолдастарың...
Онда мен де он жаста едім, он жаста едім,
Өзімді өзім қорғадым.
Қорғасты елім
Өзін өзі он жастар қорғамаса,
Сен сияқты Айбарлар болмас та еді,
Намысыма тимегін жолдас менің.
Әке мен бала арасындағы диалогтағы қаһарманның сөзінде оның бүкіл ішкі бітім - мінезі, ақылы, ойы, арманы, мүддесі тұтасып жатыр,
Мұқағали Мақатаевтың осы өлеңдерінде диалогты асқан шеберлікпен, ұтымды қолданғаны бірден көзге түседі. Ақын кейіпкерді сөйлету арқылы оның образын әр қырынан көрсетеді. Әсіресе бізді тәнті еткені - мұндағы диалогтардың құйылып түскендігі. Әдетте, диалогтар біз бұл жерде өлеңде кездесетін диалогты айтып отырамыз - авт . Кедір - бұдырлы, сәлде болса кібірткі, кейде мұндай диалогты өлеңдерде қарабайыр, қарасөзге тән қолданыстар кезігіп қалмаушы ма еді. Ал Мұқағали диалогтары - өлеңнің өзі секілді қамшының өріміндей. Қолдың саласындай. Демек, кейінгі ақындарға Мұқағалидің диалогтарынан үйренетін тұстар аз емес.
Қорытынды
Мұқағали мұрасы - ұлттық қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Ол өзінің қысқа ғұмырында әдебиет игілігіне қомақты дүние жасап кетті. Қашанда өмір шындығын көркем түйіндеп суреттеуде тарихи – қоғамдық болмысты сол болған қалпында баяндап қана қоймай, ләззат аларлық дәрежеде жеткізе білген. Әсіресе шығармаларының тақырып ауқымының кеңдігі, идеялық мақсатының тереңдігі, ұлттық психологияны, ұлттық болмысты, ұлттық көзқарасты бейнелеудегі шеберлігі диалог жасауда анық байқалады. Ақын халқынан алды, халқына бере де білді. Ендігі жерде ақынның Сыр сандығын ақтарып, өсу мен өркендеудің ұлағатты үрдісіне сай пайдалану міндеті еншімізге тиіп отыр. Мұқағали мұрасына баға берілді десек те әлі жеткіліксіз. Алдымызда әлі де ашылмаған құнды дүниелер баршылық. Кемімізді толтырып, төрт құбыламызды түгендеуге қазір жағдайымыз жетеді. Мұқағалиды дәріптеу қазақ әдебиетін, күллі қазақ өнерін, ұлттық құндылықтарымызды санада сақтау, қадіріне жетудің бір үлгісі болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Х. Кәрімов. Қанатты тіл.
2. К. Еңсебаева. Қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметі. Фил. ғыл. канд. дисс... Алматы 1995.
3. М, Мақатаев өлеңдер жинағы.
Аннотация
Зерттеу жұмысының басты мақсаты – М. Мақатаев шығармаларындағы көркемдік жүйесінің сөз болу жайына барлау жүргізе отырып, диалог сөздердің қолданылуына терең үңілу. Нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясын ғылыми саралау.
Негізгі мақсатты орындау үшін зерттеу жұмыста мынандай басты міндеттерді шешу алға қойылды.
- Мақатаев поэзиясының құндылығының, шынайылығының басты себептерінің бірі – диалог сөздердің қолданылуында екендігін ғылыми тұрғыдан дәйектей отырып, көркем әдеби тіліміздің жетілуіне, толыға түсуіне қаншалықты үлес қосқанын саралау;
- Ақынның туындыларындағы өмір шындығының көркем шындыққа ұласуы, адам бейнесін ашып көрсетуде диалог жасау шеберлігін сараптау;
Мұқағали шығармашылығындағы диалог сөздер осыған дейін дербес зерттелмеген. Зерттелсе де белгілі ортақ тақырыптардың аясында қарастырылатын. Бұл жолғы зерттеу арнайы әрі нысанды мақсатта жүргізілді. Сондықтан зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы көтерілген тақырыптың мәнділігімен, көкейкестілігімен айқындалады. Мұқағали шығармаларын оқи отырып, диалогтардың түр - түрін кездестіруге болады. Диалог - таныстыру диалог - амандасу диалог - жөн сұрау диалог - өтініш диалог - тілек, диалог - мінездеу диалог - көңіл - күй, диалог - тартыс. Міне, осындай диалог түрлерін өлең жолында жасау ақынның шеберлігін танытады.
Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінде диалогты асқан шеберлікпен, ұтымды қолданғаны бірден көзге түседі. Ақын кейіпкерді сөйлету арқылы оның образын әр қырынан көрсетеді. Әсіресе бізді тәнті еткені - мұндағы диалогтардың құйылып түскендігі. Әдетте, диалогтар біз бұл жерде өлеңде кездесетін диалогты айтып отырамыз - авт . кедір - бұдырлы, сәлде болса кібірткі, кейде мұндай диалогты өлеңдерде қарабайыр, қарасөзге тән қолданыстар кезігіп қалмаушы ма еді. Ал Мұқағали диалогтары - өлеңнің өзі секілді қамшының өріміндей. Қолдың саласындай. Демек, кейінгі ақындарға Мұқағалидің диалогтарынан үйренетін тұстар аз емес.