Біріккен сөзден тұратын адам аттарын жаз

Скачать

Батыс Қазақстан облысы
Тасқала ауданы Ы.Алтынсарин мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Кожагалиева Айнур Набигалиевна

4 сынып
Тақырыбы: Біріккен сөз
Мақсаты:
Білімділік: Біріккен сөздердің екі түбірдің бірігуі арқылы жасалып, тұтас бір ұғымды беріп, бір сұраққа жауап беретінін ұғындыру. Сөйлем ішінен біріккен сөзді таба алуға, әр түрлі түбірлерден біріккен сөздер жасай алуға үйрету.
Дамытушылық: Оқушылардың ауызша және жазбаша тілдерін, шығармашылық қабілеттерін дамыту, іскерлік дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелігі: Ұжым болып жұмыс жасата отырып ұқыптылыққа, достыққа, бірлікке, әрі көркем жазуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндіру,дәлелдеу.
Сабақтың көрнекілігі: слайд, интерактивті тақта, суреттер, оқулық, кесте, бағдаршам түстері
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі:
1. Сабаққа оқушылардың дайындығын тексеру.
2. Жүректен-жүрекке тренингі: бір-біріне сәттілік тілету, гүл ұсыну.
3. Поэзия минуты: Қазақ тілім – ол менің ана тілім!
Қазақ тілім– байсалды баба тілім!
Сол байлықтан аз емес алатыным,
Болашағым, бақытым, дара тілім!

ІІ. Психологиялық дайындық: Бағдаршам ойыны
- Үй тапсырмасына дайындығың қалай?
Жасыл түс - жақсы дайындалып келдім
Сары түс - дайындалдым, бірақ өзіме сенімсізбін
Қызыл түс - дайындығым нашар

ІІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
Тест жұмысы жауап парағы үлестіріледі , жауаптарын сәйкестендіру қажет
1. Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді не дейміз?
А) дара сөз Б) күрделі сөз С) сөз тіркесі
2. Күрделі сөздер не арқылы жасалады?
А) түбірлердің тіркесуі, бірігуі, қосарлануы арқылы Б) сөйлемнің дара мүшелері арқылы
С) сөз тіркестері арқылы
3. Күрделі сөз неше сұраққа жауап береді?
А) бір
Б) екі
С) сұраққа жауап бермейді
4. Екі түбірдің бірігуі арқылы жасалған сөзді тап:
А) өркеш-өркеш
Б) қызыл ала
С) қараторғай
5. Күрделі сөзді анықта:
А) достық
Б) ата-ана
С) мектеп
Үй тапсырмасын қорытындылау: 1. Күрделі сөз дегеніміз не?
2. Неше сұраққа жауап береді.
3. Күрделі сөзге мысалдар келтір.
ІV. Жаңа сабақ:
1) Мағынаны тану. Ойнайық та, ойлайық. ребус шешу
Ай+гүл
түйе + құс
жол +барыс
-Сөздерді жазу, берілген сөздерді сөз құрамына талдау, әр сөздің неше түбірден құралғанын анықтау.Дәлелдеу.
2) Ереже : Екі не одан да көп түбірден бірігіп, тұтас бір ұғымды білдіретін күрделі сөздер біріккен сөз деп аталады. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады. Мысалы: асқабақ, қосаяқ, Алатау, Айдос, Сарыағаш т.б.

3) Кім тапқыр?
Тапсырма: Біріккен сөздердің арасына “+” таңбасын қойып жаз.
- Алты+бақан, жар+қанат, кемпір+қосақ, жеті+қарақшы, бал+мұз+дақ, орам+жапырақ.
4) Терме диктант: Өтірік өлең.
Сужыланға емделген,
Тасбақаны қарсы алдым.
Итмұрынға жемделген,
Таскенеге ер салдым.

Темірқазыққа мініп ап,
Аспанды мен шарладым.
Алатаудың шыңына
Құлап қала жаздадым.

5) Жұбыңды тап ойыны:
берілген түбір сөздерден біріккен сөз құрастыру, тапсырманы орындау
тас, шаң, көк, қу, сорғыш, жиек, бақа, ақ
- шаңсорғыш (қандай түбірлер арқылы жасалған), көкжиек (сөйлем құрастыру), тасбақа (қай сөз табына жатады), аққу (дыбыстық талдау жасау)

6) Сөз ойла, тез ойла
І топ: Біріккен сөзден тұратын қала аттарын жаз.
ІІ топ: Біріккен сөзден тұратын адам аттарын жаз.

7) Оқулықпен жұмыс. 5-жаттығу - Сәйкестендіру тесті: “Менің бағытым”
1. Өнер - сөз
2. Қол - мұрын
3. Ит - кәсіп
4. Күзді - басшы
5. Баспа - күні

8) Кім жылдам? шарада шешу
1) Бірінші түбір сөз – түс,
Екінші түбір сөз – құс.
Екі түбір сөзді қоссаң,
Шығады тағы құс. (қараторғай)
2) Бірінші түбір сөз – сан,
Екінші түбір сөз – сұйық зат.
Екеуін қосып оқысаң,
Жерге қойылатын ат. (Жетісу)

9) Шығармашылық тапсырма. Кестені толтыру.

Өсімдіктердің аты----Құстардың аты-----Таудың аты
Алабота--------------Қараторғай ----------Алатау
Саңырауқұлақ-----Аққу------------------Қаратау
Итмұрын -----------Жарқанат -------------Ешкітау
Жолжелкен--------Түйеқұс----------------Ақтау
Қырыққабат-------Күркетауық-----------Сарыарқа

V. Сабақты қорытындылау: 1) Сиқырлы фигура
1. Алтыбұрыш - Біріккен сөз дегеніміз не?
2. Тік төртбұрыш - Біріккен сөздер қалай жазылады?
3. Үшбұрыш - Өзіңнің күшігіңе біріккен сөз болатын қандай ат қояр едің?
4. Бесбұрыш - Тырсылдап түседі, жер бетіне жетеді. Жер бетіне жеткен соң, Ғайып болып кетеді. Ол не? (Бұршақ)
5. Төртбұрыш - Байқоңыр сөзін сөз құрамына талда. Неше түбірден құралған?

2) Бағдаршам ойыны: - Бүгінгі сабақ саған ұнады ма?
Жасыл түс – өте жақсы ұнады
Сары түс – жақсы, бірақ мен өзімді көрсете алмадым
Қызыл түс – ұнаған жоқ

VI. Бағалау : бағаларына сәйкес біріккен сөзден құралған фигуралар үлестіру.
“Үш” дегенім – орта баға, үшбұрыш
Сапасы да орта ғана.
“Төрт”дегенім - жақсы баға, төртбұрыш
Алады оны жақсы бала.
“Бес” дегенім - үздік баға, бесбұрыш
Оқитын бол үздік қана.

VII. Үйге тапсырма: Күнделікті енді ашайық,
Үй тапсырмасын жазайық.
Біріккен сөзден алған білімді,
Ұмытпай есте сақтайық!

1) 2- жаттығу, 66 бет
2) Біріккен сөз болатын Орал қаласының аудандары мен Тасқала ауданының
ауыл атауларын жазу.

- Сабақ аяқталды.
- Сау болыңыздар!


Скачать


zharar.kz