Тәрбие сағатының тақырыбы: Сыр сүлейін сұрасаң.
Мақсаты: Өскелең ұрпақты жыраулық өнермен сусындатып, насихаттаушыларды кеңінен таныстырып, дәріптеу.
Жыраулық өнер айтыс өнері сияқты бір кездері халық сахнасынан өтіп бара жатқандай күй - кешіп еді. Бүкіл қазақ әдебиеті мен мәдениеттің негізі болған, қазіргі поэзияға мағыналық, тапқырлық, философиялық тереңдік пен алуан түрлі теңеулер мен бояулар берген жыраулық өнер сол бойы ұмытылып кеткен болса, халық болмысының үлкен бір ұстанымы құлап түскен болар еді. Бірақ сыр өңіріндегі жыраулық мектеп кеңес үкіметі кезінде де халық өнерінің қайнар көзінің бітеліп қалуына жол бермеді.
Сыр өнеріндегі жыраулық өнер ол қазақ өнерінің басқа түрлеріне ұқсамайтын дауыс мақамы мен көмей дыбыстары арқылы өлең мәтіндерінің ішкі, сыртқы ұйқастарымен формаларымен тереңдете түсу арқылы әрі поэтикалық, әрі артистік өнерді ұштастыра білген айрықша жанр. Адамзат өркениетінің жер бетіндегі архитектуралық ғажайып қалдықтары - Мысыр пирамидалары мен Вавилон мұнаралары сияқты, эпикалық өнер иелері де өз ұрпақтарына миллиондаған мол жыр мұраларын мақам, саз, ән, әуен жөргегіне орап, аманатқа қалдырып отырады.
Қазақ даласындағы жыраулық дәстүр де атадан балаға жалғасқан мұрагерлік сипатта дамып, қасиетті өнердің алтын тін, арқау жібін үзбей бізге жеткізді. Елдің ертеңі ертегіден тұрмайды. Өнер, бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең.
Өнердегі дәстүр жарасымы мен жалғасы жаңа мазмұнмен байып, келер күндерге ұласып барады. Өмірдегі көптеген құбылыстардың ғұмыры кезеңдік, уақытша ғана. Ал өнердің, ұлттық дәстүрлі өнердің өзгешілігі - өміршеңдігінде.
Сыр бойы біріне - бірі өмірде жол, өнерде қолберген талай аты шулы сыр сүлейлері шыққан өңір.
Сүлейлердің ізімен жүріп, жыраулық өнерді өмірінің өзегі еткен, халыққа дәріптеп, шәкірттер тәрбиелеп жүрген жырау ағамыз Айбек Тәңірбергенов пен шәкірті Еркебұлан Шынжановты ортаға шақырамыз.
Айбек Тәңірбергенов – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Арал кеңшарында1973 жылы ақпан айында дүниеге келген. Алғашқы ұстазы өз әкесі Жақсан. 1993 жылы музыка мектебінде терме класынан сабақ берген. 1996 жылы Ж. Жабаевтың150жылдық мерейтойына арналған облыстық термешілер байқауынан І орын, 1999 жылы Қорқыттың 1300 жылдығында аймақтық жыраулар сайысының екінші орын жүлдегері. 2000 жылы Қорқыт ата университетінде жыр кафедрасына қабылданды. 2001 жылы Шымкентте Шалқар термесі атты республикалық байқаудан ІІ орын иеленген. 2001 жылы Қызылорда облыстық Ғасырлар Үні байқауының арнайы Нұртуған ақын атындағы сыйлықпен марапатталды. 2003 жылы республикалық Ғасырлар үні байқауынан ІІ орын иеленді.
Еркебұлан Шынжанов Тұржанұлы 1985 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. 2003жылы Қорқыт ата атындағы университетіне қабылданып, 2007жылы Дәстүрлі өнер жыр мамандығы бойынша тәмамдады. Нұртуған атамыз жыраулықты кәсіп етіп, халыққа жырау атанбаса да ұрпағына Нұртуғанның жыраулық мектебі деген ат қалдырған. Аралдың ақ иық ақыны Нұртуған ұлы Абайды пір тұтып Ақ кете Шернияз, кердері Әубәкір, Құрманай Төремұрат, Жақайым Еспенбеттерді ұстаз санаған. Ақынның шығармашылығының тақырыбы әр қилы сан алуан. Осы Нұртуған атамыздың жырларына кезек берейік.
1. Нұртуған - Құлақ салып сөз тыңда . Орындайтын Айбек Тәңірбергенов.
Айбек ағамыз бүгін Сыр сүлейлерінің термесін орындайды. Қабыл алыңыздар.
Ерімбет Көлдейбекұлы ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы дараланып тұратын ірі ақын. Ол Шығыс әдебиетінің немесе халық аузындағы ертегі, аңыз әңгімелердің үлгісінде ғибраттық, үгіттік жыр жазудың шеңберінде тұрақтап қалып қоймай асқан дарынды шайыр атанды. Оның жазған өлеңдерінің бәрі дерлік бір мақсатқа негізделіп, терең ойға, көңілді оятатын сырға, келешекке көз жіберуге итермелейтін астарлы меңзеуге құрылған.
Олай болса енді Қарасақал Ерімбет атымыздың жырына кезек берейік.
2. Айтамыз сөздің төтесін Қарасақал Ерімбет. Орындайтын Айбек Тәңірбергенов.
Базар жырау – Сыр сүлейлерінің бірегейі, суырып салма ақиық дүлділ ақын. Шығармаларының мазмұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шындығынан туған. Кезінде С. Сейфуллин: Базар жырау - Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы - деп бағалаған болатын. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына да ұқсамайды. Базар жыраудың шығармаларына кезек берейік.
3. Терме. Базар жырау. Орындайтын Айбек Тәңірбергенов.
4. Жыр бастау. Орындайтын Еркебұлан Шынжанов.
5. Дәл осы орындауда Нұртуғанның термесі Көрінбес айдың жүзі .
Құрметті көрермендер ендігі терме Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығынан болғалы отыр. Мұрат Мөңкеұлы 19 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақындардың ішіндегі ең көрнектілерінің бірі және айтыс өнерінің асқан шебері.
6. Мұраттың термесі Мұраттың топқа түскендегі толғауы . Орындайтын Еркебұлан Шынжанов.
Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек жасаған қазақ ақындарының бірі – Тұрмағанбет Ізтлеуов. Оның ақындығының шыңы - қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан Фирдоуси Шахнамасының 40мың жылдық аудармасы. Тұрмағанбеттың шығармашылығы сан алуан. Ол поэзияның барлық жанрына қалам тартқан ақын.
7. Келесі кезек Айбек ағай өзіңізде. Құрметті көрермен қауым Тұрмағанбет атамыздың жырын тыңдайық.
8. Сәрсенбай Бөртебайұлы ел аузындағы тарихи, оқиғалы әңгімелерді өлең түсіріп, Жүсіп Ахмет , Мақпал сегіз қиссаларының өз вариантын ұсынған. Бұлардан басқа Адалдық , Мың бір түн хикаяларының ізімен Ақ болсаң ант ішпен қиссасын жазған. Сәрсенбай атамыздың жырына кезек берейік.
С. Бөртебайұлы Өмір өткелдері Орындайтын А. Тәңірбергенов.
Жырау - қазақ мәдениетін даралайтын, ерекшелейтін атау. Ол күні өткен мәдени құбылыс емес, әлі күнге жалғасын тауып, айтыс өнері секілді қайта жанданып, түлеп келе жатқан өнер саласы. Бүгінгі кешіміз соның айғағы. Бұл өлмес мұра, өнегелі өнер. Оның өніп - өсіп, биік өреге көтеріліп отырған аймағы - осы Сыр елі.
Олай болса кешімізде соңына таяп келеді. Бүгінгі кешіміздің қонақтарына үлкен рахметімізді айтамыз. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, халқымыздың мұрасын дәріптеп, болашақ өсіп келе жатқан жеткіншектерге үлгі болып, халықтың қошеметіне ие болып жүре беріңіздер.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті,
Қазалы аудандық балалар әуез мектебінің
Терме класының оқытушысы
Бисембаева Сандуғаш Алашыбайқызы