Сабақтың мақсаты: Айтыс өнері туралы және жыр алыбы - Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын оқушыларға түсіндіру. Ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүю, оны бағалай білуге ұғындыру. Өнерге қызығушылығын арттыру. Ой - өрісін дамыту, шығармашылық қиялын шыңдау.
Сабақтың міндеттері:
Білімділік Оқушыларды 100 жасаған жыр алыбы - Жамбыл Жабаевтың өмір жолымен, шығармашылығымен таныстыру. Жамбыл Жабаев шығармашылығының қазақ өнерінде алатын орны мен маңызын түсіндіру.
Тәрбиелік: Ақын шығармалары арқылы ұлтжандылық сезімін оятып, адамгершілікке, елінінің өнерін сүюге тәбиелеу. Олардың бойында қазақ халқына, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру.
Дамытушылық: Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, сөз өнерін қадірлеп, қастерлей білуге дағдыландыру, ақын өлеңдерін, поэзиясын сүйе білуге үйрету, тіл мәдениетін, сөз байлығын, сөздік қорын, музыкалық, көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту, есте сақтау қабілетін арттыру.
Сабақтың түрі: Ашық сабақ
Қолданылатын оқу - әдістемелік әдебиеттер:
1. Ш. Құлманова, М. Оразалиева, Б. Сүлейменова. Музыка оқулығы. 3 сынып. Алматы. Атамұра 1999 ж.
2. Ш. Құлманова, М. Оразалиева, Б. Сүлейменова.
Музыканы оқыту әдістемесі 3 сынып. Алматы. Атамұра 1999ж
Қолданылатын музыкалық материалдар: Ж. Жабаев. Балаларға әні - тыңдау.
Қолданылатын техникалық құрал - жабдықтар және көркемдік құралдар:
Күйсандық, магнитофон таспасы, СD диск, әннің сөзі жазылған плакат, буклет, интерактивті тақта
Қолданылатын әдістер: Әңгімелеу, ынталандыру, тыңдау, талдау, салыстыру.
Пәнаралық байланыс: Сурет, дүниетану, қазақ тілі, ана тілі.
Қ с Сабақтың құрылысы Жоспары Уақыты
1. Ұйымдастыру кезеңі Сәлемдесу, түгелдеу әндету. 2 минут
2. Үй тапсырмасын сұрау Ақындар айтысы 8 минут
3. Жаңа сабақ Жыр алыбы - Жамбыл 10 минут
4. Музыка тыңдау Ж. Жабаев Балаларға 4 минут
5. Дауыс ашу До мажор (G - dur) гаммасын әндету 3 минут
6. Әндету Бүгін қай күн? 5 минут
7. Қорытындылау Тірек сызбасымен жұмыс 4 минут
8. Үйге тапсырма Жамбыл Жабаев туралы түсінік айту, Балаларға әнін жатқа әндету. 2 минут
9Бағалау 3 , 4 , 5 2 минут
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Мұғалім: Жүзге кеп бақыт тапқан ақын Жамбыл,
Дүниеге түгел кеткен атың Жамбыл.
Тілекке көл аңсаған бүгін жеттің,
Далада жасасаң да ғасыр Жамбыл.
Халыққа үшін төрге төсеп төсек етер,
Ағарған сақалы мен шашы Жамбыл.
Көтерген көкке төбе тірелгенше,
Иеді көпшілікке басын Жамбыл.
Саламатсыңдар ма, балалар?!
Оқушы: Саламатсыз ба?!
Мұғалім: Отырыңдар! Бүгін сыныпта кім жоқ?
II. Үй тапсырмасын сұрау:
Мұғалім: Өткен сабақты еске түсірейік. Өткен сабақта біз қандай тақырыпты өттік?
Оқушы: Біз өткен сабақта Ақындар айтысын өттік.
Мұғалім: Жарайсың! Кім айтады? Ақын дегеніміз кім?
Оқушы: Ақын - поэзиялық туындыларды (өлең, жыр - дастан, поэма) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. Ақын ұғымының жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы кең, ол солардың бәрін қамтиды. Ауыз әдебиетінде ақын өлең, жыр - дастандарды шығарушы да, айтып таратушы да болған. Халықтың сөз өнерінде ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша шынайы ақындар өлеңді табан астында суырып салып айтқан. Ондай жағдайда өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарына қосылып орындаған. Оларды халық әдебиетінің дәстүрлерін сақтайды деген мағынада біздің заманымызда “халық ақыны” деп атайтын болды. Қазақ халқының Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, т. б. ақындары көптеген мұра қалдырған. Олар жыршылық өнерді де меңгеріп, кейде ұзақ дастан - жырларды жатқа айтқан. Мұндай ақындар тек қазақ халқында ғана емес, туысқан қырғыз, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Ақын деп жазба әдебиетінің өкілін де атайды. Бірақ мұндағы ақынның тұлғасы мүлде басқа. Жазба әдебиет өкілдерін алсақ, бұлардың өмір шындығын бейнелеу әдісі, көркемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешелігі қай жағынан да жаңа, соны қасиет - сипаттар мол. Қазақ әдебиетінде жазба әдебиетінің дәстүрін жан - жақты қалыптастырып дамытуға Абайдан бастап, С. Торайғыров, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров сияқты көптеген ақындар өз үлесін қосқан. Сөйтіп, ақын деген сөздің мағынасы өте кең, ол поэзиядағы әр түрлі тарихи кезеңдердегі, әр қилы дарын иелерін қамтиды. Соларды үлкен екі топқа бөліп, жырау, жыршы, термешілерді, өлең - жырды ауызша шығаратын, ауызша (домбырамен) суырып салып айтатын ақпа ақын сөз зергерлерін жинақтап жыршы ақын деп атауға болады. Сонда оларды жазба әдебиетінің өкілі жазушы ақыннан бөліп алып, өз алдына бөлекше шығармашылық тұлға ретінде қарауға мүмкіндік туады. Ауызекі тілде әнші ақындар, айтыскер ақын т. б. деп бөлу де қалыптасқан.
Мұғалім: Дұрыс! Ақындар айтысына кімдер қатысады?
Оқушы: Ақындар айтысына өлең сөз өнерін шебер меңгерген суырыпсалма, яғни тез арада жауап қайтара білетін ақындар қатысады. Ақындар айтысында жаттама өлеңдер аз болады. Айтыс сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ел тарихын, ел жайын білуді керек етеді.
Мұғалім: Ақындар айтысу мәнеріне қарай не қолданады?
Оқушы: Әрбір ақын айтысу мәнеріне қарай белгілі бір ырғақ немесе әуен қолданады.
Мұғалім: Жарайсың! Әсерлі болу үшін ақындар айтысты ненің
сүйемелдеуімен орындаған?
Оқушы: Әсерлі болу үшін ақындар айтысты домбыраның, баянның не қобыздың сүйемелдеуімен орындаған.
Мұғалім: Дұрыс! Қазақ халқының қандай айтыскер ақындары болған?
Оқушы: Қазақ халқының Нартай, Жамбыл, Кенен, Базар, Біржан, Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Сара тағы да басқа айтыскер ақындары болған.
Мұғалім: Өткен сабақта біз қай ақындардың айтысына толық тоқталып өттік?
Оқушы: Өткен сабақта біз Біржан сал мен Сара Тастанбекқызының айтысына толық тоқталып өттік.
Мұғалім: Сара Тастанбекқызы туралы не айта аласыңдар?
Оқушы: Сара Тастанбекқызы (1878 - 1916) - айтыскер ақын. Туған жері қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Руы Найман. Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек өгіз ұрлады деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады. Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады. Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді. Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа Жүрек , Ашындым , Арсалаң аға алдында , Жүрек сыры , Жайлауда , Әбіштің аруағына , Хош бол, елім секілді көптеген өлеңдері мен Тұзақ атты дастаны бар.
Мұғалім: Жарайсың! Біржан мен Сара айтысы туралы не білесіңдер?
Оқушы: Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1895 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал - Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2 - нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы - 969 жол, 2 - нұсқасы - 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы - жайсаңдарын кезекпе - кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс - әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас - ул - Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс - әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеум. қарым - қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән - мазмұны философиялық ой - толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстет. талғам - талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Біржан мен Сара айтысының 19 ғ - дағы қазақ халқының болмыс - тіршілігін жан - жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Біржан мен Сара айтысы атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстет. талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қ. Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.
Мұғалім: Дұрыс! Біржан кім? Біржанның қандай әндерін білесіңдер?
Оқушы: Біржан Қожағұлұлы - (1834 - 1897 ж.), композитор, әнші, акын. Біржанның үлкен әкесі - Қожағұл, өз әкесі Тұрлыбай қарапайым шаруа болған. Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер куған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол — қазақтың әншілік - орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан окиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржанның алғашқы әндерінің бірі — Біржан сал әні. Мұнда жастық шақтың от - жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулык атаулыға қызығу да көрініс береді. Айтбай , Ақтентек , Алтын балдақ , Бірлен , Ғашығым , Мәті - Дәулен сияқты әндер Біржан сал шығармашылығындағы шоқтығы биік, сыршыл шығармалар. Мысалы Ләйлім - Шырак немесе Көлбай - Жанбай әнінде жоғалған шідерін тілге тиек ете отырып, өзі қонып шыққан үйдің сұлу қызы Ләйлімге деген ішкі жан толкынысы, көніл күйі паш етіледі. Біржан сал патриархалды - феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заңжосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. Оның Жанботасы тек Азнабай болыстың ғана зорлықшылдығын әшкерелеп қоймайды, сол сияқты озбыршыл Жанботаларға деген акынның ашу - ызасын білдіреді. Ал Адасқақ атты әнінде осы ойын, шонжарларға деген іштегі ыза - кегін одан әрі айқындай түседі. Заманының әділетсіздігіне, зорлық - зомбылығына деген Біржан салның наразылығы, өкініш үні тіпті оның өмірінің соңғы кезеңінде шығарған Жамбас сипар , Теміртас , Қарасу есік алды деп аталатын трагедиялық әндерінен де айқын сезіледі.
Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн - бояуымен, өз әуенімен жеке - дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салның әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мүса, Акан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай т. б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз т. б.). Біржан салның ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44 - ке жуық әні жетті. Кеңес заманында Ғ. Айтбаев, К, Байжанов, Ә. Кашаубаев, К. Бабаков, Қ. Лекеров, Ж. Елебеков, М. Ержанов сынды әншілер Біржанның өз шығармашылығын, оның әншілік - орындаушылық ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Біржан сал әнші - композиторлығымен қатар талантты әрі дарынды суырыпсалма ақын да болған (Біржан мен Сара айтысы т. б.). Оның ақындық өнерін кейінірек Сара, Әсет, Доскей сияқты ақындар жалғастырды. Біржан сал өмірінің сонғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті. Ел ішіндегі руаралық талас - тартыстың салдары Біржанға да соқпай кеткен жок. Біржанды жынданды деп ел арасына жалған лақап таратып, қол - аяғын байлап, жан азабын тартқызады. Кеңестік заманда әдебиетшілер мен музыка этнографтары Біржаның жырларын, сыршыл әндерін жинап, бірнеше рет жинақ етіп бастырды. Оның әдеби және музыка шығармашылығы туралы бірқатар зерттеулер де жазылды. Біржан мен Сараның айтысы негізінде КСРО халық артисі, композитор М. Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған Біржан — Сара операсын жазды (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі). Ал академик А. Қ. Жұбанов Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы (1942) атты кітабының үлкен бір тарауын Біржанға арнады. 1982 ж. республика жұртшылығы халық композиторының туғанына 150 жыл толуын салтанатпен атап өтті.
Мұғалім: Алдыңғы сабақта біз қай әнді тыңдадық?
Оқушы: М. Төлебаевтың Біржан - Сара операсынан үзінді тыңдадық.
Мұғалім: Қай әнді айтып үйрендік?
Оқушы: Айтыс әнін айтып үйрендік.
Мұғалім: Қандай музыкалық терминмен таныстық?
Оқушы: Лига деген терминмен тнаныстық.
Мұғалім: Лига дегеніміз не?
Оқушы: Лига деген - дыбыстарды бірінен соң бірін сабақтастырып байланыстырушы сызық.
Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар! Ендеше, біздің бүгінгі өтетін жаңа сабағымыздың тақырыбы - Жыр алыбы - Жамбыл .
ІІІ. Жаңа сабақ:
Жыр алыбы Жамбыл (1846 - 1945 жж.)
Қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаев 1846 жылы Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан деп ақынның өзі айтқандай қазіргі Жамбыл облысы, Шу өзені бойындағы (Шу ауданы) Жамбыл тауының етегінде Жапа деген қыстауда ақпан айының боранды күндерінің бірінде дүниеге келген. Бұл – Жетісу өңірінің Қоқан хандығына қарап тұрған шақтағы ел басқарудағы жолсыздықтың шектен шыққан кезі еді. Бір жағынан ақ патшаның, екінші жағынан жергілікті ел билеушілердің мөлшерден тыс алым - салығы бұқара халықты титықтатып тастап еді. Қалың бұқараның дені жоқ - жітікпен, бірде аш, бірде тоқ болып өлдім - талдыммен күнелтіп жатқан тұсында дүниеге келген ақын сол тұстағы ел өмірінің жанды картинасын қазақ поэзиясына шынайы қалпында алып келді. Жамбыл 8 жасқа келгенде әкесі ауыл молдасынан білім алсын деп оны оқуға береді. Бірақ болашақ ақынға молданың ескіше оқуы қонбайды. Сол тұстағы күйін ақын Шағым , Әкеме атты өлеңдеріне арқау етті. Молданың ескіше оқуына қанағаттанбаған ақын: Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан. Ақ сәлдесі басында, Боз інгендей боздаған деп, білім беруден гөрі мал табуды көздеген молдаға деген наразылығын жасыра алмады. Бұл қазақ арасына жаңаша оқу ене қоймаған, ескіше оқудың кең өріс алып тұрған шағы еді. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып біржола ақындық жолға түседі. ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық импровизаторлық өнердің классигі, М. Әуезов ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең - жырға жақын өскен ол он бес жасынан - ақ жас ақын , жап - жақсы ақын , Жамбыл ақын болып елге таныла бастады. Өзін шалқарда шалқыған аққуға теңеген ақын келмеді сасық, шалшық жерде қалғым деп жыр маржанын тере білді. Бір жағында қалың бұқара, бір жағында бай мен датқа тұрған ақынның алдында кімнің сөзін сөйлеу керек? деген замана сауалы тұрды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай, манаптарды шеней білді. Көріп отырғанымыздай Жамбыл да Абай тәрізді сол тұстағы ел ішіндегі толғағы жеткен әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті. Осының өзі Жамбылдың кедей - кепшіктің, бұқара халықтың жоғын жоқтағанын байқатады. Өмірінен үлкен орын алған Бұрым қыз туралы өлеңінен Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр дейтін ақын махаббатының сәтсіздігі байқалады. Дегенмен жас ақынның осы өлеңіндегі лашынға, ақ сұңқарға, тұлпарға, қорғасынға, қаңбаққа, құрыққа, құлынға теңеулерінен оның бейнелі сөйлейтіндігін байқау оңай. Дерексіз затты қазақ ұғымына түсінікті деректі заттарға теңеу арқылы бейнелі образдар ұсынды. 1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығына қарсы ұлт - азаттық көтеріліс болған тұста ақын Патша әмірі тарылды , Зілді бұйрық , Толғау атты өлең, толғауларын жазды. Жайылым жерлерден айырылған қазақ бұл тұста елден үдере көшіп Қытайға жер ауып жатты. Қазақстанның түкпір - түкпірінде патша жарлығына қарсы бой көтерулер болды, Қарақарадағы албандардың көтерілісі де осы тұста болып еді. Осылардың бәріне куә болған ақын ел өміріндегі ірі - ірі тарихи оқиғаларды шығармаларына арқау етті. Аталаған өлеңдері үшін біраз күн ақ патшаның тар қапасында тұтқын да болды. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста кедейге теңдік, әйелге еркіндік берілгеніне ақын да куә болды. Сондықтан да оның шығармаларынан ірі байларды конфискелеу, қосшы ұйымын құру, шабындық пен егістік жерлерді қайта бөлу, кеңес сайлауларын өткізу сынды саяси және мәдени науқандар кең орын алды. Осылардың бәріне куә болған ақын халқымен бірге қуанып, бірге шаттанды. Кедейлерге , Қазақстан тойына бұқараның жырын жырлады. Жамбыл жырларынан фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да орын алды. Бата өлеңінде жақсы сөз – жарым ырыс екендігін ескере отырып, Әумин деп қолыңды жай, Қабат тусын күн менен ай. Ақынның шығармаларынан ерекше орын алатын арнау өлеңдер. Олардың басым көпшілігі жекелеген адамдарға қаратыла айтылған арнаулар. Осылардың қатарында Кененге , Ғасем Лахутиға , Калинин ақсақалға , А. Пушкинге арнап жазылған Асқан бұлбұл , Пушкинге , Сүлеймен Стальскийге , т. б. жекелеген адамдар мен Қазақстан тойына , Амангелді тойына , Социалистік Қазақстан тойына , т. б. тойларға шашуын да атауға болады. Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын бар шерін өлеңмен шығара білді. Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде мүшелікке өткен Жамбыл есімін 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі шарықтатып, даңқын арттырып жіберді. Ол да басқа ақындар секілді өз заманының перзенті. Сондықтан еңбекші бұқараға теңдік алып келген Қазан төңкерісіне деген жүрек жарды қуанышын жасыруға болмайды. Күн көсемге деген бар жылы сөзі ақынның Туған елім , Халықтың сәлемі , Ұлы заң , Ленин , Орден алғанда , Қайта жасардым деген арнаған ақын шығармаларынан асқақ рух анық байқалады. Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы. Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! деп жеңіп кетеді. Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған Өтеген батыр , Сұраншы батыр атты дастандарының орны ерекше. Жетісу бойына кең тараған Өтеген туралы аңызға Жамбыл ақын жан бітіріп, оны қазақ әдебиетіне алып келді. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған жайма - шуақ өмірді іздеген Өтегеннің бақыт жолындағы ізденісі халықтың арман - тілегімен ұштасып жатты. Өтеген батыр туралы дастанда аңыз басым болса, Сұраншы батыр туралы дастанда тарихилық үстем. Қоқан хандығына қарсы Жетісу қазақтарынан шыққан батыр Сұраншы Ақынбековтың ерлік істері көңілге қонымды. Қазақ, қырғыз, өзбек халқы еңбекшілерінің ынтымағы арқылы адам баласы аңсаған азаттық нанымды бейнеленген. Осылардың қатарында Көрұғлының Жамбыл жырлаған нұсқасы мен Бақ, дәулет, ақыл атты аңыздарын да атауға болады. 1941 жылдың басында Кәрілік атты өлеңінде Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды деп кәрілікке мойын бере бастаған ақын 15 республикадан құралған мызғымас Кеңестер Одағына фашистік германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда қаламын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, Ата жаумен айқастық , Өлім мен өмір белдесті , Ленинградтық өренім! , Москваға , Аттан, батыр, ұрпағым , Кеңес гвардеецтеріне , Кеңес жауынгерлеріне , Майданға хат , Сыйлық , Тырналар қайтты көріңдер , Отан әмірі , Алынбас қамал , Балама хат , Воронеж батырларына , Ленин өреніне , Қамал бұзған қаһарман , сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Оның жырлары жыл құсындай болып майданға аттанды. Жауынгерлерге Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер деген ақын жырларында өршілдік рух басым. Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді. Ақын Мұнша жасқа келгенде, Не көріп, не білгеннен. Бір ауыз сөз айтылмай, Қалса – үлкен мін ақынға дей отырып, сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында көрген - білгендерін ой қазанында қорытып, өмір жайлы толғауларын жазды. Оның Замана ағымы , Туған елім , Менің өмірім атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жүз жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі - ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы - бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді. Ол толғауларында Қоқан хандығы, одан ақ патшаның қол астында отар болып, Қысым көрген, қырылған, Таланған да шабылған қазақ халқының аянышты тірлігі мен Қазан төңкерісімен келген теңдік пен бақытты өмірді Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда, Николай ұрған доптай тақтан ұшты. Жарқырап бостандықтан сәуле түсті – Жабырқаған халықтың көңілі өсті! деп жырлады. Жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, ХХ ғасырдың Гомері атанды. Ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты.
Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы - дәстүрлі ақындар айтысының озық үлгілерінің бірі. 1897 ж. ұлы жүз Албан руының жайлауында Шәрипа деген қыздың ұзатылу тойында өтеді. Осы тойда Қулмамбет Жетісу мен Ыстықкөлден келген 9 ақынды түгел жеңіп шығады. Жамбылмен айтысқа түскенде құлмамбет оны бірден абыржытып алу үшін кемсітіп, кедейлігін бетке басады, ал Жамбыл Албан елінің бір - неше бай - шонжарларын атап, сол мақтаулы байлардың кедейлердің табанақы, мандай терін жеп жүрген құлқын құмарлығын өшкерелейді. Ел қорғаған ерлігімен, кедей кепшікке қорған болған әділдігімен танылған халық батырлары — Қарасай, Сарыбай, Сұраншы, Сынатай, Саурықты дәріптейді. Сол кездің әлеуметтік - қоғамдық болмысын жан - жақты қамтып, замана шындығын толық жеткізген айтыстың мазмұны терең, тілі көркем. Әсіресе, ұтқыр теңеу, айшықты символ, аллегория, т. б. тілдік құралдар мол кездеседі. Айтыс 78 буынды жыр және 11 буынды қара өлең үлгісімен өрбіп отырады. Оның көркемдік ерекшеліктерінің бірі — екі ақынның сөздері ұзақ сүре жыр, монолог болып келуі. Айтыс ең алғаш 1931 ж. жарияланды, кейін бірнеше рет Жамбыл жинақтарына, "Айтыс" кітабына (1964) енді. Айтыстың толық нұсқасын Ш. Әбдікөрімов, С. Мүсірепов, ауылыТайшиев, Е. Қандеков, К. Әзірбаев, т. б. ел арасында жатқа айтып жүрген. Ақын өмірінің соңғы жылдарында тұрган уй. Қазір мунда Жамбылдың әдеби - мемориалдық мұражайы орналасқан. Айтыс үстінде халық атынан сөйлеп, халыққа арқа сүйеп отыратын Жамбылдың бұрынғы айтыстарының ішінде, әсіресе оның Құлмамбет ақынмен айтысы ерекше көзге түседі: жалпы сол кездердегі айтыстар сияқты, бұл айтыста да Жамбыл мен Құлмамбеттің әрқайсысы өз руларының атынан сөйлейді. Құлмамбет албан, дулат руларының атынан сөйлеп, сол руларының байлары мен билерін мақтайды. Жамбыл да өз руы атынан айтады, бірақ ол сөзін байлық, мол мүлікке қарай емес, адамгаршілікке, ерлік, әділдікке қарай бұрады. Сөйтіп, Жамбылдың айтысында ру мүдделерінен гөрі халық мүдделері тереңірек көтеріледі. Бұл айтыста Құлмамбет Шапырашты - кедей, Сұраншы, Саурық дегендердің ажалынан өлмей, жаудан өлгенін, өзің де кескінсіз екенсің деп сөгеді. Жамбыл оған Шапырашты елінің байлығын, Алматының салтанатын мақтай келіп, Сұраншы мен Саурықтың өлімі ерлік өлім екенін, ерлердің жорық тарихын зор мақтап, байлыққа батырлықты қарсы қояды. Батырлар елді жаудан қорғап өлетін болса, Құлмамбеттің ағасы Мақсұтты ағайындарымен ұрсысып, аяқ - асты даудан өлгендігін бетіне басады. Мені қара күңнің баласы деп кемсітесің, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың, басыңда бір тал қыл жоқ деп кемітіп жырлайды.
Құлмамбетке Жамбыл орынды, өтімді пікірмен шығады.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулыты айт
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт.
Жамбыл сөзі әрі дәлелді, әрі басым шығады да айтыста Жамбыл жеңеді.
ІV. Музыка тыңдау:
Құлманбеттің айтқаны
Құлмамбет менің атым — Құлан аян,
Менің құлан екенім тәңірге аян.
Албан, Дулат жиналып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян.
Қара күңнің баласы Ысты бақыр,
Кім өлсе соған түсер заманақыр.
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса ол неме қайда жатыр?
Бүгінгі күн елеусіз қалғанменен,
Ертеңгі күн шаужайдан алар ақыр.
Сейтбаттал, Ерәлінің соғысындай.
Не болса да болайын, жылдам шақыр!
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды?
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Жамбылдың айтқаны
Қызғанша айғай шығып, едім салғыр,
Сөйлесең, әр немені тілің шалғыр;
Келген жерден сөйлейсің тура тістеп,
Қалайша шайқақтайсын, тәңірі алғыр?
Сөйлесем өлеңімді түптен бермен,
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден.
Мылтықта түтеп тұрған мен бір оттық.
Асықсақ ажалыңа, келші бермен.
Шүу десе, жүйрік озар мынау жолдан,
Демей көр, ескі аруақ алып қолдан.
Қарасай дем бере гөр, менің бабам,
Сөйлейін будақтатып оң мен солдан.
Құлмамбет, сен жақсы да, мен жаман ба?
Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?
Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсіқ бас аманға!
Ұша алмай қара бүркіт қалықтамай,
Құлмамбет, сөз сөйлейсің анықтамай
Айтатұғын кісінін, өзіне айтқын
Делбе сүзек кісідей шалықтамай!
Ерлігім ерлігіңе деп келеді,
Байлығыңа байлығым еп келеді.
Кісіні дым білмейтін тапқандай - ақ,
Есіріп көрген жерден ентеледің.
А, Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсеқ, ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жүғады,
К, аран, ғы түнек түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кеті
Тауды да халық мекендер,
Кесірін, жұғар, Құлмамбет,
Қу пәлекет арман кет!
Таз Құлмамбет сен болсақ,
Мен де алдыңа тартайын
Мақтан қылар жайымды,
Арқаларсың уайымды,
Ел байлығын қаптатсам,
Болатын әлі - ақ тойың бар.
Жылқысынын, бір шеті
Алматының, өзінде,
Бір шеті Қарақыстақ,
Кәстектің кемерінде,
Несі болмас құданың берерінде?
Бұған қайтып жетесің,
Жалған сөйлеп не керек,
Айтайын сөздің төтесін.
Жылқысының шетінен
Жарамды атпен сабаулап,
Он күнге әрең етесің.
Мұғалім: Балалар! Енді Жамбыл атмыздың Балаларға арнауын тыңдайық!
V. Әндету:
Балаларға
1. Балалар, аманбысың, шырақтарым,
Майысып көлге біткен, құрақтарым!
Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын.
Ішінен асып кетсе, бір аптаның.
2. Қонаққа келді, міне, Жамбыл атаң,
Сан жылдар жүк көтерген бүкір жотам,
Қарт бабаң дәуіріне мейіріне қанған,
Қуанып жастығына сендей, ботам.
3. Білемін өмірлерің тұрған жайнап,
Күндіз - түн жастық үшін жарық сайлап.
Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су –
Бәрі де сендердікі әлемге айғақ...
VІ. Дауыс ашу:
Мұғалім: Балалар! Енді біз сендермен дауыс ашу жаттығуын жасаймыз.
Біз до мажор (G - dur) гаммасын әндетуді білеміз, балалар! Олай болса дауыс ашу жаттығуы ретінде до мажор (G - dur) гаммасын ля - ля буыны арқылы әндетейік!
Ля – ля – ля – ля – ля – ля – ля – ля ля – ля – ля – ля – ля – ля – ля - ля
Мұғалім: Енді, біз келесі жаттығуды ми - ми буынымен айтамыз!
Ми – ми – ми – ми – ми ми – ми – ми - ми – ми
VІІ. Әндету:
Әнді бастар алдында алған демді сөйлем біткенше жеткізе біл!
Дыбыстың таза анық шығуын қадағала!
Ән мәнерлі шығу үшін а, о, у, и, е дауысты дыбыстарын анық шығар!
Ән ырғағын бұзбай айтуға тырыс!
Әнде жазылған динамикалык шартты белгілерді сақта!
Бүгін қай күн?
Өлеңін жазған: Ш. Мұхамеджанов
Әнін жазған: С. Мұхамеджанов
- Бүгін қай күн?
- Дүйсенбі.
- Ертең қай күн?
- Сейсенбі.
- Оят онда Дүйсенді,
Оят онда Сейсенді,
Сабағынан қалмасын
2.- Бүгін қай күн?
- Сәрсенбі.
- Ертең келер
- Бейсенбі.
Шақырайық Сәрсенді,
Шақырайық Бейсенді,
Ренжіп бізге қалмасын.
3 - Бүгін қай күн?
- Жұма ғой.
- Ертең қай күн?
- Сенбі ғой.
Тұрсын онда Жұмажан,
Тұрсын онда Сенбіжан,
Ұйықтап олар қалмасын.
4 - Бүгін қай күн?
- Жексенбі
- Демалыс та тез келді!
Оят онда Жексенді,
Дүйсен, Сейсен, Сәрсенді,
Асыр салып ойнасын.
VІІI. Қорытындылау:
Тірек сызбамен жұмыс
- Жүз жасаған айтыс ақыны
- Суырып салма ақын
- Дастаншы
- Поэзия алыбы
- Қазақтың Гомері
Мұғалім:
Сиынып аруағына бабамыздың,
Киесін ұққандаймын даламыздың.
Жырлары - шежіресі еліміздің,
Сырлары - сағынышы санамыздың.
IХ. Үйге тапсырма:
Жамбыл Жабаев туралы түсінік айту.
Балаларға әнін жатқа әндету.
Айтыс өнері тарауын,
Қайталаңдар, пысықтап.
Өздеріңде ақын боп
Төрт өлең жол кел, құрап!