Тәуелсіздік деп соғады жүрегім...
Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.
Нұрсұлтан Назарбаев
Тәубенің зоры – тәуелсіздік
Мен өзім Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін он бес жылға жуық уақыт өткенде өмірге келсем де, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін, түсінемін. Ғасырлар бойы осы кең дала төсін тұлпар тұяғымен дүбірлеткен бағы мен соры кезектесе отырып, досқа ақ пейілін, қасқа найзасын, дауға қылышын сілтеген ата - бабамыздың ғұмыр бойы аңсағаны да, тілегені де - еркіндік. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ, талай боздақтарымыз қыршын кетті. Тәуелсіздік біздің елге оңайлықпен келген жоқ. Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ, соның ішінде өзім де бармын, егемендіктің ғасырлар бойғы күрестің Елім - жерім деген жан дауыстың, қасық қандарын қиып, елі үшін жанын пида еткен аталарымыз бен аға - апаларымыздың қанымен келгенін естен шығармауымыз керек.
Тәуелсіздік – ата - бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт - азаттық көтерілістердің, қала берді, кешегі Ұлы Желтоқсан оқиғасының тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас.
Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жол толқындары асау арғымақтардай көпке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы - қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі айтпай - ақ біледі. Ұшқан құстың қанаты талатын, шығысынан шыққан күн батысына зорға жететін кең жазира, жердің асты мен үсті тола байлық қазыналы байтақ далама көз тігушілер қай заманда да аз болмаған.
Міне, осындай ұланғайыр еліміздің, жерімізді ғасырлар бойы көзінің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа аманаттап кеткен ата - бабаларымыз қандай мақтауға болса да лайық. Болашақтан үмітін үзбеген аға ұрпақ тағдырлары қаншама рет тағдыр таразысына түсіп, қыл үстінде тұрса да құт дарып, қыдыр дарыған туған жерді көздің қарашығындай сақтай білді. Бүгінгі таңда осынау киелі, қастерлі, қойнауы құтқа толы бай өлкеме шетелдіктердің көз салуы, жердің саудаға салынуы, жер тағдыры менің жас жүрегіме қаяу түсіріп, көңіліме кірбің ұялатады. Қазіргі таңда қоғамда қызу тартысқа түсіп, үлкен дау тудырып жатқан жер мәселесі таяу күндерде шешімін тауып шешілсе деген азаматтық тілегі бар. Жеріміз шетелдіктерге сатылатын болса немесе ұзақ мерзімге жалға берілетін болса, онда осынау ата – бабаларымыздың қанымен, жанымен келген тәуелсіздігіміздің құны қанша?...
Тәуелсіздік.. Қандай ыстық, қарапайым әрі қасиетті сөз. Осынау қасиетті ұғымды аңсап күткен қазақ баласы екі жарым ғасыр бойы дұғадай жаттап, ұрпақтан – ұрпаққа найзаның ұшы, қылыштың жүзімен, ата - баба қанымен аманат етті, намыс жігерін болат кездіктей жаныған батыр бабаларымыздың азаттық жолындағы күрестері – осының жемісі.
Теңдік пен татулықты, елдік пен еркіндікті ту етіп ұстаған бастаса қолдың көсемі, сөйлесе сөздің шешені болған аталарымыз бен найзаның ұшы, қылыштың қыры, садақтың жебесіне тайсалмай қарсы тұрған аға - апаларымыздың арқасында еліміз 1991 жылы ақ түйенің қарны жарылған тәуелсіздік таңына жетті.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ халқы үшін оңай болмағаны бәрімізге белгілі. Сондықтан бүгінгі күні біз, жас ұрпақ, сол тәуелсіздігімізді нығайту жолында аянбай еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде Қазақстан көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы біздің Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Тәуелсіздікті әр азамат мақтан тұтады. Ал тәуелсіз елде тұру мен үшін шынайы бақыт. Тәуелсіз Қазақстан! , Қазақстан Республикасы! неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Тәуелсіздіктің көк туының желбірегеніне де, міне, 25 жыл толды. Мен тәуелсіз елдің ұланы болғаным үшін көкірегімді бір қуаныш кернейді. Еліміздің бейбітшілігінің, тәуелсіздігінің арқасында күліп - ойнап, еркін білім алып жатқан ерікті елдің еркін ұланының бірімін!
Н. Ә. Назарбаев: Алдымызда асу - асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Белде талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ! - деп айтқандай, біздер, жас ұрпақ, тәуелсіздігіміздің баянды болу үшін жауапты екенімізді, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі білім алып отырған студент – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін дәлелдеу. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз.
Ия, мен күні күлімдеген, таңы жарқыраған тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастаған ұлан - ғайыр кең даласы, жаны жайсаң жомарт халқы бар Қазақстан деген үлкен әрі қуатты елдің ұланымын. Ел тәуелсіздігінің болашағы мен тағдыры жастармен саяси - азаматтық, рухани бағдар - ұстанымына, патриотизміне, қандай азаматтық құндылықтарды қастерлеп бағалайтынына тікелей байланысты. Сондықтан да туған жерімізді, телегей теңізімізді, ұшар басын мәңгі қар басқан заңғар тауды, көкпеңбек орман - тоғайды, көз жеткізгісіз даламызды қорғап, қастерлеу егеменді елдің төл перзенттері, тәуелсіз мемлекеттің ұландары – біздің міндетіміз деп ойлаймын. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: Болашақтың іргесін бірге қалайық! дегендей, болашағымызды бірге кемелдендірейік, еліміздің жас өркені! Мен қазақ болып туылғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Өйткені, мен Тәуелсізбін, тәуелсіз елдің патриотымын, менің жүрегім әрқашан тәуелсіздік деп соғады. Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман.
Сонымен, осы шағын шығармамдағы өз ойымды қорытындылай келе, біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткердік, енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлеп халқымыздың жағдайын жақсартуға, еліміздің экономикасын одан әрі қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, болашағы жарқын мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Тәуелсіздігімізге мың тәубе дей отырып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік мықты болып, Жасампаз еліміздің көк туы жығылмасын деген асқақ арманым мен кіршіксіз таза тілегім бар.
Балтаева Ақеркем
2 - курс студенті
жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы
Адилбекова Жанар
Маңғыстау политехникалық колледжі