Бүгінгі сайыстың шарттары

Скачать

Мақсаты: Оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын арттыру, қазақ халық аспаптары жайында мәлімет беру;
Көрнекілігі: Қазақ ұлттық аспаптардың тарихына арналған газет, ұлттық аспаптар, слайд.

Мынау саз — шыққан үндей шыңыраудан
Біреуге мұң батқандай ыңыранған
Қамыққан, жабырқаған қам көңілді
Бір үміт шақырғандай күліп алдан.

Өзінің сылқым сазды тынысында,
Сиқыр бар сыңғырындай күміс сырға.
Әлде бұл айдын көлде шерулеткен
Ерке аққу қанатының сусылы ма?

Бүгінгі болатын Қазақтың ұлттық саз аспаптары атты сайысқа қош келдіңіздер!
Қазақтың саз аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көнеден келе жатқан мәдени мұралардың бірі. Ертеде саз аспаптарды ағаштан, түрлі өсімдіктерден, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан және басқа да түрлі заттардан жасаған. Халқымыздың жыр аңыздарынан, дастандарынан және өткен ғасырлардағы саяхатшылардың, ғалымдардың еңбектерінен көне аспаптардың сипаттамаларын, суреттерін кездестіреміз. Қазақтың музыка аспаптарын Мәскеу, Санкт - Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларынан да кездестіруге болады. Осы кезде байырғы аспаптардың түрлері 20 - дан аса болғандығы анықталып отыр. Ертеде музыка аспаптарын жұртқа хабар бергенде, аңшылар құсты, аңды үркіткенде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салғанда пайдаланған.

Ұлттық саз аспаптарымызды есімізге түсіру үшін слайдқа назар аударайық.
Асатаяқ - сілку арқылы үн шығаратын көне музыкалық аспап. Ұзындығы - 110 - 130 см. Тұтас ағаштан арнайы қалыпта жасалады. Басы күрек тектес. Бас жағына түрлі темір сақиналардан сылдырмақтар тағылып, өрнектермен әшекейленеді. Асатаяқ өзіндік үнімен ерекшеленеді. Аспапты ырғап, шайқап ойнайды. Асатаяқ аспабын ертеде көбінесе бақсылар қолданған. Қазіргі кезде көне үлгілері қайта жасалып, ұрмалы музыкалық аспаптар тобына қосылды.
Домбыра - қазақ халқының арасына өте ерте және кең тараған, ғасырлар сырын сақтаған қос ішекті, шертіп ойнайтын музыкалық аспаптың бірі. Өзіне тән ерекшелігі бар, ішекті - шертпелі аспаптар тобына жатады. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құралып жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Арнайы құлақ күйге келтіріледі. Домбыраның екі ішектісінен басқа да үш ішекті, қос жақты, кең шанақты қуыс мойын, шіңкілдік деп аталатын түрлері де бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.
Дауылпаз - ұрып ойналатын көне музыкалық аспаптың бірі. Халық тұрмысында кеңінен қолданылған. Әсіресе, бұрынғы кезде, жаугершілікте дабыл қағып, белгі беру үшін пайдаланылған. Аспаптың жасалу құрылысы анағұрлым күрделі. Ол тұтас ағаштан ойылып жасалады. Бет шанағы терімен қапталады. Иыққа асып алу үшін қайыстан арнайы аспалы бау бекітіледі. Дауылпаз ағаш тоқпақпен ұру арқылы дыбысталады. Қазіргі кезде дауылпаз аспабы көптеген фольклорлық ансамбльдерде кеңінен қолданылып жүр. Дауылпаз тектес аспаптар түрлі атпен басқа халықтарда да кездеседі. Айталық, өзбек халқында "Тәбльбасс", қырғызда "Доолбас" деп аталады.
Жетіген - қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жеті ішекті шертпелі музыка аспабы. Аспап ағаштан құрастырылып жасалады. Құрылысы өте қарапайым. Жетіген аспабы талай жүздеген жылдар өтсе де, баяғы қарапайым күйінде. Жетілдірілген түрінде он үш ішек байланып, арнайы тиектер қойылған. Аспаптың үні өте нәзік, құлаққа жағымды. Ел арасында аспаптың шығуы жайында көптеген аңыздар айтылады. Сол бір аңыздың бірінде: өткен заманда өмір сүрген бір қарияның жеті баласынан айырылған қасіретті қайғысынан туындаған деседі. Бізге "жетіген" деген атау осылай жеткен. Қазіргі кезде жетіген аспабы көптеген ансамбльде ойналып, кеңінен насихатталып келеді.

Бүгінгі сайысқа 6 - 7 - сынып оқушылары қатысады.

Домбырам жүрегіммен үндес едің,
Сеніменен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.

Бұл ішектің бірін тартып, бірін сәл - пәл кем бұра,
Қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ домбыра! -- деп Домбыра тобын ортаға шақырамыз!
Япырау, қобыз үні нәзік қандай,
Сұлудың назы ма әлде жазық маңдай?
Әйтпесе ғазиз ана әлдиі ме,
Тыңдайсың құдіретіне қағып таңдай;- дей келе Қобыз тобын ортаға шақырамыз!
Ендеше сайыс қатысушыларымен таныс болсаңдар, сайыс шарттарымен таныстырып кетейін.
Бүгінгі сайыстың шарттары:

1. Таныстыру
2. Сұрақ жауап
3. Үйге тапсырма
4. Тапқыр болсаң тауып көр
5. Шынжыр өлең

Бүгінгі сайысымызды бағалайтын әділ қазылармен таныстырып өтейін:
Ал, қатысушылар дайын болсаңдар сайысымызды бастайық.
1. Таныстыру: Бұнда әр топ өзін таныстырып өтуі тиіс!
2. Сұрақ жауап: (ортадағы қағаздардан кезек - кезек алып сұрақтарға жауап береді)
Үрлемелі аспаптарды айтып беріңдер?
Оркестрді кім басқарады? (Дирижер)
Домбыраның құрылымын ата: Басы, құлағы, пернелері, мойны, ішек, тиек, шайтан тиек, шанағы, беті, түймесі.
Тілшікті аспапты ата?
Жұмбақ: Бас, құлақ, мойыны бар,
Дөңгелек шанағы бар.
Ысқышпенен ысқанда,
Ыңыранып шығар сазы бар. (Қобыз)
Саз аспабында күй шертетін адамды кім деп атайды? (Күйші)
Жұмбақ: Тілшікті аспап
Қобыздай асқақ.
Ерекше үні бар,
Бұл қандай аспап. (Шаңқобыз)
Дауылпаз, дабыл қандай аспаптар тобына кіреді? (Ұрмалы аспаптар тобына)

3. Үйге тапсырма. Домбыра және қобыздың суреттерін салып келу
4. Тапқыр болсаң тауып көр. Күй тыңдалады: Кімнің күйі және атын табу керек:
1. Құрманғазы Балбырауын
2. Қазақ халық күйі Кеңес
3. Тәттімбет Сарыжайлау
4. Құрманғазы Адай
5. Ықылас Жезкиік
6. Дәулеткерей Қосалқа

5.. Шынжыр өлең: Бір топ бір шумақ өлең оқиды, оқып болған сәтте 2 - топ шумақтың соңғы сөзінің соңғы әрібінен басталатын өлең шумағын айтып жалғастырып кетуі керек. Таба алмай іркіліп қалған топ жеңілген болып саналады.
6. Қазақтың ұлттық саз аспаптарын ата.
7. Қорытынды.
8. Марапаттау!


Скачать


zharar.kz